Loading
Loading
0%
Меню
Поиск
Избранное
Manshuq LogoManshuq Slogan
Волна
Расскажи историю
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкастыСпецпроекты
Manshuq Logo
«Отырып қаласың»: неге қоғам қыздарды күйеуге шығуға асықтырады?
Жизнь

«Отырып қаласың»: неге қоғам қыздарды күйеуге шығуға асықтырады?

7 мин.
18.11.2026
7 мин.
18.11.2026
Manshuq
Manshuq

Қоғамда қыздардың тұрмысқа шығуына қатысты жазылмаған жас шектеуі бар. Әсіресе 25 жастан асқан, әлі отбасын құрмаған әйелдер «отырып қалған» деген сөздерді жиі естиді. Мұндай түсінік қайдан пайда болды және неге әйелдің отбасылық мәртебесі әлі күнге дейін оның өмірдегі жетістігінің өлшемі ретінде қабылданады? Manshuq авторы Бағнұр Нұрланғазықызы осы сұрақтарға жауап іздейді.

Бағнұр Нұрланғазықызы 18 қараша 2026

Әрбір қыз бала саналы жасқа жетпей жатып, өскен ортасынан «25 жасқа келгенше тұрмысқа шығу керек, әйтпесе отырып қаласың» деген сөздерді естіп өседі. Бұл жай ғана кеңес немесе туыстардың айтатын әзілі емес, тұтас бір қоғамның қыз баласына жасалатын қысымына айналған таптаурын. Ал егер бұл жастан асып отбасы құрмаса, оған бағытталған «бағы ашылмаған«, «отырып қалған« немесе «ешкімге тимеген» деген сияқты аяушылық аралас көзқарастар мен сөздерді өзі ғана емес ата-анасы да ести бастайды. Дәл осы үшін жас шектеуі мен қоғамдық аяушылықтың қайдан шыққанын тереңірек талқылайық.

MV5BOTYxODIwOTUwNF5BMl5BanBnXkFtZTcwNjY0NjU2OQ@@._V1_.jpg
«Frances Ha» (2012)

Адамдар бұрын неге ерте үйленген?

Ерте отбасы құрудың кең таралуын түсіну үшін оның тарихи және әлеуметтік себептеріне назар аудару қажет. Аграрлық қоғамдарда отбасы тек туыстық қатынастарға негізделген құрылым ғана емес, шаруашылық жүргізудің маңызды бөлігі болды. Егіншілік пен мал шаруашылығы тұрақты еңбекті қажет еткендіктен, отбасы мүшелерінің бірлесіп жұмыс істеуі күнделікті тіршіліктің негізіне айналды. Сондықтан некеге тұру мен балалы болу жеке адамдардың шешімі ғана емес, экономикалық және әлеуметтік қажеттіліктермен де байланысты болды.

  • Ерте некеге тұруға ықпал еткен факторлардың бірі – сол кезеңдегі демографиялық жағдай. Жұқпалы аурулар, аштық, соғыстар және медициналық көмектің шектеулі болуы көптеген қоғамда өлім-жітім деңгейінің жоғары болуына әсер етті. Мұндай жағдайда ұрпақ жалғастыру отбасының ғана емес, тұтас қауымның өмір сүруімен байланысты маңызды мәселеге айналды. Әйелдердің бала туу мүмкіндігіне де осы тұрғыдан қаралды. Дегенмен ерте некеге тұру барлық тарихи кезеңде немесе барлық қоғамда бірдей қалыпты құбылыс болған жоқ. Неке жасы адамдардың әлеуметтік жағдайына, мәдени дәстүрлеріне және шаруашылық ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отырды.

  • Екінші маңызды фактор – шаруашылықтың адам еңбегіне тәуелділігі. Егін егу, мал бағу, азық-түлік дайындау және күнделікті тұрмысты ұйымдастыру көп уақыт пен күш талап етті. Мұндай жағдайда отбасы мүшелерінің саны шаруашылық мүмкіндіктеріне әсер ететін факторлардың бірі болды. Балалар есейген сайын үй шаруасына араласып, ата-анасына көмектесті. Бірнеше ұрпақтың бір шаңырақ астында немесе бір шаруашылық аясында өмір сүруі де еңбекті бөлісуге мүмкіндік берді. Осылайша кейбір аграрлық қоғамдарда ерте отбасы құру мен көпбалалы болу экономикалық тұрғыдан тиімді саналды.

