Осындай «көмектің» арқасында менің кортизолым аспанға көтеріліп, сол жерден маған қолын бұлғап қоятын. Неге бәрін әншейін түсіндіруге болмайды екен? Міндетті түрде қорқыту керек пе? Жоқ, оқытушыларымыздың бәрі бірдей соншалықты қатыгез, қорқынышты деп айтқым келмейді, мүлде олай емес. Олар жақсы мамандар және тамаша адамдар. Тек маған бізге әсер етудің жалғыз жолы деп қорқыта беретіні ұнамады.
«Қорқыту» дегенде, мен жалған фактілерді айтып отырмын. Мысалы, алдын ала диплом қорғау болатыны туралы оған екі күн қалғанда білдік. Егер жұмысты уақытында жүктеп үлгермесек, бізді қорғаудың өзіне жібермейді деп айтты. Осы екі күнде бәрін дер кезінде жасап үлгеру үшін нағыз «соникке» айналдық. Алдағы диплом қорғаудан басқа ештеңе туралы ойлана да алмадық және бұл сұмдық стресс болды. Бірақ ақырында, алдын ала қорғау... болмайтын болды. Айтпақшы, мен дипломымды бір жарым айда жаздым, бірақ көбіне қас қарайғанша отыруға, ақпарат іздеуге, достармен кеңесуге және бұрыннан жатқа білетін мәтінді өңдеуге тура келетін. Ең бастысы, дипломда не болу керек және оны қалай рәсімдеу керегі туралы нақты нұсқау болмағаны қиындық туғызды. Соған бола мұғалімдер әр жолы дипломды кері қайтарып, барған сайын көбірек түзету енгізіп отырды.
Жалпы, диплом жазу – мен үшін зерттелмеген сала, оның үстіне пандемия жағдайы. Мен бұл процесті ережесін ешкім білмейтін ойынмен салыстырар едім. Онда сен бас кейіпкерсің, саған анда-санда нұсқау беріледі. Достар мен группаластардан құралған одақтастарыңмен бірге жалғыз мақсатыңа қарай жүресің.
Диплом қорғаудың өзіне іс жүзінде дайындалған жоқпын. Бір күн бұрын презентация жасап, сөзімді бірнеше рет жатқа қайталадым. «Айтулы» оқиғаның қарсаңындағы түні «ертең бәрі бітеді және мен, сайып келгенде, жақсылап демаламын» деп ойладым.
Таңертең қашып құтылмас нәрсені қабыл аламын деген оймен ояндым. Презентацияны алдын ала ашып, ноутбукта барлығы жұмыс істеп тұрғанын тексеріп, іштей дайындалдым. Менің кезегім келгенше бәрі жақсы өтіп жатты. Бірақ «зұлымдық заңы» бойынша менде дыбысқа қатысты проблема туды, оған қоса экран демонстрациясын істей алмадым. Оған менің де кінәм болғанын түсінемін, бірақ мұндай жағдай кез келген адамның басына келуі мүмкін.