17 қаңтар, 2022
Менің екі білімім бар. Мен Ұлыбританиядағы Йорк университетін «экология» мамандығы бойынша бітірдім, сонымен қатар Назарбаев Университетінде биология магистры дипломын алдым. Қазір сол жерде жұмыс істеп, Қазақстан көлдеріндегі фитопланктон тақырыбында докторлық диссертация қорғауға дайындалып жатырмын. Мен Балқашқа, Арал теңізіне, Бурабай көлдеріне және басқа жерлерге баратын экспедицияларға жиі қатысамын. Ұжым болып жыл сайын көлдерден сынама алып, лабораторияға әкеліп, арнайы жабдықтың көмегімен зерттейміз. Алынған ақпараттың негізінде халықаралық ғылыми мақалалар басып шығарамыз.
Экология саласында жұмыс істеп жүргеніме 10 жыл болды. Жұмыспен қатар экологиялық ағартумен де айналысамын. Жақында жаңа мамандықты игердім – экотренер болдым. Бұл экологиялы өмір стилі туралы әңгімелейтін және оған үйрететін адам.







