Елімізде әлемнің жетекші басылымдарында жарық көрген көлемді мақалалар мен эсселерді қазақ тіліне аударатын qasqz медиаплатформасы іске қосылды. Жоба қазақтілді оқырмандарға халықаралық журналистиканың үздік үлгілерін ана тілінде оқуға мүмкіндік береді. Әр мақаланың кәсіби актерлер дыбыстаған аудионұсқасы да бар. Бүгінгі дайджестіміз жаңа медиажоба туралы болмақ.
Manshuq 20 қазан 2026
12 қыркүйек күні іске қосылған qasqz жобасы бұрын-соңды қазақ тілінде жарияланбаған жаһанның жетекші басылымдарының лицензияланған лоңридтері мен мәдени эсселеріне ден қояды. Әр материалдың аудионұсқасы қоса ұсынылады; оны жолай қосып қоюға, не серуендеп жүріп тыңдауға болады. Формат подкаст пен аудиокітапқа құмар қауымның да көңілінен шығады. Аудиожазбалар театр, кино және дубляждың кәсіби актерлерінің үнімен тіл қатады. Платформа бір ай ішінде 5 материал жариялап үлгерді. Қаузайтын тақырыптары алуан түрлі: гуманоидтар мен Марсқа ұшу жолында жасалатын дайындықтан бастап, музейлер апат кезінде алдымен қай жәдігерді құтқарып қалу керек екенін қалай анықтайды деген сұраққа дейін.

«Жобаның пайда болу идеясы өте қарапайым: өзіме қызық болып көрінген көлемді журналистік мақалаларды бөлісу. Бұны бір кітабы да жоқ, жиындар да өтпейтін, менің пікірім де айтылмайтын кітап оқу клубы деп елестетші. Ешқандай алгоритмнің соңынан ермейміз. Әр сенбі сайын бір мақала жарияланады (ара-тұра сейсенбіде де шығып отырады). Таңғы сағат 06:00-да. Түрлі халықаралық басылымдардан алынған дүниелер. Жаңасы, соншалық жаңа емесі де, тіпті мұрағаттан алынған мақалалар да», – дейді жобаның негізін қалаған Камиля.
Қазақша сөйлейтін аудитория осы деңгейдегі сараптамалық лоңридтер мен зерттеу журналистикасын орыс және ағылшын тілдерінде оқып келді. qasqz-ның бұл жайтты өзгертпек ниеті бар. Мұндағы әр мәтінмен қазақ тілінің қадірін білетін һәм түпнұсқаның жоғары деңгейдегі сапасын сақтай алатын тәжірибелі аудармашылар, редакторлар мен дикторлар командасы жұмыс істейді. Қазір qasqz weekend edition форматында жұмыс істейді: жаңа мақалалар әр сенбінің таңында жарияланып отырады. Оқырманға жаһанның маңызды лоңридтері, мұрағаттан алынғандары мен «винтаж» түрлерінен де құралған топтама ұсынылады.

КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Казахстан на 95-м месте: что показал новый доклад о гендерном неравенстве
KESU: история о таеквондо, которая объединила Казахстан и Южную Корею



