Дәрігердің айтуынша, көптеген әйелдер дәрігерге нақты бір ауырсынуға емес, үнемі шаршау сезіміне, күш-қуаттың азаюына, зейін қоюдың қиындауына немесе ашушаңдыққа шағымданып келеді. Кейбірі бұл белгілердің айлық келер алдындағы күндері немесе циклдің алғашқы күндерінде күшейетінін байқайды. Алайда маман кез келген шаршауды тек гормондарға байланыстыра салуға болмайтынын айтады.
«Шынында да, кейбір пациенттер жағдайының циклдің белгілі бір кезеңдерінде нашарлайтынын байқайды. Бірақ мұндай белгілердің артында тек гормоналды өзгерістер ғана тұрмайды», – дейді Мәншүк Әділова.
Маманның айтуынша, әлсіздік пен күш-қуаттың төмендеуіне:
• темір тапшылығы;
• ұйқының бұзылуы;
• созылмалы күйзеліс;
• қалқанша безінің аурулары;
• D дәруменінің жетіспеушілігі;
• мазасыздық бұзылыстары;
• шамадан тыс жүктеме мен жеткіліксіз демалыс
себеп болуы мүмкін.
«Бірнеше жыл бойы өзін жалқау әрі әлсізбін деп ойлап жүрген пациентім ерекше есімде қалды. Ол үнемі шаршап жүретініне, тіпті демалыс күндерінен кейін де күш жинай алмайтынына, айлығының ауыр өтетініне және басының айналатынына шағымданды. Тексеру барысында көп мөлшерде қан жоғалтуға байланысты оның ағзасында темір тапшылығы бар екені анықталды. Емделіп, жетіспеушіліктің орнын толтырып, гинекологиялық мәселе шешілгеннен кейін оның жағдайы түбегейлі өзгерді: күш-қуаты қалпына келіп, көңіл күйі мен өмір сапасы жақсарды. Бұл оқиға маған маңызды бір нәрсені тағы бір мәрте еске салды. Әйелдердің өзін нашар сезінуін қалыпты жағдай деп қабылдауы бірте-бірте жаман әдетке айналады екен. Негізінде ағза мұндай белгілер арқылы адамға көмек қажет екенін білдіруге тырысады», – дейді маман.