Loading
Loading
0%
Меню
Поиск
Избранное
Manshuq LogoManshuq Slogan
Волна
Расскажи историю
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкастыСпецпроекты
Manshuq Logo
Күлше қыздан «темір әйелге» дейін: түрік сериалдарындағы әйел бейнесі
Лайфстайл

Күлше қыздан «темір әйелге» дейін: түрік сериалдарындағы әйел бейнесі

7 мин.
28.10.2026
7 мин.
28.10.2026
Manshuq
Manshuq

Жүздеген серия, миллиондаған көрермен және экран алдында литрлеп төгілген көз жасы. Түрік сериалдарының Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы әйелдердің сүйікті ермегіне айналғанына біраз болды. Махаббат хикаялары, отбасылық тартыстар мен күтпеген оқиғаларға толы бұл сериалдарда әйелдер қалай бейнеленеді? Неге экраннан әлі күнге дейін ақ боз атты ханзадасын күткен Күлше қыз, бәрін бақылауда ұстайтын ене мен әйеліне өктемдік көрсететін күйеу бейнелері түспейді? Manshuq авторы Аружан Еркінқызы түрік сериалдарында мұндай кейіпкерлердің неге әлі де жиі кездесетінін және олардың әйелдер туралы қандай (қате) түсінік қалыптастыратынын талдайды.

Аружан Еркінқызы 28 қазан 2026

«Түрік дизилерінің» өзге сериалдардан басты ерекшелігі – эмоцияны шегіне жеткізе көрсетуінде. Босфор жағасындағы сәулетті виллалар, Ыстанбұлдың әсем көріністері, ұлы махаббат, отбасылық құпиялар мен ғасырлық кек. Көрермен осындай драма үшін екі жарым сағат бойы экран алдында тапжылмай отыруға дайын. Өйткені түрік сериалдары Батыстың заманауи өмір салты мен Шығыстың консервативті құндылықтарын шебер ұштастыра білді. Олар бір мезетте заманауи өмірді де, отбасындағы иерархия, үлкенді сыйлау, туыстық қарым-қатынас пен дәстүр секілді құндылықтарды да көрсетеді. Мұндай орта Орталық Азия көрерменіне жақсы таныс. Дегенмен осы әсем көріністер мен тартысты оқиғалардың астарында әйел бейнесіне қатысты қандай гендерлік таптаурындар жасырынған?

1. «Күлше қыз»: бай жігітті кезіктірсең, өмірің де өзгереді

Түрік романтикалық комедиялары мен драмаларында жиі кездесетін сюжеттердің бірі – қарапайым отбасынан шыққан арманшыл қыз бен дәулетті жігіттің махаббат хикаясы. Мұндай сюжетті Оңтүстік Корея дорамаларынан да жиі кездестіреміз. Бастапқыда қыздың ақшасы жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен немесе өмірден өз орнын таба алмай жүреді. Ал оның өмірінде бай, табысты, көбіне ірі компанияны басқаратын ер адам пайда болғаннан кейін бәрі өзгере бастайды. 2015-2017 жылдары жарық көріп, қазақстандық көрермендер арасында үлкен танымалдыққа ие болған «Жалдамалы қалыңдық» (Kiralık Aşk) сериалы – осы сюжеттің жақсы мысалы. Оқиға Дефненің ағасының қарызын өтеу үшін бай жігіт Өмерді өзіне ғашық етуге келісуінен басталады. Дефне – мейірімді, еңбекқор, қарапайым қыз. Сериал соңында ол өз кәсібін ашып, мансапта жетістікке жетіп, бақытын табады. Алайда оның өміріндегі өзгерістерге түрткі болған өз мүмкіндіктері емес, Өмермен танысуы еді.

Нәтижесінде «Күлше қыз» формуласы көрерменге байқатпай «Дұрыс ер адамды кездестірсең, өмірің де өзгереді» және «ақ боз атты ханзаданы жолықтырсаң, бағың ашылады» деген түсінікті ұсынады

Мұндай сюжеттерде әйелдің бақыты мен әлеуметтік жағдайы оның біліміне, еңбегіне немесе жеке таңдауына емес, кездестірген ер адамның байлығы мен мүмкіндіктеріне тәуелді болып көрінеді.

