Loading
Loading
0%
Меню
Поиск
Избранное
Manshuq LogoManshuq Slogan
Волна
Расскажи историю
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкастыСпецпроекты
Manshuq Logo
 Бес күн, ай сайын, өмір бойы: неге етеккір әлі күнге дейін әйелдердің жеке мәселесі саналады?
Здоровье Manshuq

Бес күн, ай сайын, өмір бойы: неге етеккір әлі күнге дейін әйелдердің жеке мәселесі саналады?

6 мин.
11.11.2026
6 мин.
11.11.2026
Manshuq
Manshuq

Етеккір кезінде кей әйелдер үшін төсектен тұрудың өзі қиынға соғады. Соған қарамастан, олар жұмысқа барып, сабаққа қатысып, үй шаруасын атқаруға мәжбүр. Ал әлемнің бірқатар елінде әйелдерге етеккір кезінде демалыс алу құқығы заңдастырылған. Manshuq авторы Нұрай Қалиханова өз материалында Manshuq авторы Нұрай Қалиханова етеккірге қатысты қоғамдық көзқарасты өзгерту және әйелдерге қолайлы жағдай жасаудың маңызы туралы ой қозғайды.

Нұрай Қалиханова 11 қараша 2026

Әйел өмірінің шамамен 40 жылын етеккірмен өткізеді. Соған қарамастан, біз әлі күнге дейін «етеккір» сөзін дауыстап айтуға ұяламыз. Осылайша әйел ағзасындағы табиғи үдерісіне немқұрайлылық танытамыз. Мені неліктен біздің қоғамда әйел денесінің табиғи үдерістері табуға айналды және не себептен әйел адамға ерекше қамқорлық пен күтім көрсетуден жалтарамыз деген сұрақ мазалайды. Біреулер үшін жай ғана күнтізбенің қызыл түске боялған бес күні болса, біреулер үшін ауырсынуға толы азапты күндер. Белдің ауыруы, іштің төменгі жағының тартуы, жүрек айну, бас айналу, тоңу, дірілдеу, жүйкенің жұқаруы, әлсіздік, шаршау сезімі, төсек тартып жатып қалу сияқты бірнеше белгіден тұратын бұл күндердің әйел заты үшін қаншалықты қиын екені бәрімізге мәлім. Алайда бұған көз жұма қарап, «шыдайсың ғой қыз болғандықтан», «ештеңе етпейді», «аса уайымдайтын ауру емес» деп немқұрайлылық танытатындар бар. Бұл табиғат заңы болғаны сияқты, әйел затына осы күндері ерекше қамқорлық танытуды да заңдылық етсек, өте орынды болмақ.

MV5BMzlkMzdhZTgtYzZjZC00NTExLTgyZDMtNDI2ZTYyMWIzYWNjXkEyXkFqcGc@._V1_.jpg
«Girl Flu.» (2016)

