«БҰҰ-ның халық қоныстануы саласындағы қоры (ЮНФПА) жыныстық және репродуктивтік саулық тақырыбы қазақстандық отбасыларда қаншалықты ашық талқыланатынын түсіну үшін әлеуметтік зерттеу жүргізді. Біз ата-аналардың балалармен бұл тақырыпта өте сирек сөйлесетінін анықтадық. Көбінесе бұл міндетті аналар атқарады, ал әкелер жиі шет қалып, «Балаңмен өзің барып сөйлес» дейді.
Біз «Қандай тақырыпта әңгіме құрасыздар?» деп сұрадық. Әңгіме көбіне жыныс мүшелерінің гигиенасы тақырыбымен шектеледі екен. Қазақстанда секс тақырыбы жабық, табу күйінде қалып отыр. Отбасында мұндай тақырыпты қозғайтындар некен-саяқ.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте ақпарат өте көп, бірақ жасөспірімдер жыныстық қарым-қатынас туралы ақпаратты көбіне порнографиялық фильмдерден алады деген дерек бар. Сәйкесінше, ақпарат оларға қаншалықты бұрмаланып жететінін түсінуге болады.
Қазақстандағы БҰҰ-ның халық қоныстануы саласындағы қоры (ЮНФПА) Y-PEER жастар желісіне қолдау көрсетеді. Мұнда жасөспірімдер жыныстық және репродуктивтік саулықты қорғауды үйреніп, ол ақпаратты «тең – теңге» әдісі арқылы бір-біріне жеткізеді. Олар бір-бірін үйретіп, мектептерге барып, жастарды ақпараттандыру мақсатында шағын сессиялар өткізеді. Сонымен қатар бізде Жастар денсаулығы орталықтары бар: гинеколог, психолог, уролог, венеролог сияқты тәжірибелі әрі жоғары білікті мамандар – кеңес беріп, арнайы көмек көрсете алады».