6052606645d2a07788d02812.webp
«Жалдамалы қалыңдық» (2015 – 2017)

2. «Мен оның мінезін өзгерте аламын»: құтқарушы әйел

Түрік сериалдарындағы әйелдерге қатысты ең қауіпті таптаурындардың бірі – зиянды әрі деструктивті қарым-қатынасты «ұлы махаббат» ретінде романтизациялау. «Жүректегі күз» (Hercai) және «Тағдырға сен» (Yalı Çapkını) сериалдарындағы Рейян мен Сейранның хикаялары осының айқын мысалы. Екі кейіпкердің де қарым-қатынасы отбасылық қысым мен мәжбүрлі некеден басталады. Алайда уақыт өте келе олар күйеулеріне ғашық болып, араларында сезім пайда болады. Ал олардың күйеулері Миран мен Фериттің шектен тыс қызғанышы, агрессиясы мен опасыздығы балалық шақтағы психологиялық жарақаттарымен немесе отбасылар арасындағы өшпенділікпен түсіндіріледі. Осылайша, агрессивті ер адам біртіндеп «жаны жаралы, түсіністікке мұқтаж адам» ретінде көрсетіледі. Ал әйел кейіпкер өзін қорғаудың орнына күйеуін құтқаруға және өзгертуге тырысады. Осы тұста «Мен оның мінезін өзгерте аламын» деген таныс түсінік пайда болады.

MV5BNTJiYjkyOTEtMDY0MS00MzJmLTkwZmMtNWE2Nzk5N2EwMzNiXkEyXkFqcGc@._V1_.jpg
«Жүректегі күз» (2019 – 2021)

Яғни әйел ашушаң, сезімін көрсете алмайтын немесе жауапкершіліктен қашатын ер адамды шексіз махаббаты арқылы «жақсы адамға» айналдыра алатынына сенеді

Мұндай сюжеттер көрерменге екі қауіпті түсінікті ұсынады. Біріншісі – қызғаныш пен агрессияны шынайы махаббаттың белгісі ретінде қабылдау. Екіншісі – ер адамды өзгерту жауапкершілігін әйелге жүктеу. «Сен күйеуіңді түсінуің керек», «Сенің махаббатың оны өзгертеді» деген ойлар арқылы әйел өз шекарасын қорғайтын, жеке қалауы мен қажеттіліктері бар адам емес, ер адамның психологиялық жарақаттарын емдеуге міндетті жан ретінде бейнеленеді.

MV5BZTAyN2JiN2EtMWNlNy00Y2Q0LTlhNmQtYzVmMmNjNDRkZjkwXkEyXkFqcGc@._V1_.jpg
«Тағдырға сен» (2022 – ...)

3. «Тиран ене»: патриархалды жүйені қорғайтын әйелдер

Түрік сериалдарында әйелдің билікке ие болуы оның патриархалды жүйеге қарсы тұрғанын білдіре бермейді. Кейде, керісінше, әйелдің өзі сол жүйенің ең белсенді қорғаушысына айналады. Соңғы жылдары Түркияда романтикалық комедиялардан гөрі әулеттер арасындағы жанжалдар мен мафиялық қақтығыстар туралы драмаларға сұраныс артқан болатын. Жанр өзгергенімен әйелдерге қатысты таптаурындар жоғалған жоқ. Енді олар романтикалық қарым-қатынастарда ғана емес, отбасы, әулет, дәстүр мен кек алу туралы оқиғаларда да көрініс табуда. Мұндай сериалдарда отбасындағы маңызды шешімдерді өзі қабылдап, ұлдарының жеке өміріне араласатын, келіндерінің әр қадамын бақылап отыратын әйелдер жиі кездеседі. «Алыс шаһар» (Uzak Şehir) сериалындағы Садакат Албора мен «Стамбулдық келін» (İstanbullu Gelin) сериалындағы Эсма Боран осындай кейіпкерлердің қатарына жатады. Екеуі де әлсіз әйел емес. Керісінше, өз әулетінде ықпалы зор, маңызды шешімдерді қабылдайтын, қажет болса ер адамдарға да қарсы тұра алатын әйелдер.

