Сол кеште сөз сөйлегендердің ішінде ерекше назар аудартқаны – Terek Story жобасының тең құрылтайшысы Гүлназ Туленова. Terek Story жобасы отбасы тарихын жаңа көзқараспен қарап, ата-бабаларымыздың қуанышы мен қайғысын сезінуге мүмкіндік береді. Manshuq авторы Аруна Садыбекова Гүлназбен отбасы тарихын зерттеудің маңыздылығы мен ұрпақаралық жаралар жайлы әңгімелесіп қайтты.
Осылайша, жобамен танысып, ондағы сұхбаттарды оқып жүрдім. Жақында Астанада өткен TEDx конференциясында бұл жобаның тең құрылтайшысы, зерттеуші әрі тарихшы Гүлназ Туленованың әулет тарихы мен трансгенерациялық жарақаттардың маңыздылығы туралы сөзін тыңдау мүмкіндігіне ие болдым. Гүлназ конференциядағы баяндамасын «Шыны керек, біз туыстарымызбен тек мәжбүр болғандықтан ғана араласатындаймыз. Біртүрлі cалқындық сезіледі» деген сөздерден бастады. Ішіміз сезіп жүрсе де, бұл әр қазақтың сахнаға шығып мойындай алатын нәрсесі емес. Айрандай ұйыған, бірлігі мықты әулет болып көрінуге тырыссақ та, көпшілігіміз туыстарымызбен әрдайым ашық сөйлесе алмаймыз.







