24 қантар 2020
Бұл зорлықтан кейін мен екі жылдай ер адамдарды қасыма жолатпадым.
Мен ол кезде келісім-шарт бойынша әскери қызметші болып жұмыс істеп жүрдім. Көп ұзамай бір жас офицер лейтенантпен таныстым, ол жігіт менің көңілімді табу үшін барынша тырысты. Үйлену, отбасын құру жайлы ойлана бастадық, ол мені өзінің жақын достары және жанұясымен таныстырды. Бірде саябақта серуендеп жүріп, бір сәкіге жайғасып отырдық. Ананы-мынаны айтып, әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Күтпеген жерден ол маған дейін ер кісілермен қатынасың болды ма деп шетін сұрақ қойды. Мен жауап қайтармайын деп едім, бірақ ол маған үйленем деген ниеті жайлы айтып, келешекте жануя құратын болсақ, арамызда айтылмаған нәрсе қалмауы тиіс деп, айтқызбай қоймады. Мен оған басымнан өткен зорлық жайлы бар шындықты айтып бердім. Бұны естіген ол төбесінен тас түскендей бір сөз айтпастан жым-жырт болып отырып қалды. Үндемеген күйі ұзақ отырдық. Кенет, ол бар күшімен сәкіні жұдырықпен ұрып, қолын жаралап алды. Мен шошып, не істерімді білмей, жылап жібердім. Ол болса, менің үрейге толы көздеріме қарап, мені құшақтап, бәрі жақсы, маған айтқаның дұрыс болды деп жұбатқан сияқты кейіп көрсетті.
Біраз уақыт өткен соң ол мені өзінің пәтеріне қонаққа шақырды. Сол жерде мен оған сеніп, екеуіміз жақындастық. Мен өзімді (мейлі аз уақыт болса да) бақытты жан болып сезіндім. Осындай «бұзылған» күйімде мен енді ешкімге керек емеспін, енді ешкім маған үйленбейді деген үрейлерім орынсыз болыпты деп ойладым. Өзімнің нағыз ерімді, шын жарымды тауып, енді екеуіміз бақытты боламыз деп сендім.







