9 қаңтар 2025
Қараша ортасында Алматыны басып қалған қалың қарды жарып таксиде келе жатырмыз. Құрбым екеуіміз достарымыздың қала сыртындағы үйінде өткен сауық кештен қайтып барамыз. Такси қала шетіндегі ауданның тар көшелерін кезіп, орталыққа апаратын жолға бет алған. Иін тірескен жер үйлер өзінше үйлесіп-ақ тұр. Кенет алдымыздан полиция жарығы ойнаған көліктер ию-қиюлап шыға келді. Түннің бір уағы. Бұрын саяжай болған аудандағы қап-қараңғы көшеде төрт көлік бірінен соң бірі полицияның құлақ тұндыратын сигналын қосып, көз қаратпас қызыл-көк жарығын ойнатып кетіп барады. Зәрем қалмады. Бір орнымда тапжылмай отырып қалдым да:
— Сұмдық бірдеңе болған сияқты, — дедім.
— Жоға, саспа, — деді таксист. — Қыз ұзатып әкеле жатыр.
Құрбым екеуіміздің үнсіз таңданысымызды таксист бөлді. Қазір ұзатудан кейін қалыңдықты осылай полицей мәшинесіне ұқсаған көлікке отырғызып, тізілген кортежбен әкету әдетке айналған екен. Қызыл-көк жарық пен сиренаны сатып алу сөз емес. Тәртіп сақшылары не қарап жүр дейсіз бе? Олар да адам, түсінеді ғой. Ертең олар да ұлы мен бауырларын үйлендіреді.
— Дәстүр солай, — деп таксист әңгімесін аяқтады.
«Дәстүр солай» дегеннен кейін бірдеңе деу қиын өзі. Кейбір тәртіп жылдар бойы қалыптасқандықтан, оған құрметпен қарауымыз керек. Әне, Қытайға қараңыз, әлі күнге дейін кейбір өңірінде марқұм болып кеткен адаммен некелестіре береді. Дәстүр солай дейді. Олары — біздің қалыңдық әкелетін кортежсымақ сияқты жаңа сән емес, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ғұрып. О дүниелік жігітке қалыңдық етеміз деп қызды әдейі өлтіретіндер де болады екен.
Әлсіздеу туған шақалалақтарды Тайгет тауының биігінен лақтырып жіберуді спарталықтар да жап-жақсы дәстүр санаған. Жыл сайын илоттардың бір бөлігін еш себепсіз қырып тастайтын криптия дейтін дәстүр де осы спарталықтардікі. Илоттар — Cпартаның басқыншылар құлына айналған байырғы халқы. Илоттар жер игеріп, азық-түлік өндіріп, спарталықтардың жайлы өмір сүруіне бар жағдайды жасады. Бірақ олар көк тиын құны жоқ құл еді. Саны да көп болды. Илоттарды азайтып тұру үшін мемлекет крития жасайтын. Дәстүрі сондай.
Бір кездері әлемнің шалғай бір бұрышында аз ғана адамға ортақ рәсім болған ғұрыптар бүгінде туристердің көңілін көтеретін ермекке айналып кетті. Кейбірі әлдебір сенімдерге еніп, діни догма мен өсиет ретінде құбылды. Ислам мен иудаизмдегі шошқа етін жеуге тыйым, тарихшылар мен археологтарға сенсек, әуел баста Арабия мен Палестинаның аптап ыстығында қабан етін қақтау мүмкін болмағаннан шыққан деседі. Қой етін, сиыр етін, тіпті түйе етін де кептіріп, қақтап қою оңай болса, шошқа еті көп сақталмай, сасып кете беріпті. Оны жеген адамдар уланып өлетін болған.
Адамзат тарихына үңілсек, дәстүрлер туралы көп қызыққа куә боламыз. Жүздеген, мыңдаған жыл өткен соң оларды жаңаша көзқараспен саралауға болады.










