МАНСАП

KMF ISKER HANYMY – 2023: кім Қазақстандағы үздік кәсіпкер ханым атанды?

Микробизнестегі әйелдерді қолдау үшін құрылған жыл сайынғы KMF ISKER HANYMY – 2023 жүлдесі 6 қазанда табыс етілді. Алматыда өткен марапаттау рәсіміне Қазақстанның 15 өңірінен жүзге жуық кәсіпкер ханым келді. Бұлар негізінен өңірлер мен ауылдық жерде жұмыс істейтін әйелдер. Іс-шараның қалай өткені туралы репортаж осы мақалада.
Яна Каримова

16 қазан 2023

Swissotel Welness Resort Alatau Almaty залында Голливудта өтетін салтанатқа тән атмосфера орнаған. Барлық жерде кешкі және коктейльдік сәнді көйлек киген әйелдер жүр, welcome drink, тікелей орындалып жатқан музыка, интерактивті фото- және видеоаймақтар бар. Барлық қонақтар күлімсіреп, суретке түсіп, бір-бірімен сөйлесіп тұр. Олардың барлығы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген кәсіпкер әйелдер, әрқайсысының өзінің шағын, бірақ табысты бизнесі бар. Олардың әрқайсысы үшін жүлде алуға қатысу және Алматыдағы марапаттау рәсіміне бару – үлкен оқиға. Биылғы жылы KMF ISKER HANYMY сыйлығымен марапаттау рәсімінің «Табыс калейдоскопы» деген атпен өтуі кездейсоқ емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл калейдоскопта кәсіпкерлік әлеміне батыл қадам басқан әрбір әйелдің бойындағы шексіз сан алуан талант және оның көпқырлылығы көрінеді. Әрбір қатысушы әйел – осынау әдемі табыс мозаикасының бірегей элементі.

Әсел Шегебаева

Әсел Шегебаева

«KMF-Демеу» қорының Бас директоры:
«Жүлдені табыс ету рәсімін өткізіп келе жатқанымызға үш жыл болды. Алғашқы жылы бір мыңнан астам өтінім берілсе, биыл бұл цифр екі мыңға дейін өсті. Бізге 15 аймақтың кәсіпкер әйелдерінен өтінім түсті, яғни олар біздің барлық филиалдарымыздың клиенттері. Бүгін мұнда шалғай жерлерден келген әйелдер бар, олардың кейбірі Алматыға бірінші рет келіп отыр және кейбірі ұшақпен алғаш рет ұшқан. Қазіргі уақытта осы жерде KMF компаниясының жүзге жуық клиенті бар, олардың ішінен алты негізгі жеңімпаз және он бес номинация бойынша жеңімпаздар іріктеледі – олар үшін біз қосымша номинацияларды белгіледік».


KMF ISKER HANYMY байқауы кездейсоқ пайда болған жоқ. Сонау 2006 жылы KMF пен «KMF-Демеу» қоры Қазақстандағы кәсіпкер әйелдерге арналған қаржылық емес іс-шаралар бойынша бірлесіп жұмыс істей бастады. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде алдымен микробизнестегі әйелдерге арналған жыл сайынғы конференция ұйыдастырылып, кейінірек өзінің бизнесін дамытуға және үнемі өсуге ынталандыру үшін іскер әйелдерді марапаттау идеясы пайда болды.

Қарлығаш Райханова

Қарлығаш Райханова

KMF басқарма төрағасының орынбасары:
«Қатысушылар өсіп жатыр, жүлде алуға қатысуға ниет білдірушілер саны көбейіп келеді. Биылдың өзінде екі мыңнан астам өтінім келіп түсті, оларды талдай келе, қазір тек микробизнес өкілдері ғана емес, осы жылдар ішінде бизнесі айтарлықтай өскендер де қатысып жатқанын көрдік. Сондықтан біз «Шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» деген жаңа номинация енгізудің уақыты келді деп шештік. Бұл әйелдердің өз бизнесін дамытып жатқанын және оның жылдан-жылға өркендеп, кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.