Әйел адамға рухының, жанының, тәнінің, табиғатының үйлесімде болуы үшін ай сайынғы етеккірдің уақытылы келуі өте маңызды нәрсе. Алайда бұл жеңіл не болмаса қарапайым нәрсе емес. Циклдің алғашқы күндерінде іштің төменгі жағының түйілуі, белдің ауыруы, шаршау, әлсіздік сияқты белгілер байқалады. Үлкені бар, кішісі бар, әйтеуір, менопаузаға жетпеген барлық әйел адам бұл ауырсынуларды бастан кешіруі мүмкін. Бірақ біздің қоғам бұл қиындықтарды аса бір мәселе ретінде қарастырмайды. Әйелдер әдеттегідей жұмысын жалғастыра береді, салқын зауыттарға барады немесе офисте компьютер алдында жұмыс істеп, кешке дейін отырады. Келіндер болса, таңертеңнен шай құйып, қонақтардың көңілін аулауға мәжбүр болады. Білім алып жүргендер ештеңе болмағандай мектепке немесе университетке барады. Денсаулығың болмай тұрса, ештеңе де қызық болмайтыны бесенеден белгілі болса да, біз мәжбүрлі түрде өзімізді күштейміз. Өйткені қоғам үшін бұл нәрсе өте қарапайым саналады. Әрі қарай етеккір аяқталып, фолликулярлық фаза жалғасады. Бұл кезеңде аналық бездегі фолликулдардың бірі жетіле бастайды, ал эстроген деңгейі жоғарылайды. Кей әйелдер осы уақытта энергиясының артқанын, көңіл-күйінің жақсарғанын, белсенді болғысы келетінін байқайды. Кеше ғана көрпеге оранып жатқың келсе, бүгін жоспар құрып, спортпен айналысып, адамдармен кездескің келуі мүмкін. Бұл жай ғана көңіл-күйдің өзгеруі емес. Ағзада жаңа жұмыртқа жасушасы жетіліп, келесі кезеңге дайындық жүріп жататын уақыт. Овуляция кезеңінде де жеңіл ауырсынулар болуы мүмкін және әйел адам қамқорлыққа зәру болуы ықтимал. Артынша овуляциядан кейін лютеиндік фаза басталып, прогестерон гормонының деңгейі жоғарылайды. Бұл кезеңде әйелдер ашуланшақ болып, көңіл-күйі тез өзгеріп, тез шаршап, тәбеті артуы мүмкін. Міне, әйел заты осыншалықты өзгерістерді бір цикл ішінде бастан өткереді. Дәл сол ашуланып, айналаңнан тыныштықты талап еткің келетін кезеңде әріптестермен, сыныптастармен, достармен бірге уақыт өткізудің қаншалықты қолайсыз екендігін аңғаратын уақыт келген секілді. Бір қарағанда, бұл қайталана беретін шеңбер сияқты. Бірақ осы шеңбердің ішінде әйелдің көңіл-күйі, энергиясы, физикалық жағдайы, гормондары өзгеріп отырады.

Menstrual cycle phases_ Stage by stage and how they change.gif
Gif: Modern Fertility

Әлемде барлық әйел заты осы күндерді бірдей өткере ме деген сұрақты қарастырсақ, шетелде етеккір кезіндегі демалыс (menstrual leave) заңнамалық деңгейде бірқатар елде бекітілген. Бұл ерекшелік әйелдердің денсаулығын қолдау мақсатында енгізілген.

  • Испания (2023 жылдан бастап): Еуропа одағында бұл заңды қабылдаған алғашқы ел. Қатты ауырсынуы бар әйелдерге дәрігер анықтамасы арқылы 3 күннен 5 күнге дейін ақылы демалыс беріледі. Шығынды үкімет өтейді.

  • Португалия (2025 жылдан бастап): Эндометриоз немесе аденомиоз сияқты ауыр дерті бар әйелдерге медициналық анықтама негізінде 3 күнге дейін ақылы демалыс беріледі.

  • Жапония (1947 жылдан бастап): Әлемде бұл заңды ең алғаш енгізген елдердің бірі. Заң бойынша жұмыс беруші етеккір кезінде қиналған әйелді жұмыс істеуге мәжбүрлемеуге міндетті, бірақ бұл күндердің ақысы төлену-төленбеуін компания өз еркімен шешеді.

  • Индонезия (1948 жылдан бастап): Әйелдерге айына 2 күн ақылы демалыс алу құқығы берілген.

  • Оңтүстік Корея (2001 жылдан бастап): Айына 1 күн ақысыз демалыс беріледі. Қызығы, егер әйел бұл демалысты пайдаланбаса, компания оған қосымша өтемақы төлейді.

  • Тайваньда жылына 3 күнге дейін етеккір демалысын алуға болады, бұл күндері жалақының 50%-ы төленеді.

  • Вьетнамда әйелдерге етеккір кезінде күн сайын 30 минуттық үзіліс немесе айына 3 күнге дейін демалыс қарастырылған. Демалыс алмағандарға үстеме ақы төленеді.

GettyImages-632280280-e1652364887272.webp
Фото: Getty Images

Ал Қазақстандағы ахуал мәз емес. Қазіргі уақытта Қазақстанның Еңбек кодексінде әйелдерге етеккір кезеңінде жеке демалыс беру туралы арнайы бап жоқ. Біздің қоғамда әйел затының жайлылығына арналған демалыстың жоқтығын тек әйел адамдар ғана түсінуі мүмкін. Бірақ ең болмағанда көмек, қамқорлық есебінде жұмыс орындарында, оқу орындарында, қоғамдық орындарда әйел затының «арнаулы» күндеріне арналған жағдайлар жасалса, жақсы болар еді. Мәселен, жылы дивандар мен жамылғыштар, жылытқыштар, отырып немесе жантайып алатындай орындар артықтық етпес. Бір сәтке отырып, қалыпқа келуге мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ ыстық су қайнатуға арналған шәйнектер, ауырсынуды уақытша басатын дәрілерді де қарастыру керек. Жайлы жағдай жасау қазіргі әлемдік мәдениетте үлкен трендке айналып келе жатқандықтан, біздің де осы заман ағымына ілескеніміз жөн. Қоғамның және жалпы әлемнің өмірінде әйел адамдар үлкен рөл атқаратындықтан, қамқорлық пен жайлылықтың болуын нормаға айналдыру керек.

