ДДСҰ ұйымының дерегі бойынша, денсаулық сақтау жүйелері психикалық бұзылуы бар адамдардың қажеттіліктеріне орай әлі жеткілікті дәрежеде әрекет етпейді және ресурстары да айтарлықтай тапшы. Бүкіл әлемде көмекке мұқтаждық пен оны көрсету көлемінің арасында айтарлықтай алшақтық бар. Тағы бір проблема – көрсетілетін көмектің сапасы көбіне-көп оңтайлы емес.
Бұл ретте, мысалы, әлемде 24 миллионға жуық адам немесе 300 адамның 1-і шизофренияның өзімен ғана ауырады. 2022 жылы Қазақстанда 11 468 адамда психикалық және мінез-құлық ауытқуы бар деп анықталып, оның 577-сіне шизофрения диагнозы қойылды. Бұл сирек кездесетін ауру емес, мұны Қазақстан тұрғындарының арасында жүргізілген сауалнама деректері* растайды: сұрақ қойылғандардың 23%-ы шизофрения диагнозы қойылған адамдарды таниды. Көбінесе бұл туыстары мен таныстары.
Дегенмен шизофренияны емдеудің бірқатар тиімді әдісі, соның ішінде дәрі-дәрмекпен емдеу бар.