Біз 26 жыл бойы әйелдерге қолдау көрсетіп келеміз. Осы уақыттың ішінде біз тек кәсіпкер әйелдерге ғана емес, отбасыларға да қолдау көрсетіп жатқанымызды түсіндік, өйткені әйелдер өзінің бизнесі арқылы балалары мен жақындарын барынша қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Егер бір кездері үйінде шағын кәсібі бар әйелдерге көмектесуден бастасақ, қазір бизнес өркендеп, ерлер мен әйелдер бизнесінің шекарасы жойылуда. Барған сайын көбірек әйелдің әдеттегі ерлердің бизнесі деп есептелген сала – тасымалмен, фермерлік шаруашылықпен айналысатынын байқап отырмыз. Сыйлық біздің әйелдердің ерекшеленуіне көмектеседі, оларды дамуға ынталандырады және еңбегі еленіп, марапат алуына мүмкіндік береді».


Марапаттау рәсімі тамаша шоу бағдарламасы бар гала кешкі ас форматында өтті. Әрбір жаңа номинацияның жеңімпазы жарияланған сайын залдағы адамдар елеңдеумен болды – бас жүлде 1 000 000 теңге. Осы орайда, көптеген қатысушы үшін номинацияда жеңімпаз атанудың өзі тосын жайт болғаны рас. Осылайша, Талдықорғаннан келген Сильвана Бекишева бизнесінің арқасында жеңімпаз атанатынына мүлде үміттенген жоқ: оның айтуынша, ол жай ғана іс-шараға қатысып көңіл көтеру, басқа кәсіпкер әйелдермен кездесіп, тілдесу үшін келген. Ал нәтижесінде ол «Әлеуметтік бизнес» номинациясында жеңімпаз және техника сатып алуға арналған 500 000 теңге сертификатының иегері атанды.

Суретте: Сильвана Бекишева (ортасында); фотограф: Георгий Чумаков
Сильвана өзінің бизнесін декреттік демалыста жүргенде бастаған. Алдымен балалардың киімін онлайн сатты, кейін жеке дүкенін ашып, бүкіл Қазақстан бойынша көтерме саудада сата бастады. Бірте-бірте өзінің білгенін бөлісетін кез келді деген ой туып, басқа аналарға Қытаймен қалай бизнес құру керегін үйрете бастады. Бүгінгі таңда Сильвананың мыңдаған оқушысының арасында ерекше қажеттілігі бар балалардың аналары бар, олар үшін оқу тегін өткізілді.

Сильвана Бекишева, 

«Әлеуметтік бизнес» номинациясы бойынша жеңімпаз:
«Бизнесімді 60 мың теңгемен бастадым. Ал кәсібімді кеңейтуді шешкен кезде кәсіпкер ретінде маған сенген жалғыз банк KMF болды. Осы жолмен жүріп, біздегі әйелдердің өмірі қаншалықты қиын екенін түсіндім. Дүкенімді автоматтандырған бойда: «Неге басқаларға көмектеспеске?» деп ойладым. Барлық қалалардан көп өтінім келіп түсті, көпшілігі өз бизнесіңді ашу бойынша кеңес сұрады. Алғашында тегін консультация беріп жүрдім, сосын: «Неге ресми түрде оқытпасқа?» деп ойладым. Сөйтіп бағдарламалар жаза бастадым, қазір бүкіл Қазақстан бойынша 5000-нан астам оқушым бар, олар жүзден астам дүкен ашты».


Талғарда тұратын Лола Сагитова үшін де номинациядағы жеңіс күтпеген жағдай болды – оған «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» табыс етілді. Лоланың айтуынша, ол мұндай сыйлықты өзінің өндірісі бар, қандай да бір өнім шығаратын іскер әйелдер ғана алады деп ойлаған. Ал өзі болса – жұмысын жақсы көретін қарапайым логопед-дефектолог.

