Loading
Loading
0%
Меню
Поиск
Избранное
Manshuq LogoManshuq Slogan
Волна
Расскажи историю
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкастыСпецпроекты
Manshuq Logo
«Екінші ана», «ақылшы», «қамқоршы»: біз неге мұғалімдерден шексіз әрі шартсыз махаббат күтеміз?
Карьера

«Екінші ана», «ақылшы», «қамқоршы»: біз неге мұғалімдерден шексіз әрі шартсыз махаббат күтеміз?

7 мин.
05.10.2026
7 мин.
05.10.2026
Manshuq
Manshuq

Мұғалімдер күнінде ұстаздарға алғыс айтып, олардың мейірімі мен қамқорлығын жиі еске аламыз. Бірақ неліктен біз мұғалімнен білім беріп қана қоймай, әр оқушыға жанашыр болып, қолдау көрсетуін де күтеміз? Manshuq авторы Құралай Жарқымбаева ұстаздар еңбегінің көп айтыла бермейтін қыры туралы ой қозғайды.

Құралай Жарқымбаева 10 қазан 2026

Бір күні бесінші сынып оқушыларым бұртиып отырып алды.

— Неге сіз кешке серуенге жұбайыңызбен, құрбыңызбен шығасыз да, бізбен шықпайсыз?
— Балалар, менің де жақындарым бар ғой. Сендермен күндіз серуендедік қой, – дедім.

Сонда біреуі маған тіке қарап:

— Біз сонда кімбіз? – деді.

Не дерімді білмей қалдым. Олар мені жұбайымнан қызғанып отыр екен. Бұған күліп, қоя салуға да болар еді. Бірақ сол сұрақ ойымнан кетпей қойды. Ойланып қарасам, балалардың сөзінде үлкен шындық бар екен. Олар мені жұмысқа келіп-кететін адам ретінде емес, өздерінің жақын адамы ретінде қабылдайды. Сонда арамыздағы бұл байланыстың аты не? Жұмыс па, әлде жақындық па?

Food Vintage GIF by Archives of Ontario  Archives publiques de l'Ontario.gif

Мұғалімнің мейірімі, зейіні, уақыты, балаға деген назары – оның жұмысының бір бөлігі. Бірақ біз мұны жұмыс деп қабылдамаймыз. Оның екі себебі бар. 

  • Мейірімділікті адамның бойындағы қасиет деп санаймыз. «Жүрегі жылы жан», «баланы жақсы көреді», «жаратылысы солай» дейміз. Ал ақы адамның қасиетіне емес, кәсіби дағдысына төленеді.

  • Сол қасиетті бірден туыстық рөлмен байланыстырамыз. «Екінші ана», «үлкен аға» дейміз. Ал жақын адамның қамқорлығын еңбек деп санап, оған ақы төлеу керек деп ойламаймыз.

Финляндияда Салла Мюйрю мен әріптестері 142 мұғалімнен сұхбат алып, қызық нәрсені байқаған. Зерттеуге қатысқан мұғалімдердің өздері қамқорлық пен жақындықты ананың рөлімен тығыз байланыстырады екен. Ал белгілі бір нәрсе ананың рөліне байланған соң, ол еңбек ретінде қабылданбай қалады. Қамқорлық пен мейірім ананың парызы, оның рөлінің жалғасы ретінде көрінеді.

Мен мұғалімдердің баласымын. Әкем де, анам да өмір бойы мемлекеттік мектепте жұмыс істеді. Үлкен әулетімізде ұстаз көп. Бала кезімде Талғат ағамыздың үйлену тойында болдық. Мен оны алыс туысымыз шығар деп ойлайтынмын: ол кейде біздің үйде тұратын, ерекше диета ұстайтын, тұздалған айран ішетін. Оның туысымыз емес, әкемнің шәкірті екенін кейін ғана білдім. Анам информатикадан сабақ берді. Өзі қатал, талабы жоғары еді. Менің достарым, яғни оның шәкірттері: «Анаң мектептегі мұғалімдердің көбінен қатал болатын, біз одан қаймығатынбыз», – деп айтатын. «Мейірбан ұстаз» деген бейне оған мүлде жараспайтын. Сонда да ол ешбір қағазда жазылмаған жұмысты істеді. Балаларға мектепке тәтті апаратын. Оқушыларының футбол ойынына барып, жанкүйер болып отыратын. Кейін маған: «Балалар менен соны күтетін», – деді. Мен осы сөзге жиі ораламын. Егер қамқорлық адамның жұмсақ мінезінен туатын болса, қатал адамның бойында ол қайдан пайда болды? Демек, мұның себебі мінезінде емес, мұғалім болғанында. Бұл байланыс бір сыныппен немесе бір оқу жылымен де бітпейді екен. Жақында әкем ауырып қалғанда, өзінің жаттықтырушысы, нақтырақ айтсам, әлдеқашан зейнетке шыққан қария көңілін сұрап, қасына келіп отырды. Арада қанша жыл өтті десеңізші.


