Роза Рымбаеваның әндерін бала кезден тыңдап өстік. Кейбірін ата-анамыз қосты, кейбірі теледидардан қайта-қайта берілетін, ал кейбірін есейгенде өзіміз қайта тауып тыңдадық. Бүгінгі дайджестімізде Manshuq редакторы Гүлзада Ксан Роза Рымбаеваның өзі ерекше жақсы көретін бес әнімен бөліспек.
Гүлзада Ксан 11 сентября 2026
«Наурыз-думан»
Егер АҚШ-та Мэрайя Кэри жыл сайын қарашада «ұйқысынан оянып», All I Want for Christmas Is You әнімен барлық чартқа қайта оралса, Қазақстанда ондай әртістің Роза Рымбаева екені бүкіл елге мәлем. Ақпанның ортасынан бастап елдің бәрі «Наурыз-думан» әнін тыңдай бастады. Сосын үш күн Наурыз тойлағанда еліміздің түкпір-түкпіріндегі концерттер осы әнсіз өтпейді.
Бұл әннің менің өмірімде алатын орны тіптен бөлек. «Наурыз-думан» менің Наурыз мейрамына деген сүйіспеншілігімді оятқан әндердің бірі болды. Кейін сол қызығушылық мені магистратурада Наурыздың Қазақстанда 1980-жылдардың соңында қалай қайта жаңғырғанын зерттеуге дейін алып келді. Сөйтіп, бала кезімде мерекеде еститін әндердің бірі магистрлік диссертациямның тақырыбына дейін жетті. Сондықтан мен үшін Наурыз бен көктем мезгілі «Наурыз-думан» мен Роза Рымбаевасыз басталмайды.
«Ақ тілек»
Егер бір күні күйеуге шығып, той жасайтын болсам, қандай әнге вальс билейміз деген өте маңызды сұрақтың жауабы – Роза Рымбаеваның орындауындағы «Ақ тілек» әні. Әншінің «Вечная весна» және «Жаңбырлы түн» альбомдарына енген бұл әнде маған ұнайтын бір нәзіктік бар. Әрине, бір тыңдағаннан әннің махаббат туралы екені түсінікті, бірақ мен бұл әнді тек екі адамның махаббаты туралы деп айтуға қимаймын. Аты айтып тұрғандай, бүкіл әлемге бар жақсылықты тілеп тұрғандай көрінеді. Сондықтан тойдағы алғашқы биге де жарасып кететін сияқты.
«Как прежде мы вдвоём»
Мұны мойындау сәл ұят шығар, бірақ мен «Как прежде мы вдвоёмды» бала кезімнен тыңдап жүріп, оның ABBA-ның The Winner Takes It All әні екенін білмедім. Сосын Mamma Mia! Мюзиклін көрдім. Сөйтіп, бала кезімнен білетін Роза Рымбаеваның әнінің ішінен кенет ABBA шыға келді. Сіздерге бір шағын эксперимент ұсынғым келіп тұр. Алдымен Роза Рымбаеваның 1985 жылғы орындауын тыңдап көріңіз. Сосын YouTube-тен осы әннің кейінгі жылдардағы нұсқаларын тауып қосыңыз. Бір ән, бір орындаушы, бірақ екі орындаудың арасында бақандай қырық жыл жатыр. Роза апайдың дауысы өзгерді, орындау мәнері де өзгерген, сондықтан алғашқы махаббат туралы ән мүлдеп басқа мағынаға ие болғандай сезімде қаласыз.
«Ертеңіме сенемін»
«Сенемін бақытқа бастайтын жолға» деген жолды жиырма жастағы әнші айтқанда басқаша, ал бүкіл өмірін сахнада өткізген Роза Рымбаева айтқанда мүлде басқаша естіледі. Оның өмірінде қуанышты сәттер де, ауыр кезеңдер де көп болды. Бірақ осының бәрінен кейін Розаның әлі де «сенемін» деп ән айтуы тыңдарманға да үлкен сенім сыйлайтын сияқты. Бұл әнді кейін Розаның ұлдары да орындады. Маған осы тұсы қатты ұнайды. Анасы жылдар бойы болашаққа сену туралы ән айтты, ал кейін сол әнді оның балалары жалғастырып жүр. «Ертеңіме сенемін» осылайша бір адамның әнінен отбасылық тарихтың бір бөлігіне айналғандай.
«Өткен күндер»
YouTube-та «Өткен күндердің» 1986 жылғы нұсқасы бар. Оны көрген сайын мен сол кездерді сағынамын. Бейнежазбада жас Роза Рымбаева ән айтып жатыр, ал жанында жап-жас Батырхан Шүкенов пен оның саксофоны. Болат Сыздықов гитарада ойнап отыр. Әрине, Роза Рымбаева «Өткен күндерді» содан бері талай рет орындады. Бірақ мен үшін дәл сол нұсқаның орны бөлек. Кейінгі орындауларын тыңдағанда гитараны, саксофонды, жалпы «Арайдың» үнін іздеп отырамын. Осыдан қырық жыл бұрынғы жазбаларды қарап отырып, «сол кез қандай керемет еді» деп сағынамын (фанфакт: менің жасым жиырма алтыда).
Бірақ бұл әдемі қартайған әндердің бірі. 2017 жылы Роза Рымбаева «Өткен күндер» әніне жаңа бейнебаян шығарды және ол әншінің өткені мен кәзіргі шағын қосқан көпір сияқты болып шықты. Неге десеңіз, бейнебаянда Роза Рымбаеваның жас кезіндегі суреттері мен бейнежазбалары бар, балаларының кішкентай кездегі сәттері бар және өнердегі достары Нағима Есқалиева сияқты әртістермен бірге өткізген кездері де бейнеленген. Жас кезінде «өткен күндер» туралы ән айтқан Роза Рымбаева енді сол әнді расымен зымырап өтіп кеткен жылдарға қарап шырқайды.
КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Әке жолын қуған Дінзухра Нұрғисақызы туралы не білеміз
Махаббат, мұң, мінез: Фариза Оңғарсынова әйелдер жайлы не жазды?
Көшпенділер ойындарында көрермен көзайымына айналған Аяш Қабдолла туралы не білеміз



