Әлем жылдам өзгере бастады, ал қайта бағдарлану қабілеті бәріміз үшін үйреншікті жағдайға айналуы керек. Қазақстанда пандемия басталмай тұрып-ақ өндірісімізді қайта бағдарладық. Вирус Қытай мен Еуропа елдерінде белсенді түрде тарала бастағанда, бактерияға қарсы матадан қайта қолдануға болатын маска үлгілерін жасадық. 20 наурызға дейін қаладағы дәріханалардың негізгі желісін аралап, өз өнімімізді ұсындық. Осылайша карантинде дәріханалармен алғаш жұмыс істей бастаған өндірушілердің біріне айналдық. Наурыздың соңынан сәуірге дейін тек маска тігіп, 300 мыңнан аса данасын шығардық. Бұл біз үшін азаматтық ұстаным да еді, ел маска таппай қиналғанда олардың керегін тауып беру маңызды болды.
Нарықтық сұранысты ескере отырып, жаңа бағытқа бет бұрдық. Ол бағыт Family Sport деп аталды. Бұл бізге карантиннен қомақты шығынсыз, аман-есен шығуға көмектесті. Өйткені ересектерге арналған киім сегментінде баға жоғары екені белгілі. Адамдар үйде, отбасымен отырғанда өздеріне ыңғайлы заттарды сатып алды. Бүгінгі таңда карантин жағдайында бұл бағыт біздің сату көлеміміздің 40%-ін құрайды. Карантин кезінде біз 40% ұлғайдық деп айта алмаймын, балалар киімдерінің сатылымы күрт төмендеді, бірақ біз жаңа сұраныс алаңын таптық.
Киім сегментіндегі онлайн-сауда алдағы 3–5 жылда ұлғаяр деп болжаған едік. Бірақ пандемия барлық онлайн-сатылымдарды екі апта ішінде іске қосты. Әрине, біз инстаграм арқылы белсенді сатылым бастадық. Сонымен қатар онлайн-сауда алаңын бөлек атап өткім келеді, атап айтқанда kaspi.kz. Ол республикадағы барлық сауда орталықтарының бәсекелесіне айналды. Оған қоса ресейлік Wildberries сайтына да кірдік. Болашақ онлайнда екен сөзсіз.