SnapInsta.to_654080773_18068244053274813_6244018614148120336_n.jpg

Қазіргі уақытта отбасының экономикалық қызметі, әйелдердің қоғамдағы орны және адамдардың өмірлік мүмкіндіктері айтарлықтай өзгерді. Әйелдер білім алып, кәсіби мансап қалыптастырып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізе алады. Біреулер ерте отбасы құрып, көпбалалы болуды қаласа, басқалары алдымен білім алуға, жұмыс істеуге немесе жеке мақсаттарын жүзеге асыруға басымдық береді. Сонымен қатар жалғыз өмір сүру, некесіз бірге тұру немесе мүлде некеге тұрмау да адамдардың өмірлік таңдауларының қатарында бар. Бұл өзгерістер отбасы құрудың бір ғана «дұрыс» немесе «табиғи» моделі жоқ екенін көрсетеді. Бұрынғы қоғамдарда некеге тұрудың экономикалық және әлеуметтік қажеттіліктермен тығыз байланысты болуы бүгінгі әйелдердің де сол талаптарға бағынуы керек дегенді білдірмейді. Сол сияқты әйелдің репродуктивті мүмкіндіктерінің белгілі бір жасқа байланысты өзгеруі оның міндетті түрде сол уақытқа дейін тұрмысқа шығып, балалы болуы керек екенін білдірмейді. Отбасы құру туралы шешім адамның жеке қалауына, қаржылық жағдайына, эмоционалдық дайындығына, өмірлік мақсаттары мен құндылықтарына байланысты қабылдануы тиіс.

Соған қарамастан, әйелдің белгілі бір жасқа дейін тұрмысқа шығып, балалы болуға «үлгеруі» туралы түсінік қоғамда әлі де сақталған. Әсіресе 25 жас қыздардың өміріндегі бейресми шекараға айналғандай. Осы тақырыпқа қызығушылық танытып, құрбыларым мен таныстарым арасында шағын сауалнама жүргіздім. 13 адамның 10-ы тұрмыс құруға ең қолайлы жас ретінде 25 жасты атады. Қатысушылардың барлығы дерлік 25 жастан асқан, отбасы құрмаған әйелдердің «отырып қалған» деген сияқты сөздермен қысымға ұшырайтынын айтты. Әрине, мұндай шағын сауалнама арқылы бүкіл қоғамның көзқарасы туралы қорытынды жасауға болмайды. Дегенмен оның нәтижесі мен күнделікті өмірде еститін пікірлерім бір сұраққа алып келеді: неге әйелдің белгілі бір жасқа дейін күйеуге шықпауы айналадағылардың алаңдаушылығын, тіпті аяушылығын тудырады?

PRI_163900523 1 Large.jpeg
«Bridget Jones’s Diary» (2001)

Тұрмысқа шықпаған әйелге қоғам неге аяушылықпен қарайды?

Қоғамда отбасы құрмаған әйелге аяушылықпен қарау - жеке адамның таңдауына реакция емес, әйелдің әлеуметтік мәртебесін неке арқылы ғана бағалайтын патриархалдық түсінік. Бұл көзқарастың негізінде әйелді толыққанды бақытты ететін тек қасында еркектің болуы екендігіне сену жатыр. Нәтижесінде қоғамда отбасы құрмаған әйел өз өмірінде таңдауын жасаған жеке тұлға ретінде емес, бірқалыпты өмір сценарийіне лайық емес жан ретінде қарастырылады. 