Алайда олар өз билігін патриархалды тәртіпті қорғау үшін пайдаланады және ұлдарының таңдауына араласып, келіндеріне маза бермейді

Отбасы дәстүрін жеке адамның еркіндігінен жоғары қойып, өздері кезінде көрген қысым мен қалыптасқан иерархияны келесі буынға қайтарғысы келеді. Осы тұста патриархалды жүйені ер адамдардан бөлек әйелдер де қорғайтынын байқаймыз. Яғни әйел билікке ие болғанымен, бұл басқа әйелдердің еркіндігі артады деген сөз емес. Керісінше, ол өзі де сол жүйенің «күзетшісіне» айналады.

wWsRZx50EiZjfYlgqj40wMfIQR5uB-6spTyOZwY3jq5ETz0u48CuJbSNJrWN8h5leoGhEK0D653S2IgbgpmRUkDbsVgp3nay9qWuGP7dMbftOGuHOQGBTRjehpLPOcFn6m7YGA9QfQlylkPAYKNnQx0au1_B2ayRc3DWE4i-PFJimAdkDbHdELR4DmiC0XjF.jpeg
«Алыс шаһар» (2024 – ...)

4. «Жалған эмансипация»: билігі бар, бірақ еркіндігі жоқ әйелдер

Түрік сериалдарында білімді, табысты, өз ойын ашық айта алатын әйел кейіпкерлер де аз емес. Алайда олардың бәрі бірдей өз өміріне қатысты шешімдерді еркін қабылдай алмайды. Мысалы, «Алыс шаһар» сериалындағы Алья Канадада дәрігер болып жұмыс істеген, мансабы мен өмірлік ұстанымдары бар әйел. Күйеуі кенеттен қайтыс болғаннан кейін ол ұлымен бірге марқұмның туған жеріне келеді. Бірақ мұнда оны мүлдем басқа өмір күтіп тұрады. Әулеттің қатаң тәртібі, әмеңгерлік салты мен отбасылық жанжалдар Альяның өз қалауынша өмір сүруіне кедергі келтіреді. Ол қаншалықты білімді, табысты болса да, айналасындағы адамдар оның болашағын өздері шешкісі келеді. Осындай жағдайды «Стамбулдық келін» сериалындағы Сүрейяның өмірінен де көреміз. Ол еркін өскен әйел және талантты музыкант. Алайда тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінің отбасындағы қалыптасқан ережелерге бағынуға мәжбүр болады. Әсіресе, енесінің талаптары мен сыны оның өз қалауынша өмір сүруіне кедергі келтіреді. Бір қарағанда, екеуі де тәуелсіз, білімді, өз құқығын қорғай алатын әйелдер. Бірақ маңызды шешім қабылдайтын сәтте олардың білімі мен жетістіктерінен гөрі күйеулерінің немесе отбасындағы ықпалды ер адамдардың сөзі басым түседі. Әйелдің жақсы маман болуы немесе табыс табуы оның өз өмірін өзі басқара алатынын білдірмейді. Осылайша, сериалдарда әйелдің тәуелсіздігі дәріптелгенімен, оның өз өмірін еркін таңдауына мүмкіндік беріле бермейді.

MV5BNDFhM2U1YzgtZTMyYy00M2RiLWEyMGYtMWJhZGEwYmM1MjAxXkEyXkFqcGc@._V1_.jpg
«Стамбулдық келін» (2017 – 2019)

5. «Темір әйел»: мықты болу да міндет пе?

