Мансап

«Басқа жұмысқа ауысқым келмейді» – Жадыраның Top.kz-тегі жолы мен жетістіктері

Кейде адамға өмірін түбегейлі өзгерту үшін бір ғана дұрыс шешім қабылдау жеткілікті. Осыдан 8 жыл бұрын Жадыраға қарыздан көз ашпау, шетелде демалу мүмкін еместей көрінетін. Ол айлықтан айлыққа дейін әрең күн көрді, тапқан нәпақасы несие мен пәтерден артылмайтын. Алайда, Top.kz компаниясына келгеннен кейін кейіпкеріміздің өмірі түбегейлі өзгерді. Несиесін жауып, биыл өз пәтерінің кілтін алды. Сонымен қатар, тұрақты табысқа жетіп, Германия, Польша, Дубай, Египет сияқты елдерде саяхаттайды. Онымен сұхбат барысында жанына жақын іспен айналысудың, тұрақтылық пен табандылықтың адамды алға жетелейтініне куә болдық.
Аружан Мусабекова

26 желтоқсан 2025

Клиниң саласына келместен бұрын Жадыра М. дүкенде қасапшы, қоғамдық көліктерде бақылаушы болып жұмыс істеген. Кейіпкеріміздің айтуынша, сол жылдары оның табысы пәтерақысы мен несиесінен артылмайтын. Әрине, мұндай жағдайларда еңбек ету оңай емес. Кейін Жадыра бұрынғы әріптесінің шақыртуымен Top.kz ұжымына келді.

Жадыра М.

Top.kz қызметкері:


«Осы компанияға келместен бұрын еш нәрсе күтпедім. Егер ұнап жатса, ары қарай жалғастыра беремін, ұнамаса – басқа жұмысқа ауыса саламын деген ой болды. Бұл салада тәжірибемнің жоқтығы да мені алаңдатты. Алайда, қорқатын түгі жоқ, қыздар маған егжей-тегжейлі бәрін түсіндіріп, әркез жанымнан табылып қолдау білдірді. Осылайша ұжымға сіңісіп кеттім. Қазір тіпті басқа жұмысқа ауысқым да келмейді».

Биыл Жадыраның Top.kz-те қызмет етіп жүргеніне 8 жыл болды және әрі қарай да мұнда жұмыс істеп, мансабында өспек ойы бар. Себебі компанияда қызметкерлерге барлық жағдай жасалған: ыңғайлы жұмыс кестесі, жоғары жалақы, бонус жүйесі. Әрине, кейде тапсырыстардың көптігінен жұмыс уақыты созылатынына қарамастан, қызметкерлер өзара келісіп, кезектесіп ауысымға шығады. Әсіресе, мереке қарсаңында Тop.kz ұжымының бір күнде 3-4 үйді қабылдайтыны қалыпты жағдай. Мұндай кезде компания массажға сертификат сынды сыйлықтармен қызметкерлерін қуантады.

Top.kz – клиниң саласында сегіз жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан компания. Қазақстанның жеті қаласында қызмет көрсетеді және ай сайын аумағы 500 мың шаршы метрден асатын үйлерді, пәтерлерді, кеңселерді, дүкендер мен өндірістік нысандарды тазалайды.
Жадыра клиниң саласында адамдармен қарым-қатынас орната білудің де маңызын тілге тиек етті. Тапсырыс берген адаммен күлімдеп амандасу, жұмыс формасын кию, кәсіби тазалау құрылғыларын пайдалану арқылы компания туралы жақсы ой қалыптасады.
Жадыра М.

Top.kz қызметкері:


«Үйіне бірінші рет клиниң шақыртқан адамдар басында күдікпен қарайды. Біз олармен сөйлесіп, тек сапаға жұмыс істейтінімізді жеткіземіз. Адам қолы жетпейтін бұрыштарды тазалап жуғанымызды көргеннен кейін ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырады».

Қазіргі таңда Top.kz тек клиниңпен шектелмей, қызмет бағытын кеңейтіп жатыр. Олар тұтынушыларға шағын жөндеу жұмыстары, қажет заттарды жеткізу мен тұрмыстық тауарларды сатып алу сияқты қосымша қызметтерді де ұсынады. Яғни, Top.kz-пен жұмыс істесеңіз, үй мен кеңсе күтіміне қатысты мәселелерді бір жерден шеше аласыз.

Компанияда өз ісін сүйетін жандардың болуы – ұқыптылық пен тиянақтылықтың көрсеткіші. Алайда, Жадыраның сөзіне сүйенсек, бес саусақ бірдей болмағаннан, күн сайын мінезі әртүрлі адамдар кезігеді. Мұндай жағдайда жанжалға жол бермей, Call-сenter-ге хабарласуын өтінеді. Онда менеджерлер клиенттің сұрақтарына жауап беріп, туындаған мәселелерді шешуге тырысады.


«Үй жинау арқылы көп ақша табу мүмкін емес, бірсарынды, лас жұмыс» деген пікірлермен Жадыра мүлде келіспейді. Себебі оның бұған дейін тапқан табысын қазіргі жалақысымен салыстыруға болмайды. Бұрын айлықтан айлыққа дейін әрең күн көрсе, қазір қарыздарынан құтылып, арқасынан ауыр жүк түсті.

Жадыра М.

Top.kz қызметкері:


«Осыдан тура екі апта бұрын өзімнің үлкен көлемдегі несиемді жаптым, баспаналы болдым. Осындай мүмкіндіктерді берген Аллаға мыңда бір шүкір деймін. Германия, Польша, Дубай, Египетте демалып келдім, қыдырмаған жерім қалмады. Расымен де өмірім жақсы жаққа өзгерді. Жұмыстың жаманы болмайды. Жақсы көретін ісіңмен айналысып, табысты бола алатыныңа мен – айқын дәлелмін».

Кейіпкеріміздің бастан кешірген оқиғасына қарап, адам бойындағы табандылық, еңбекқорлық пен қажымас қайраттың арқасында алға қойған мақсатына жете алатынына тағы да бір рет куә болдық. Өмірдің қиыншылықтарына мойынсұнбай, соңында жанына жақын ісін тапқаны – Жадыраның үлкен жеңісі. Оның әңгімесі – біреуге мотивация, енді біреуге жаңа бастамаларға себеп болар шынайы өмір тарихы.
Суреттер: Жания Фазылова
M