Мұның айқын көрінісі – «жарамсыздық» немесе «кемістік» таптаурыны. Әйел белгілі бір жасқа жетіп, отбасы құрмаған жағдайда ол оның бойында бір кемшілік бар деген жасырын болжам қалыптасады. «Оны ешкім алмады», «Мінезі қиын шығар», «Бір жері дұрыс емес» сияқты пікірлер әйелдің некеде болмауын оның жеке тұлғалық қасиеттерімен байланыстырады. Мұнда неке екі адамның өзара таңдауы емес, әйелдің «сұранысқа ие» немесе «сұранысқа ие емес» екенін анықтайтын әлеуметтік ойда жатыр. «Оны ешкім алмады» деген тіркестің өзі әйелді тұлға ретінде емес, демографиялық ресурс немесе «уақыты өтіп бара жатқан тауар» ретінде қабылдаудан шығады. Бұл тілдік модельде ер адам таңдайтын, ал әйел таңдалатын тарап ретінде бейнеленеді. Осылайша патриархалдық жүйе әйелдің қоғамдағы орнын әлсіретіп, оның өмірлік құндылығын ер адамның оған берген бағасымен өлшеуге жағдай жасайды. Әйелдің білім деңгейі, кәсіби жетістігі, интеллектуалдық қабілеті, шығармашылық мүмкіндігі немесе қоғамға қосқан үлесі оның отбасылық мәртебесінен кейінгі орынға ығыстырылады.

6brhebaHZ-OlLt7i94CzrUgZJPd-i_7zH9ofrGRG1ObPkrtfwaqqNpjDOPErdHkAJufVar-kXftAW-Xhmax0Q_9wdPOGGlcfb-0si4cWUviyjjdfns0S0x5veIb8yiGbxspTPYGJSa2jbcExX8T1J_FLh02PmYXjf9_XRGOc12RJWTQDj_6zoBu1flo-jZBY.jpeg
«The Stepford Wives» (2004)

Қоғамдағы неке стереотиптерінің сақталуына әсер ететін факторлардың бірі – қалыптасқан әлеуметтік тәртіптің бұзылуынан қорқу. Көп жағдайда адамның өмір жолы белгілі бір сценарий бойынша жүзеге асуы тиіс. Осы сценарийден ауытқыған адам айналасы үшін түсініксіз немесе «қалыптан тыс» болып көрінуі мүмкін. Әсіресе тұрмысқа шықпаған әйелдің өмірлік таңдауы қоғамдағы қалыптасқан күтулерге сәйкес келмегендіктен, оның жағдайы үнемі түсіндіруді қажет ететін құбылыс ретінде қабылданады. Қоғамның аяушылық реакциясы да осы таптаурынды қайта өндіреді. «Қашан тұрмысқа шығасың?», «Әлі ешкім жоқ па?», «Өкінішті екен» деген сұрақтар сырттай қамқорлық ретінде көрінгенімен, әйелдің өмірінде міндетті түрде орындалуы тиіс сценарий бар деген түсінікті күшейтеді. Мұндай әлеуметтік қысым әйелді өз қалауына қарамастан қарым-қатынас іздеуге немесе некеге тұруға итермелеуі мүмкін. 

Сонымен бірге «25 жасқа дейін тұрмысқа шығу керек» деген ұстаным қазіргі әлеуметтік шындықтың алуан түрлілігін толық ескермейді. Қазіргі қоғамда адамдардың білім алу және еңбек жолдары әртүрлі, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу уақыты да бірдей емес. Біреу отбасын ерте құруды қаласа, екіншісі алдымен білім алып, мансапқа көңіл бөлуі мүмкін; енді біреуі некені өмірінің міндетті кезеңі деп санамауы ықтимал. Сондықтан бір ғана жас шегін барлық адамға ортақ «дұрыс сценарий» ретінде ұсыну қазіргі қоғамның өмірлік стратегияларының көптүрлілігіне қайшы келеді. Осы себепті 25 жасқа дейін тұрмысқа шығу идеясын тек «ескірген пікір» деп сипаттау жеткіліксіз. Ол – жеке таңдауға әлеуметтік нормалар арқылы ықпал ететін жүйелі таптаурын. Оның мәселесі некенің өзінде емес, адамның өмірлік шешімін қоғам белгілеген жас өлшемімен бағалауда. Отбасы құрудың нақты «дұрыс жасы» болмауы тиіс: маңыздысы – адамның өз таңдауы, эмоционалдық және әлеуметтік дайындығы, өмірлік мақсаттары мен еркіндігі.