Myyry_Salla_Kuva_Raija_Torronen_behandlad-1024x682.jpg
Салла Мюйрю (фото: Райя Тёррёнен)

«Мейірім – әйелдің туа біткен қасиеті» деген түсінік кәсіпке зиянын тигізеді

Себебі мейірімді туа біткен қасиет деп санасақ, оның артындағы білім де, дағды да, еңбек те елеусіз қалады. Қамқорлық – адам үйренетін, тәжірибемен қалыптастыратын кәсіби дағды. Британдық ғалым Мари-Пьер Моро «Teachers, Gender and the Feminisation Debate» атты кітабында осы мәселені көтереді. Қамқорлық пен мейірімді адамның мінезі емес, кәсіби еңбегінің бір бөлігі деп қарасақ қана, оған жұмсалған еңбек көрінеді. Ал еңбек бар жерде оның өтеуі де болуы керек.

Marie-Pierre_Moreau.jpeg
Мари-Пьер Моро

Мұғалімдерден «Сіз не үшін ақы аласыз?» деп сұрасаңыз, жауабы дайын. Сабақ сағатына. Дәптер тексеруге. Кабинет меңгеруге. Үйірмеге. Сынып жетекшілігіне. Ал тұздалған айран, футбол ойыны, түнде ұйқы қашырған уайым бұл тізімде жоқ. Америкалық психолог Элисон Гопник осы құбылыс Мұғалімдерден «Сіз не үшін ақы аласыз?» деп сұрасаңыз, жауабы дайын. Сабақ сағатына. Дәптер тексеруге. Кабинет меңгеруге. Үйірмеге. Сынып жетекшілігіне. Ал тұздалған айран, футбол ойыны, түнде ұйқы қашырған уайым бұл тізімде жоқ. Америкалық психолог Элисон Гопник осы құбылыс. Білімі, тәжірибесі мен жұмысының күрделілігі бірдей адамдарды салыстырғанда, қамқорлық саласында жұмыс істейтіндердің табысы төмен екені анықталған. Ал ең үлкен айырмашылық мұғалімдер арасында байқалған: әйелдер 19 пайыз, ерлер 23 пайыз аз алады. Яғни мұнда адамның жынысынан гөрі атқаратын жұмысы маңызды. Қамқорлыққа негізделген кәсіптің өзі төмен бағаланады. Зерттеу Америкада жүргізілген, сондықтан бұл көрсеткіштерді Қазақстанға осы бетте көшіре алмаймыз. Бірақ зерттеу көрсеткен заңдылық қарапайым: жұмыста қамқорлықтың үлесі артқан сайын, оған төленетін ақы азая береді. Ал қамқорлықты әйелдің табиғи қасиеті деп қабылдайтын қоғамда бұл еңбектің кімнің мойнына түсетіні белгілі. Айта кететін жайт – Қазақстандағы мұғалімдердің шамамен 80 пайызы – әйелдер. Осы жылдың маусымында біздің елде «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгеріс енгізілді: педагог оқушылар үшін тек кәсіби міндеттерін атқарып жүрген кезде жауап береді. Қыркүйекте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да осы мәселеге оралып, ата-аналар чатындағы қарым-қатынас туралы айтты. Заң шекараны белгіледі. Министр де сол шекараны еске салды. Бәрі дұрыс. Бірақ қағазда белгіленген шекараны адамның ішінде де сызып қою мүмкін емес. Австралияда зерттеуші Анна Хоган мен оның әріптестері мұғалімдерден сұхбат алған.

3d92ee217e6665c8fc8f08c5b30d5f8c_XL.jpg
Жұлдыз Сүлейменова
  • Зерттеуге қатысқан мұғалімдердің бірі күні бойы оқушылардың сансыз сұрағына жауап бергеннен кейін үйге бірден кірмей, біраз уақыт аулада жалғыз отырып, иттеріне қарап, есін жинайтынын айтқан. «Мұның дұрыс емес екенін білемін, – дейді ол. – Мен барымды балаларға беріп қоямын. Үйге келгенде жақындарым оларға немқұрайды қараймын деп ойлайды. Бірақ үйге жеткенде отбасыма берер ештеңем қалмайды».

  • Тағы бірі: «Жұмыс пен үйді бір-бірінен бөліп қарай алатын адамдар бар. Мен ондай емеспін. Оқушыларым үнемі ойымда жүреді», – дейді.

  • Үшінші мұғалім сыныбындағы балаларды ойлап, түнде ұйқысы қашатынын айтады.

Зерттеушілер мұны emotional residue деп атайды. Қазақшаласақ, жұмыстан кейін де өзіңмен бірге алып жүретін эмоциялық жүк. Сабақ бітеді, мектептің есігі жабылады, ал сол жүк мұғаліммен бірге үйге келеді. Бұл біздің ұстаздарға да таныс. Кешкі ас үстінде оқушысын әңгіме етеді. Үйге қайтып бара жатып, біреуінің жағдайын ойлайды. Демалыс күні де оқушылары ойынан кетпейді. Бірінің үйінде не болып жатыр екен, екіншісінің тамағы бар ма, тағы бірінің әкесі оралды ма деп уайымдайды.

