«Өздеріңіз білетіндей, соңғы екі-үш жылда Қызылорда қаласы қарқынды дамып келеді: жаңа зәулім тұрғын үйлер мен сәулетті ғимараттар бой көтеріп, халық игілігі үшін көптеген нысандар пайдалануға берілуде. Солардың бірі – заман талаптарына толық сай келетін жаңа әуежай. Бұрынғы әуежай жиі жөндеуді қажет етіп, жолаушыларға, әсіресе мүгедектігі бар жандарға айтарлықтай қолайсыздықтар туғызатын. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа әуежайдың салынуы – уақыт талабы мен қоғам қажеттілігінен туған маңызды қадам болды.
Осы жаңа әуежайдан іссапарларға жиі ұшатындықтан, мұнда әр келген сайын оның қолайлылығын ерекше сезінемін. Ғимарат аумағында жүріп-тұруға ыңғайлы арнайы автотұрақтар қарастырылған, жалпы кеңістігі де еркін қозғалысқа бейімделген. Сонымен қатар, пандус, лифт, әжетхана сияқты инфрақұрылым нысандары мүгедектігі бар жандардың қажеттіліктерін толық ескере отырып жасалған. Әуежайға кірген сәттен бастап қызметкерлер мүгедектігі бар жолаушыларға жол көрсетіп, көмегін ұсынып, ұшаққа отырғызуға дейін сүйемелдейді. Бұл қызметкерлердің сыпайылығы мен өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады.
Жаңа әуежайдың салынатыны белгілі болған сәттен бастап-ақ қызылордалықтардың бұл жаңалықты қуанышпен қабылдағанын сеніммен айтуға болады. Аталмыш нысан қаламызға көрік беріп қана қоймай, халықаралық талаптарға сай келуімен де ерекшеленеді. Соның нәтижесінде Қызылордаға келетін қонақтар мен туристер үшін қолайлы жағдай жасалып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр.
Сонымен бірге, кейбір ұйымдастырушылық мәселелерге де назар аударуға болады. Атап айтқанда, біздің ұйым әуежай жобасына қатысты талқыға қатысқан жоқ. Егер басшылық тарапынан мүгедектігі бар жандардың ұйымдарымен арнайы кездесулер мен таныстыру экскурсиялары ұйымдастырылса, біз өз ұсыныстарымызды ортаға салар едік. Себебі бұрынғы әуежайда лифттің, арнайы көтергіш құрылғылардың болмауы салдарынан мүгедектігі бар адамдар ұшаққа отырғызу кезінде елеулі қиындықтарға тап болатын. Ал жаңа әуежайда бұл мәселелер толық шешімін тауып, қажетті жағдайлар жасалған.
Осыны ескере отырып, жаңа әуежай алдағы уақытта да өз жұмысын тұрақты түрде жалғастырып, ел игілігіне адал қызмет ете береді деп сенемін».