Дегенмен түрік сериалдарындағы әйел бейнесі де біртіндеп өзгеріп келеді. Соңғы жылдары экранда өз өмірін өзі құрып, мансабы мен болашағын ер адамға байланыстырмайтын әйелдер жиі көріне бастады. Соның бірі – «Жарғы» (Yargı) сериалындағы Джейлин. Ол – өз ісін жақсы білетін, пікірін ашық айтатын, батыл заңгер. Джейлиннің рөлі басты кейіпкердің сүйіктісі болумен ғана шектелмейді. Ол оқиғаның дамуына тікелей ықпал етеді, кейде қателеседі, тәуекелге барады, маңызды шешімдер қабылдап, олардың салдарына да өзі жауап береді. Джейлин қиын жағдайдан шығудың жолын өзі іздейді. Оның басқа кейіпкерлерден басты айырмашылығы да осында. Оның өмірі тек махаббат пен отбасылық қарым-қатынастар төңірегінде өрбімейді. Ол – өз жұмысы, қызығушылықтары, ұстанымы мен қалауы бар әйел. Алайда мұндай кейіпкерлердің көбеюі жаңа таптаурынның пайда болуына да әкелуі мүмкін.

MV5BMTliZDMwNmYtZGY0Mi00YjIzLTliN2MtNGE4NjUzNGFkZDJiXkEyXkFqcGc@._V1_.jpg
«Жарғы» (2021 – 2024)

Бұрын әйелден жақсы жар, ибалы келін болу талап етілсе, енді оған мансапта жетістікке жету, үнемі батыл болу, ешкімге тәуелді болмай, барлық қиындықты жалғыз еңсеру міндеті жүктелетіндей

Бірақ әйелдің міндетті түрде мықты болуы шарт емес қой. Оның да қателесуге, әлсіздік танытуға, өзгелерден көмек сұрауға құқығы бар. Мәселе әйелдің әлсіз немесе күшті болуында емес. Мәселе – оның өз өміріндегі шешуші субъект бола алуында.

Әйелдің өмірі кімнің қолында?

Түрік сериалдарындағы әйелдердің бәрі бірдей емес. Бірі – бай жігітке ғашық болғаннан кейін өмірі өзгеретін Күлше қыз. Екіншісі – агрессивті ер адамды махаббатымен өзгертуге тырысатын «құтқарушы әйел». Тағы бірі – отбасындағы патриархалды тәртіпті қорғайтын «тиран ене». Кейбір кейіпкерлер білімді, табысты әрі тәуелсіз болып көрінгенімен, маңызды шешім қабылдайтын сәтте ер адамға тәуелді болып қалады. Ал Джейлин сияқты кейіпкерлер әйелдердің экрандағы рөлі біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан мәселе түрік сериалдарында мықты немесе әлсіз әйелдердің қайсысы көбірек кездесетінінде емес. Ең басты сұрақ – әйелдің қалай өмір сүретінін кім шешеді?

Егер оның бақыты ер адамның таңдауына, қауіпсіздігі күйеуінің беделіне, ал отбасындағы орны енесінің қас-қабағына байланысты болса, білімді, табысты әрі батыл болуының өзі оған толық еркіндік бермейді

Ал әйел кейіпкер өз бетінше шешім қабылдап, сол шешімі оқиғаның дамуына әсер еткенде, оның экрандағы рөлі де өзгере бастайды. Түрік сериалдарында біреудің құтқаруын күтпей, өз өмірін өзі құратын әйелдер көбейіп келеді. Алайда жаңа кейіпкерлердің пайда болуы бұрыннан келе жатқан гендерлік таптаурындар жойылғанын білдірмейд. Сондықтан түрік сериалдарындағы әйел бейнесінің қалай өзгеретінін алдағы уақытта да бақылау қызық болмақ.

Поделиться:
ThreadsTelegramWhatsAppFacebookXLinkedIn

КОММЕНТАРИИ

ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ

13 окт. 2026 г.4 мин

Искусство вовремя отпустить: как мы ставили спектакль «Сириус»

02 окт. 2026 г.5 мин

Жизнь в ярких красках: как Айша Галымбаева находила красоту во всём

30 сент. 2026 г.8 мин

Идеальных мужчин здесь играют женщины: как устроен театр Такарадзука

Подписка на Manshuq

ПОДПИСКА НА MANSHUQ

Получайте новости и расписание мероприятий первыми

О проектеКонтактыАрхивРекламаMedia Kit
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкасты
СпецпроектыBeautyА что, еслиAsk ManshuqЗдоровье ManshuqФинансы Manshuq
Manshuq
© 2026 Manshuq Media. Все права защищены.
Пользовательское соглашениеИспользование материаловРедакционная политика