Бірде біздің үйге танысымыз қонаққа келді, ол шағын ауыл емханасында терапевт дәрігер болып жұмыс істейді. Бұл коронавирустың «гүлденген» кезі еді, сөйтіп мен одан өзіне қандай вакцина салдырғанын сұрадым. Бұған алған жауабым: ол өзіне және туғандарына жалған анықтама жасапты, өйткені оның пікірінше, вакцина иммундық жүйені әлсіретеді. Бұл фейк адамдардың тұтас бір тобының ойына оп-оңай әсер етуі мүмкін екенінің жарқын мысалы. Абыройы зор бір адамның қателескені жеткілікті – қалғандары домино принципі бойынша оның артынан құлайды. Егер оның туыстарының бірі болғанымда және медиа саласында жұмыс істемегенімде, менің де антиваксерге айналуым мүмкін еді – өйткені өзіме жақын адам және сонымен қатар тиісті саланың маманы маған жамандық тілемейді деп ойлайтын едім. Оның үстіне, көп жағдайда өмірдің қазіргі қарқынымен қаптаған фейктің арасынан ғылыми растау іздеуге уақыт жетпейді – өзіңе ұсынылған дайын нәрсені қабылдау оңайырақ. Сондықтан кейде біз айқын фактілерге емес, сенгіміз келетін нәрсеге илануды жөн көреміз.
Миымыз әрқашан ең оңай жолмен жүруді таңдайды. Жаңа контентті талдау үшін барған сайын көбірек күш салу қажет – гуглда бір сұрау салғанда көп терабайт ақпарат табылуы мүмкін. Сыни ойлау екінші немесе тіпті үшінші планға кете бастады. Ол туралы барлық жерде айтылатын сияқты, бірақ өмір (менің жағдайымда – алаяқтар) аяғыңнан шалғанда ғана шынымен түсіне бастайсың. Бір күні мен «қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған» анасын емдеу үшін қаражат жинау науқанын бастаған бір қыздың сторисіне репост жасадым. Мен қатерлі ісіктің қандай түрі анықталғанын, неліктен ақшаны шетелдік банкке аудару керек және оның анасының түр-сипаты қандай екенін – ақырында кімге көмек берейін деп жатқанымды білмедім. Еш ойланбастан ақшаны аударып, репост жасадым, ал бірнеше сағаттан кейін жасаған нәрсемнің бәрін қайта ойладым.