Әр мектепте, университетте, кеңседе немесе қоғамдық орында арнайы қораптарға немесе шкафтарға «Етеккір кезіндегі күтім қорабын» орнатса, нұр үстіне нұр болмақ. Ішіне гигиеналық төсемдер, дымқыл майлық, қағаз майлық, бір реттік іш киім, жылытуға арналған жапсырма, грелка, қысқа ақпараттық нұсқаулықтарды салып, ыңғайсыз жағдайдың алдын алуға болады. Ал бұл идеяның астарында әйел адамның біреуден төсем сұрауға ұялып, қолайсыз жағдайда қалмауы жатыр. 

5df26c28e94e8630e425c682.webp

Және етеккірдің «ұят» саналуы дұрыс емес. Иә, әрине, етеккір кезіндегі гигиеналық төсемелердің, гигиеналық құралдарды пайдаланудың өзіндік нормалары бар. Барынша тазалық сақтау барлық адам үшін өте маңызды. Бірақ дүкендерден, дәріханалардан гигиеналық төсемелерді сатып алу үлкен бір батылдықты қажет ететіндей «табу» болып кеткені өтірік емес. Кей жағдайларда әйелдер дүкенге бара алмайтындай жағдайда болып, жұбайын, жігітін, досын көмекке шақыратын да кездер болады. Сол сәтте ер жігіттердің де қысылып, қымтырылып, ар санап, бас тартатындары да кездеседі. Сондықтан да қоғамдағы етеккірге қатысты қалыптасқан ұяңдық пен стигманы азайтудың бір жолы – ер балаларды да бұл тақырыптан тыс қалдырмау. Етеккір тек әйелдерге қатысты мәселе ретінде қарастырылғанымен, оған деген қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға ер адамдардың да ықпалы зор. Сондықтан жасөспірім ұл балаларға етеккірдің табиғи физиологиялық үдеріс екендігін түсіндірумен қатар, гигиеналық құралдарға деген қалыпты көзқарасты қалыптастыру маңызды. Қыз балаға қажет гигиеналық құралды сатып әперуден ұялатын емес, керісінше, оған көмектесуді табиғи қабылдайтын ұрпақ қалыптастыру – етеккір мәдениетін өзгертудің нақты жолдарының бірі.

Шын мәнінде, әйелдің әр ай сайын қайталанатын физиологиялық цикліне бейжай қарау – оның жағдайына немқұрайлы қараудың бір көрінісі. Әйелдің жұмысқа, оқуға, үй шаруасына және қоғамдық өмірге белсенді араласуы оның ауырмайтынын немесе шаршамайтынын білдірмейді. Сондықтан етеккір кезінде әйелге қажетті жағдай жасау артықшылық немесе ерекше жеңілдік емес, ең алдымен, адамға деген құрмет пен денсаулыққа жауапкершіліктің көрінісі болуы тиіс.

Поделиться:
ThreadsTelegramWhatsAppFacebookXLinkedIn

КОММЕНТАРИИ

ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ

23 окт. 2026 г.6 мин

Жизнь, в которой всегда есть инсулин: каково взрослеть с диабетом первого типа

15 окт. 2026 г.4 мин

Ішектегі бактериялар әйелдің репродуктивті денсаулығына қалай әсер етеді?

Подписка на Manshuq

ПОДПИСКА НА MANSHUQ

Получайте новости и расписание мероприятий первыми

О проектеКонтактыАрхивРекламаMedia Kit
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкасты
СпецпроектыBeautyА что, еслиAsk ManshuqЗдоровье ManshuqФинансы Manshuq
Manshuq
© 2026 Manshuq Media. Все права защищены.
Пользовательское соглашениеИспользование материаловРедакционная политика