10 маусым 2020
Мұны ай мен күннің аманында Қазақстан астанасында өзінің әйелі, ұлдарының анасына азаматтық күйеуінің жасағаны. Және бұл – оның бірнеше сағат бойы әйелін азаптағаны – монтировкамен аяғынан ұрып, тас лақтырып, басынан тепкендері жайлы баяндалған ұзақ посттан қысқаша үзінді ғана. Мұны өзінің фейсбук парақшасында құқық қорғаушы, «НеМолчиKZ» зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қордың басшысы Дина Таңсәрі (Смаилова) жариялады.
Олар үш жылға жуық бірге тұрған. Оның екі жылында, әйелдің айтуынша, ол оны тұрақты түрде соққыға жығып, ешқайда шағымданушы болма, дәулетті әкем мені ақтап алады, ал сені өлтіремін деп қорқытатын болған. Әйел шағымданбаған, себебі қатты қорқып қалған. Өлтіре салу қолынан келеді деп ойлапты. 2020 жылдың 28 сәуірінде орын алған оқиға бұған еш күмән қалдырмады – кісі өлтіру қолынан әсте келер еді.
Әйелдің сол күні басынан өткізгені зәреңді ұшырады. Бұл оқиғаға куәгерлердің саны одан да қорқынышты. Құқық қорғаушының постын мұқият оқысақ бұл сұмдықтың бәрі келесі адамдардың көз алдында болыпты:
– досы, күйеуі оған қоңырау шалып, әйелін қазір құрылыс алаңына әкелетінін айтқан. Досы балға мен жіп дайындап қойған. Құрылыс объектісіне келгенде күйеуі ізіне полицияның түскенін біледі де, дәл сол досын өзінің көлігімен әйелі екеуін алып кетуін сұрайды. Досы келіскен;
– құрылыстағы үш күзетші, әйелін досының көлігіне тыққыштап жатқанын, көлікте соққыға жыққанын жайбарақат бақылап тұрған;
– екінші досы, жол бойы ұрып-соғуын тоқтатпастан күйеуі осы досының көлігімен әйелін бөтен пәтерге алып барған;
– қайынатасы, әйелдің айтуынша, сұмдыққа толы түннен соң қайынатасы пәтерге келген, оның жағдайын көрген соң таныс полиция қызметкерін шақырыпты;
– полиция қызметкері – ол әйелді жалған айғақ беруге мәжбүрлеген: жарақаттың бәрін әйел өзі құлап қалғандықтан пайда болғандай жазғызған.






