Ешқашан ешкімнің «міндетті» болғаны үшін отбасын құрып, өмірге бала әкелуге қақы жоқ. Некеңді қияр сәтте жарыңа адал болуға, өмір бойы сүйіп және қамқорлап өтуге ант бересің. Ант – сенің жүрегіңнен шығуы керек. Және өмірдің бұралаң жолдары барын, ұзақ жылдар бойы ол адаммен бірге болатыныңды ұмытпа. Уақыт өте келе көңілің суып, сезімің өшуі мүмкін. Кейде бұл орны толмас қасірет, ал кейде өмірдің шындығы. Уақытпен бірге махаббат қамқорлыққа, қимастыққа, түсіністікке, сыйластыққа айналмаса, жарыңды алдауға немесе опасыздық жасауға тырыспа. Кей жағдайда кетуді, соның ішінде, отбасын сақтап қаламын деп жұмсаған күшіңнің зая кеткенін түсінсең, дер кезінде кетуді білгенің жөн. Әйтпегенде, бір кездері өліп-өшіп ғашық болған сүйіктің өміріңдегі ең қауіпті дұшпаныңа айналуы мүмкін. Жағдайды оған жеткізбе. Некеге отырар алдында таңдаған жарыңмен тең құқылы болуға, бір-біріңді басынбауға келісіп алуың керек. Бұл жолға түспес бұрын бәрінің бетін ашып алған абзал.
Бірақ есіңде болсын, біз балаларымыздың өмірі үшін жауаптымыз және одан ешқашан тайқып кетуге болмайды. Перзентіңмен арадағы қарым-қатынасыңа оның анасымен арадағы қарым-қатынасың ешқашан әсер етпеуі керек. Балаларыңның анасына деген көзқарасың қандай болса да, әрқашан жақсы әке болып қалуға тиіссің. Отбасымен бірге тұрсаң да, ажырассаң да, басқа отбасын құрсаң да, балаларыңа жақсы әке болуға міндеттісің!
Кез келген уақытта кетуге қақың бар екенін ұмытпа, бірақ солай екен деп қалғың келіп тұрса да, кетіп қалма. Ал егер ақыры кетуге бел бусаң, өзгені сүйіп қалсаң да, екінші рет отбасын құрсаң да, тағы балалы болсаң да, бұған дейінгі балаларыңа деген махаббатың мен оларды дүниеге әкелген жанға деген құрметің жоғалмауы керек.
Отбасын құру мен ата-ана болу – екіжақты еңбек екенін естен шығарма. «Мен осы үйдің асыраушысымын» деген желеумен жұмысты сылтауратып, балаларды жуындыру, тамақ беру, ұйықтату, сабақ оқыту, жұбату, олармен ойнау, уайымын басу – бәрін тек қана анасының (егер біржынысты неке болса, екінші жартыңның) мойнына іліп тастау – өрескел қателік. Ата-аналық борышыңнан қашуға болмайды. «Аталарымыз солай өмір сүргені» үшін ғана әйеліңді үйге қамап, жұмыс істеуге тыйым салып, бала тәрбиесі мен асүйдің қызметін мойнына артып тастауға болмайды. Біздің заманымыз басқа, біздің қоғамда әйелдер мен ерлер тең құқылы, олардың да біз сияқты мансап қууға, ақша табуға, отбасына қаражат әкелуге қақы бар. Осы мәселемен бірге тағы бір жайттың шеті шығады. Кейбір ер адамдар отбасының асыраушысы деген атын асыра пайдаланып, басқалардың үстінен билік жүргізгісі келеді. Алайда дағдарыс жағдайында жұмысынан айырылса, қолына сырасын ұстап, теледидардың алдындағы диванға жайғасып алып, бала тәрбиесі мен үй шаруасына қоса, отбасын асырауды да әйелінің мойнына артып қояды. Бұл біздің еркек деген атымызға дақ түсіретін нағыз масқара әрекет! Бір қарасаң, бұл парадокс болып көрінеді. Әйткенмен, қазіргі қоғамнан осындай парадокстарды жиі байқаймыз.