Суретте: Лола Сагитова (ортасында); фотограф: Таир Жаканов


Лола Сагитова

«Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинациясының жеңімпазы:
«Кеңес Одағы ыдырағанға дейін балалар үйінде, кейін балабақшада дефектолог болып жұмыс істедім. Содан кейін Өзбекстаннан Қазақстанға, Талғар қаласына көшіп келдік, жұмыс табу қиынға соқты – тар шеңберлі сала мамандарына қаржы бөлінбейтін. Одан кейін мен үшін мүлдем бейтаныс сала – саудада істедім. Үш-төрт жылдай осылай жұмыс істедім, бірақ осы уақыт бойы достарымның балаларына көмектестім, оларды үйде қабылдадым. Біраз уақыттан кейін өзім білетін және жақсы көретін жұмысым осы екенін түсіндім. Сөйтіп алдымен кішкентай кабинет аштым. Дәлірек айтқанда, массажистпен бірге кабинеттің бір жартысында жұмыс істедім. Кейін массажист кетті де, мен оның орнын қосып алдым. Содан кейін жақын жерде орналасқан балаларды дамыту орталығы ​​көшіп кетті, сөйтіп екінші кабинетті алдым, өйткені менімен бірге жұмыс істеп, оқығысы келетін әріптестерім келе бастады. Екі жылдан кейін мұның да жеткіліксіз екенін түсіндім: бізге түзеу жұмысына көмектесетін арнайы үй-жайлар мен жабдық керек. Сөйтіп, мен үлкен үй-жайды жалға алып, жабдықтап, жұмысты бастадым. Қазір бізде балаларды дамыту орталығы да бар: бізде түзеу бағдарламасынан өткен балаларды балабақшаға дейін әлеуметтендіру үшін онымен әрі қарай педагог жұмыс жасайды».
Негізгі сыйлық игерлерінің қатарында:
Анжелика Семёнова
«Бизнесті дамытуға үлес қосқаны үшін» номинациясының жеңімпазы, Талғар;
Қонақбай Ұлбосын
«Агробизнесті дамытуға үлес қосқаны үшін» номинациясының жеңімпазы, Меркі;
Баян Тоқсанбаева
«Шағын және орта бизнесті дамытқаны үшін» номинациясының жеңімпазы, Қызылорда.
Қазылар алқасы Анар Исаеваның да өзінің ісіне деген ерекше сүйіспеншілігі мен адалдығын сезінді. Анардың әңгімесі жүрегіңді елжіретеді. Ол өзінің ісін әкесінен айырылғаннан кейін бастады – ол инсульттің салдарынан өмірден өтті. Сонда Анар түрлі дертке шалдыққан, әртүрлі диагноз қойылған адамдарға көмектесемін деп нық шешті. Осылайша ол балалар мен ересектерге арналған оңалту орталығын ашты.
Суретте: Анар Исаева; фотограф: Таир Жаканов

Анар Исаева

KMF ISKER HANYMY – 2023 сыйлығының Гран-при иегері:
«Менің химик-биолог, заңгер және фармацевт мамандығы бойынша үш жоғары білімім бар. Мен бизнесті 2008 жылы аштым, биыл 15 жылдығын атап өттік. Жұмысты бастаған кезде менде қажетті техника да, білікті дәрігерлер де болған жоқ. Қазір менде отыз адамнан тұратын үлкен кәсіби ұжым, білікті медицина қызметкерлері, сапалы заманауи аппараттар бар. Біздің орталықта жылына 2000-ға дейін ересек және балалар емделеді.


Бұл сыйлықты жеңіп алғаным мен үшін үлкен жетістік және мен оны өз қызметкерлеріме арнаймын – бұл марапатқа олардың арқасында ғана жеттім. Менің ұжымым – менің отбасым. Біз осымен тоқтап қалуды жоспарлап отырған жоқпыз: әрі қарай дамығымыз келеді – барлық адамдар оңалтудан өту мүмкіндігін алу үшін жаңа ғимараттар ашқымыз келеді. Біз портал бойынша жұмыс істейміз және кейбіреулерге орын жетпей қалады. Алған сыйлықты қайырымдылыққа жұмсаймын – аз қамтылған отбасылардың балаларына техника сатып алғым келеді».

KMF ISKER HANYMY – 2023 марапаттау рәсімі кең ауқымда өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы «KMF-Демеу» қоры үшін әрбір жаңа сыйлықпен марапаттау рәсімін бұрынғыдан ауқымдырақ өткізу және кәсіпкер әйелдерге келесі жылы кездескенше жағымды эмоциялар, шабыт пен күш-қуат сыйлау жақсы дәстүрге айналып отыр. Келесі жылы жаңа жағымды жаңалықтар мен жеңімпаздарды асыға күтеміз!
Фотографтар: Георгий Чумаков, Таир Жаканов
M

Читать также: