Бізге hello@manshuq.com поштамызға осындай хат келіп түсті. Сондықтан біз ұл мен қыз тәрбиесіндегі айырмашылық туралы ойландық.
Бұл жазбаға таныс қызбен әңгіме түрткі болды. Ғаламторда отбасылық тәжірибесімен бөлісіп, қыздарға күйеуінің алдында аздап «ақымақ» болуды үйрететін келіншектің кеңестерін тыңдап, «Шынымен де солай ма?» деп менен сұрады. Ол 33 жаста, тұрмыс құрмаған. Мен бір жас кішімін, тұрмыстамын, үш балам бар. Жақсы көретін адамымның көңіліне қарап үндемей қалған кездерім болды, әрине, бірақ кейпімді өзгертіп «дурочка» болмадым. Ондайыма алдана салатын ақылы аздау еркекті жарым деп таңдамас та едім. Әңгіме негізі басқада. Сол таныс арумен сөйлесіп болып ойланып отырсам, отыздың ортасындағы тұрмыс құрмаған замандастарым біршама. Бойына ойы жарасқан, жоғары білімдері бар, магистратура, марафон, тренингтен өткен. Сонда неге жалғыз? Өздерінен сұрадым, саналы түрде бойжеткен боп қала беретін ойлары жоқ. Демек, жан жарым дейтіндей азамат кездеспеді. Бойдақ атанған алыс-жақын таныстардың арасында жоғарыдағыдай сипатқа, өз сапасын жақсартып жүрген жігіттер жоқтың қасы екенін түсіндім. Бұл мәселенің себебі әріректе жатқан сияқты.
Қоғамдағы ұл мен қыздың тәрбиесі қандай? Ол кейінгі өмірге қалай әсер етеді? Мәселен, кәдімгі қарапайым қазақ отбасын алайық. Кішкентай қыздар ес білгелі өздеріне қойылатын талаптардан көз ашпайды: етегіңді жап, киіміңді таза ұста, сабағыңды жақсы оқы, анаңа көмектесіп үй жина, ыдыс жу, тамақ істе… тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Біз мектеп кезінен жоғары стандартқа сай болуға тырысамыз, себебі нашар оқитын қыз болу ұят, үсті-басы кір-қожалақ, шашы таралмаған қыз болу орынсыз, үйде анаңа көмектесудің орнына барып ойын ойнау дұрыс емес. Мектепті жақсы бітірген қыздар жоғарғы оқу орнында да белсенді. Кейін білімін тереңдетіп, оқуды жалғастырады, не жұмыс істеп ақша табады да ата-анасына көмектеседі. Әрине, бәрі бірдей емес, мен тек орташа есеппен жасалған портретті суреттеп отырмын.
Ал ұлдарда қалай? Сабақ оқымаса да, үйге алқам-салқам келсе де, бос уақытын компьютер ойнап өткізсе де, мусор шелегін он айтқызып бір шығаруға жараса да кешірімді. «Ол ұл ғой!» Бір жағынан еркіндік беріп, екінші жағынан әрекетін табиғатымен ақтап аламыз. Үйде әпке-бауыр, аға-сіңлі қалғанда да ыдыс жуып, үй жинау кімге бұйырады? Айтпаса да түсінікті.
Оның үстіне баланың «ұяда көріп, ұшқанда ілетін» үлкендердің үлгісі қандай? Әдетте әке жұмыстан шаршап келеді, тамақ ішеді, қалған уақытта теледидар көріп диванда жатады. Ана да көп жағдайда жұмыста, үйге кіре сала тікелей асүйге өтеді, демалыста шаң қағып үй жинау, кір жуу – көпфункциялы адам. Оның үстіне баланың қай сыныпта оқитыны, кіммен дос, кіммен қас екендігі, жақсы көретін мұғалімі, қиналатын сабағы – ақпараттың барлығы ананың миына тоқылған. Демек, әкемен не физикалық, не эмоционалды байланыс жоқ. Ұл да, қыз да кейін тура осы сүрлеумен жүріп, әрекеттерді қайталауға бейім тұрады. Отағасының еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Шахтер, монтер, қаржыгер, мұғалім, кәсіпкер, бақташы – кім болса да, күні бойы еңбек етіп шаршап келетіні түсінікті. Үй шаруасына араласпайды, әрі балаларымен әңгімелесуге де зауқы жоқ. Дәл сондай қауырт қызметте жүрген әйел туралы не дейміз онда?
Жақсы, жоғарыдағы себептерге байланысты қыздар университет бітірген соң жұмысқа орналасып, ата-анасына қарайласады, кем дегенде өз нанын өзі тауып жейді. Әрдайым өзіңді дамытып отыру да әдетке айналған, сондықтан магистратура, екінші жоғарғы оқу орны, тренинг, марафон, арықтау, мэйк жасап үйрену, сәнді киім таңдау – бұл жолдағы еңбек толастамайды. Қатырдым, кереметпін дейтін қыздар сирек-ау! Жасы жиырма бестен асқан кезде отбасы, туысқан, әріптес, таныстар тарапынан «Күйеуге қашан шығасың?» деген сұрақ қарша жауып, әр туған күнде «әйел бақытын» тілейтіндер қатары ұлғая береді. Жалғыз болып қалғысы келетіндер аз, серігін тауып, шын махаббатын жолықтыруға ешкім қарсы емес. Бірақ айналасындағы бойдақ жігіттерге қараса... Осы жерде тұрмысқа шықпаған қыздардың өздеріне сөз берейік. Аттары өзгертілген, мамандықтары мен жастары рас.
Бұл қыздарға қарап, тым көп талап қояды, кинодағы махаббат пен ақ атты ханзаданы күтіп жүр деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ осы уақытқа дейін бұл қыздар өздеріне қойылған талаптарға сай болуға тырысты. Серігінен де соны сұрауға құқылы. Дегенмен, бұл тек бір тараптың пікірі, жігіттер жақтың ойын да білгіміз келеді. Жоғарыдағы ойлармен келісесіздер ме? Келесі мақалаға сұхбат беремін десеңіздер, мархабат.
Ал бәріне тілерім – махаббат!