Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының спортшысы Аяш Қабдолла дәстүрлі садақ атудан алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаздың есімі аталған сәтте 51 жастағы спортшы қуаныштан көзіне жас алды. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарап, Аяшты қолдағандар көп болды. Бүгінгі дайджестіміз отыз жыл ұстаздық еткен сүрмерген жайлы болмақ.
Manshuq
7 қыркүйек 2026
Аяш Қабдолла садақ атуды 49 жасында бастаған. Осыған дейін 30 жыл бастауыш мектеп мұғалімі болып еңбек еткен ол үлкен спортқа келемін деп ойламаған. 2024 жылы облыстық жарысқа қатысу үшін бір аптаның ішінде садақ атуды үйреніп, алғашқы жарысында бірінші орын алады. Содан кейін күн сайын жаттығып, Шығыс Қазақстанның чемпионы атанады. 2025 жылы Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен әлем кубогінде де бірінші орын алған.

Биыл Аяш ұлттық құрамаға іріктеуден өтіп, Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты. Дәстүрлі садақ атудан өткен жарыста 52 елден 196 спортшы бақ сынады. Аяш 60 метр қашықтықтан «Пута» нысанасына садақ атудан алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол садақ атумен он жылға жуық айналысып жүрген бірнеше дүркін әлем чемпионымен сайысты.

Аяштың отбасында садақ атумен бірнеше адам айналысады. Жолдасы Қазақстан чемпионы, ал келіні Ажар Рахметқызы ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, балаларды жаттықтырады. 2026 жылдың тамызында Қарағандыда өткен Қазақстан кубогінде Аяш пен Ажар финалда бір-біріне қарсы шыққан. Ажардың айтуынша, екеуі 2025 жылы Кореядағы жарыстан кейін бір күні финалда кездесуді армандаған екен. Қарағандыдағы жарыста сол армандары орындалып, ене мен келін екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алған.
Аяш журналистерге берген бір сұхбатында Шығыс Қазақстандағы дәстүрлі садақ атушылардың жаттығатын толыққанды орны жоқ екенін айтып қалды. Келіні Ажар Рахметқызы Өскеменде өз залын ашып көрген, бірақ ай сайын шамамен 600 мың теңге жалдау ақысын және басқа шығындарды өз қаражатынан төлеуге тура келген соң, алты айдан кейін залды жапқан. Қазір олар көбіне далада жаттығады. Біраз уақыт Төтенше жағдайлар департаментінің залын пайдаланғанымен, кейін ол жөндеуге жабылған. Оның үстіне, дәстүрлі садақ атуға кәдімгі спорт залының көлемі жете бермейді. Кейбір жаттығуларда нысанаға дейінгі қашықтық 70, 90, тіпті 145 метрге дейін жетеді. Ал Шығыс Қазақстанда қыс жеті-сегіз айға созылатынан ескерсек, далада жаттығу әттеген-ай дейтін жағдай болып тұр.

Айтпақшы, Аяш Қабдолла екі жыл бұрын садақ атуды 15 метр қашықтықтан бастаған. Көшпенділер ойындарында ол 60 метрден нысана көздеп, алтын алды. Бірақ алтынмен тоқтап қалатын Аяш жоқ және оның ұзақ демалуға уақыты да жоқ. Себебі 11-15 қыркүйек аралығында Атырауда Қазақстан чемпионаты өтеді, одан кейін сол жерде әлем кубогі ұйымдастырылады. Сондықтан елге оралған соң ол қайтадан жаттығуға кіріседі.

КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Первые в семье: кто такие студенты первого поколения и почему о них так мало говорят
8 фильмов и сериалов для тех, кто скучает по школе (и не очень)
Что мы знаем о призёрке Международной биологической олимпиады Софье Желтовой