Matilda 2.jpeg
«Матильда» (1996)

Мұғалімдердің әулетінде өскен адам ретінде мен «Елдің баласын қарап жүріп, өз баламызды ұмытыппыз» деген сөзді жиі естідім

Мұны ешкімнің бетіне басу үшін жазып отырған жоқпын. Тек осы көзге көрінбейтін, жұмыс деп саналмайтын кәсіби ауыртпалыққа назар аударсақ деймін. Бұл – бір жерден алынып, екінші жерге берілген уақыттың есебі. Ал ол есеп ешбір қағазда жоқ.

Бұған қарсы айтылатын уәж де бар. «Мектептегі ең қымбат нәрсе – жақындық. Балаға сенетін адам керек. Оны ақшаға шақсақ, бұл жақындық түбегейлі жойылады» деген сөзді көбіміз естігенбіз және кейде өзіміз де айтамыз. Бұл сөздің де жаны бар. Мен де құшақтауға баға қойылсын деп отырған жоқпын. Қамқорлықты еңбек деп тану – оны тарифке салу деген сөз емес. Мәселе онда емес.  Мәселе – сол жақындыққа кететін уақыт пен күштің бүгін еш жерде есепке алынбауында. Мұғалім оған өз уақытын, демалысын және кейде өзіне не отбасына арнағысы келетін уақытын жұмсайды. Біз қоғам болып осы шығынды көруіміз керек және мойындауымыз керек. 

Меніңше, өзгеріс тілден басталады. Ұстазға алғыс айтқанда «Сіз біздің екінші анамызсыз» дейміз. Бұл – жылы сөз. Мен де айтқанмын.

freedom writers.png
«Бостандық жазушылары» (2007)

Бірақ мұғалімді «екінші ана» деу арқылы оның қамқорлығын кәсіби еңбектен гөрі өзінен-өзі жасалатын нәрсе сияқты қабылдаймыз

Ал «Сіз өз ісіңізді жақсы білесіз, мықты мамансыз» деу бір қарағанда суықтау көрінуі мүмкін. Бірақ кейде ұстазға алғыс айтудың ең дұрыс жолы – оның мейірімін ғана емес, еңбегі мен кәсібилігін де көру және атап өту.

Matilda 3.jpeg
«Матильда» (1996)

Мен бұл мәтінде дайын шешім ұсынып отырған жоқпын. Оның орнына өзіме және сізге арнап бірнеше сұрақ қалдырғым келеді. 

  • Біз қоғам болып ұстаз дегенде кімді елестетеміз? 

  • Біздің әлемде сол ұстаздың шаршауға, өзіне уақыт бөлуге және «жоқ» деп айтуға құқығы бар ма?

  • Мұғалімді мақтағанда біз нақты нені бағалаймыз: өз ісін жақсы білетінін бе, әлде өзін ұмытып, барын балаға беретінін бе?

  • Егер ұстаздан ең алдымен кәсіби шеберлік күтсек, бір нәрседен айырылып қаламыз ба? Әлде, керісінше, мұғалімнің өзіне тиесілі нәрсесін қайтып береміз бе?

  • Оқушы балаға оны жанындай жақсы көретін «екінші ана» керек пе, әлде өз ісін жақсы білетін, демала алатын және жеке шекарасы бар ересек адам керек пе?

Мен де бала кезімде сынып жетекшіміздің тұрмысқа шығатынын естіп, іштей ренжігенмін. Маған бұл сатқындық сияқты көрінді. Өйткені мұғалімнің мектептен тыс өз өмірі бар екенін ол кезде түсінбеппін. Кейін менің оқушыларым меннен: «Біз сонда кімбіз?» – деп сұрады. Сол сәтте оларға не айтарымды білмедім. Әлі де білмей отырмын. Бәлкім, мәселе балалардың мұғалімге жақын болуында емес шығар. Мәселе – сол жақындықты мұғалімнің міндеті деп қабылдайтынымызда ма деп ойлаймын.

Matilda 4.jpeg
«Матильда» (1996)
Поделиться:
ThreadsTelegramWhatsAppFacebookXLinkedIn

КОММЕНТАРИИ

ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ

24 сент. 2026 г.6 мин

Sorpaline: казахстанский бренд для биохакеров, или Как открыть бизнес в смартфоне

14 сент. 2026 г.3 мин

Visa и Halyk выделят 30 млн тенге на поддержку предпринимательниц в Казахстане

10 сент. 2026 г.7 мин

История успеха: как любительское садоводство масштабировать в прибыльный агробизнес

Подписка на Manshuq

ПОДПИСКА НА MANSHUQ

Получайте новости и расписание мероприятий первыми

О проектеКонтактыАрхивРекламаMedia Kit
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкасты
СпецпроектыBeautyА что, еслиAsk ManshuqЗдоровье ManshuqФинансы Manshuq
Manshuq
© 2026 Manshuq Media. Все права защищены.
Пользовательское соглашениеИспользование материаловРедакционная политика