Алматыға келген әр адамды мұнарланған тау бейнесі сүйсіндіріп, сөзсіз ғашық етеді. Біз ұсынғалы отырған материал кейіпкері де тауға шын ғашық жандардың бірі. Алматы қаласындағы альпинизм мектебінің жетекшісі Ада Молгачева өзінің әуесқой альпинизмнен нұсқаушы, жаттықтырушыға дейінгі жолын баяндайды. Сонымен қатар Ада Қазақстандағы әйелдер альпинизмі, командалық жұмыс, достық жайлы ой бөлісті.
Перизат Кәрімқұл5 cәуір 2023
Мен альпинизмге қалай келдім?
Алматыға жасөспірім кезімде көшіп келдік. Басқалар сияқты алып тау мені де тамсандырды. Студенттік шақта достарыммен тауға шығатынбыз. Ол кезде дайындық та жоқ, қауіпсіздікке де аса мән бермейтін едік.
Альпинизммен айналыса бастағанда жасым 23-те еді. Үш жасар қызым бар, күйеуім мен ата-анамыз қолдап, достарымның нұсқауымен федерация жанындағы альпинизм секциясына жазылдым. Жарты жылдай уақыт жаттығу мен дайындыққа кетті: стадионда жүгіріп, биікке өрмелеп, құрал-саймандармен жұмыс істеуді үйрендік. Содан кейін ғана алғашқы биігіміз – Пионер шыңына шықтық.
Альпинизм басқа спорт түрлеріне ұқсамайды. Әдепкі спортта қарсылас бар, оның сізбен жынысы бір. Ал альпинизмдегі қарсылас – тау. Тауға сен еркексің бе, әйелсің бе, бәрібір. Сондықтан әйелден де, еркектен де бірдей дайындық талап етіледі.
Қазақстандық әйел альпинистер жайлы
Қазақстанда әйел альпинистер көп. Бір кездері әйелдерге қиындау болатын. Оған себеп – 1974 жылғы Ленин шыңында болған трагедия. Сегіз әйелден құралған команда ауа райының күрт бұзылуынан таудан түсе алмай, көз жұмған еді. Содан кейін ашық айтылмаса да, командалық жорықтарға әйелдерді қоспауға тырысқан дейді. Десе де әйелдер жаттықтырушы, нұсқаушы бола алатын. Қазір де Наталья Сальникова, Полина Аубакирова сияқты нұсқаушы әйелдер баршылық.
Эверестке шыққан алғашқы қазақстандық әйел Людмила Савина тұғын (1997 жылы). Светлана Шарипова сегіз мыңдық үш шыңға көтерілді. Қазіргі күні Қазақстанда Светланадан асып түскен альпинист әйел жоқ.