Аруна Садыбекова
27 ақпан 2025
Арсен Түсіпбеков:
«Дайындық болмаса, стресс күшейеді, ал стресс түрлі мәселеге себеп болмақ. Бұл – бір. Ал екінші мәселе жүктілік барысына, физиологиялық жайттарға қатысты: қандай дәрі-дәрмек қабылдау керек, не нәрсеге мән берген дұрыс, қай кезеңнен бастап дәрумендер ішу қажет. Моральдық дайындыққа келер болсақ, менің үнемі айтатын ойым: ешкім ешқашан толық дайын болмайды. «Қалай күн көреміз?», «Қалай қолдау көрсете аламын?», «Жауапкершілікті қалай алып жүремін?» деген қарапайым сұрақтардан терең экзистенциалды ойларға дейін бәрін бастан өткеруге тура келеді. Екі жолақ шыққан тестті көргенде, кеудеңді қуаныш кернейді. Ал артынша «Енді не істеу керек?» деген ой туындайды.
Әке болуға дайындық барысында Арсен түрлі қорқыныш пен уайымды бастан кешіргенін айтады. Ал кеңес сұрамақ болғанда, ол ер адамдардың көбі жүктілік пен әке болу жайлы ашық сөйлесуге дайын емес екенін байқаған. «Мен кеңес алғым келді, бірақ сұраған адамым бұл тұрғыда біліксіз болып шықты, ол бұл процеске тікелей араласпайды екен, – дейді Арсен. – Әдетте ер адамдар жүктілік туралы тек фильмдерден немесе кітаптардан біледі, олар да көбіне ер адамдардың жазған немесе жасаған дүниесі».
Ал босану кезіндегі қолдау жайлы сөз қозғалғанда, Арсен бұл кезде әйелдің физикалық әрі эмоциялық тұрғыда өте әлсіз болатынын атап өтті. Әлеуметтік желілер, кейде тіпті медицина қызметкерлері жағдайды одан әрі қиындатуы мүмкін. Дәл осындай сәттерде ер адам қорғаушы рөлін атқарып, жұбайы мен болашақ баласының мүддесін қорғауы тиіс. Ең күрделі кезең артта қалып, сәби дүниеге келген соң, одан да кем түспейтін маңызды кезең – жаңа өмір басталады.







