Қоғамдағы әйелге қатысты әлеуметтік және гендерлік стигма ойлар суретшіні осы тақырыпқа терең бойлауға итермелеген. Нәтижесінде көктемде Мөлдір Art&Creative Solutions қорымен және кураторлар Оля Веселова, Санжар Серікпаевпен бірлесіп, Астана қаласында «Жеті апа» жеке көрмесін ұйымдастырған болатын. Алайда суретшінің бұл жолғы жеке көрмесін толықтай «жеке» деуге келмес. Көрермен Мөлдірдің өз жұмыстарынан бөлек, анасы мен қызының да туындыларын тамашалады. Бұл да суретшінің отбасы әйелдерін өнер арқылы біріктіріп, өнер арқылы танытуға деген талпынысы.
– Өткен жылы анам онкологиялық ауруға шалдықты. Екі рет ота жасалды. Жалпы анам өте шығармашыл жан. Бұрыннан құрақ көрпе мен тойбастарға түрлі заттар жасағанды жақсы көреді. Алғашқы мамандығы да тігінші болатын. Кейін тұрмыс қамымен мұғалімдікті оқып, мектепке жұмысқа тұрды. Қазір де орыс тілінен сабақ береді, оқушыларымен бірге түрлі шара ұйымдастырғанды жақсы көреді. Мұғалім болған соң, көп уақыты жұмыста өтеді, шығармашылықпен айналысар мүмкіндігі де болмады. Бұл да анамның халіне әсер етті ме екен деп ойлаймын. Бар уақытын түгел жұмысқа, отбасына арнап, шығармашылық тұрғыда өзін тұсаулап тастағандай көрінді.
Анасына қатысты уайымын білдірмеу үшін суретші бар көңілін өнерге бөліп, өзі, анасы мен қызының бейнесін эскизге түсіре бастаған. Кейін куратор Оля Веселовамен ақылдаса келе «Жеті апа» көрмесінде қызы мен анасының да жұмыстарын көрсетуді шешкен. Осылайша астаналық көрермен Мөлдірдің өз жұмыстарынан бөлек анасы тіккен көрпелер мен қызы салған портерттерді де тамашалай алды.