MV5BM2RhZjM3YmMtZThjNi00OGU4LThiZDktZDU0YWI2M2I3YTdhXkEyXkFqcGc@._V1_.jpg
«Little Women» (2019)

Қазіргі қоғамда адамның өмірі белгілі бір уақыт кестесіне сәйкес өтуі керек деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, белгілі бір жасқа дейін білім алып, жұмысқа орналасу, кейін тұрмыс құрып, бала сүю қажет деген әлеуметтік күтулер бар. Егер адам осы қалыптасқан тәртіптен кешіксе, айналасындағылар «Неге әлі тұрмысқа шықпадың?», «Қашан бала сүйесің?» деген сұрақтар қоюы мүмкін. Алайда әр адамның өмір жолы, мүмкіндігі, арманы мен мақсаты әртүрлі болғандықтан, барлығына ортақ нақты өмірлік «дедлайн» болуы мүмкін емес. Бақыт, өзін-өзі жүзеге асыру және әлеуметтік маңыздылықтың көптеген формалары бар. Неке – адамның өміріндегі мүмкін болатын таңдаулардың бірі ғана, ал оның болмауы тұлғаның «жарамсыздығын» немесе толыққанды еместігін білдірмейді. Сондықтан тұрмысқа шықпаған әйелге аяушылықпен емес, оның дербестігі мен таңдау құқығын мойындай отырып қарау қажет. Қазақ қоғамы үшін маңызды өзгеріс – әйелдің құндылығын «оны кім таңдады?» деген сұрақпен емес, «ол өзі қандай өмірді таңдады?» деген өлшеммен бағалауға көшу.

Қоғам қыздарға «уақытың өтіп барады» деп жиі ескертеді. Бірақ бұл сөздердің салдары туралы сирек ойланады. Тұрмысқа шығуға асықтырған сайын әйел өзіне қандай қарым-қатынас қажет екенін емес, белгілі бір жасқа дейін үлгеру керектігін ойлай бастауы мүмкін. Ал мұндай қысыммен қабылданған шешім оның болашақ өміріне әсер етеді. Мәселе әйелдердің ерте немесе кеш тұрмысқа шығуында емес. Мәселе – некені әйел өмірінің міндетті жетістігіне айналдырып, оған жетпегендерді аяушылыққа лайық деп қабылдауымызда. Бір әйел отбасын 22 жасында құруы мүмкін, екіншісі 35 жасында, ал үшіншісі мүлде күйеуге тимеуі мүмкін. Бұл таңдаулардың ешқайсысы әйелдің қаншалықты бақытты, табысты немесе толыққанды өмір сүріп жатқанын анықтамайды. Сондықтан «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақты қоюдан бұрын, оның жауабы бізге не үшін соншалықты маңызды екенін ойланған жөн. Өйткені әйелдің өмірі қоғам белгілеген мерзімге сай келмегені үшін сәтсіз болып қалмайды.

the-worst-person-in-the-world.jpg
«The worst person in the world» (2021)
Поделиться:
ThreadsTelegramWhatsAppFacebookXLinkedIn

КОММЕНТАРИИ

ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ

17 нояб. 2026 г.6 мин

Совместный чемодан впечатлений, или Как мы с мамой съездили в Турцию

13 нояб. 2026 г.8 мин

«Бір түйір қызың»: каково быть единственной дочерью в семье

06 нояб. 2026 г.12 мин

Взрослеть под Lorde: как я узнавала себя в песнях любимой певицы

Подписка на Manshuq

ПОДПИСКА НА MANSHUQ

Получайте новости и расписание мероприятий первыми

О проектеКонтактыАрхивРекламаMedia Kit
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкасты
СпецпроектыBeautyА что, еслиAsk ManshuqЗдоровье ManshuqФинансы Manshuq
Manshuq
© 2026 Manshuq Media. Все права защищены.
Пользовательское соглашениеИспользование материаловРедакционная политика