Гульзада Ксан
22 қаңтар 2025
Бар өмірін қазақ тілі мен ғылымға арнаған Рәбиға Сәтіғалиқызы 1924 жылы 17 тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали Құтқожин өзі орысша оқығанына қарамастан, балаларын қазақ мектептеріне берген. Ғалымның әкесі Сәтіғали 1937 жылы жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Отбасының басына түскен қиындықтарға қарамастан, Рәбиға Сәтіғалиқызы 1940 жылы Темір қаласындағы педагогикалық училищені үздік дипломмен тәмамдап, сол кездегі «Алға» ауылына бастауыш мұғалімі болып орналасады. Соғыс жылдары Рәбиға Сәтіғалиқызы Темір және Ақтөбе қалаларындағы мектептерде ұстаздық етеді, Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер институтын үздік бітіріп шығады және білімімді толықтырсам ба деген оймен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің ІІІ курсына студент болып қабылданады. Оқуды 1947 жылы бітіріп шығады да, сол институттың аспирантурасына түседі.





