ЛАЙФСТАЙЛ

Динара Сұлтан: «Ethno Pop-Up Store – елге деген сағыныштан туған жоба»

Көктем туды! Алда бәріміз асыға күтетін Наурыз мейрамы келе жатыр. Мереке қарсаңында нағыз қазақи толқында болғыңыз келсе, 15-16 наурыз күндері Алматыдағы Sadu Arena-ға бас сұғыңыз. Мұнда ұлттық нақыштағы киім-кешек, әшекейлер, қолөнер туындылары сатылатын жәрмеңке, арт-кеңістік пен жанды музыканы бір жерге тоғыстыратын Ethno Pop-Up Store өтеді.


Manshuq оқырмандарына әнші әрі Ethno Pop-Up Store-дың негізін қалаушы Динара Сұлтан бұл жобаның қалай басталғанын, шараға қатысатын брендтердің қалай таңдалатынын және 2022 жылдан бері этно-стильге деген көзқарас қаншалықты өзгергенін баяндап берді.

Гүлзада Ксан

5 наурыз 2025

Динара Сұлтан көпшілікке Superstar.kz жобасынан бері танымал. Әншінің ерекше дауысы бір төбе болса, таңдаулы әндерден тұратын репертуары, сахнадағы образдары мен көркем клиптері өз алдына бір төбе. Динара ханымның өнерімен жақын танысқан сайын, ол кісінің жай ғана талантты музыкант емес, елімізге және оның тарихы мен мәдениетіне ерекше құрметпен қарайтын, түп-тамырға оралудың маңызын түсінетін және бойындағы бар махаббатын өзгелермен бөлісуге дайын тұлға екенін байқауға болады.


Кезінде Динара Сұлтан Қазақстан атынан көптеген ән байқауына қатысты, талайында жеңіске жетіп, біздің өнерді әлемге паш етті. Сол кезде мәдениет саласында жүргендер Динараны байқауларға біліп жіберген сияқты. Ән айта алатындар көп, бірақ білдей бір елдің атынан шығып өнер көрсету үлкен жауапкершілік пен үлкен махаббатты қажет етеді. Динараның он бес жыл бұрын айтқан әндері де, қазір айналысып жүрген ісі де елге, жерге, өнерге, мәдениетке және халыққа деген махаббатқа толы.


Әнші 2022 жылы ұлттық өнер мен жергілікті шеберлерді қолдап, алматылық тұрғындар мен қала қонақтарын қазақ мәдениетімен таныстыру мақсатында Ethno Pop-Up Store жобасын бастаған еді. Бір жағынан жәрмеңке сияқты, екінші жағынан мұражай немесе көрме дерсің. Ұлттық нақыштағы киім-кешек, зергерлік бұйымдар, ыдыс-аяқтар мен басқа да дүниенің бәрі бір жерге жиналған. Бастысы – бәрі өзіміздікі. Өндірістікі. Бағасы да жақсы. Көздің жауын алады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз қарсаңында өткелі жатқан Ethno Pop-Up Store-ды тиек етіп, жобаның негізін қалаушы Динара Сұлтанмен әңгімелесіп қайттық.

«Ethno Pop-Up Store-ды жасау туралы ой сағыныштан туды. 2012–2017 жылдар аралығында біз отбасымызбен жұбайымның жұмыс бабы бойынша Дубайға көшуге мәжбүр болдық. Сол кезде арабтарға қарап, ерекше таңқалып, тамсанатынмын. өз мәдениетіне деген сүйіспеншілігін көріп, қандай патриот екенін байқап, ерекше таңғалдым. Олар өз дәстүрін мақтанышпен дәріптеп, ұлттық болмысын сақтауға ерекше мән береді. Сол кезде өзіме елге оралған соң мәдениет саласында маңызды бір жобаны іске асырамын деп уәде бердім. Бірақ ол кезде нақты қандай бағытта болатынын білмедім. Кейін Қазақстанға оралып, музыкалық мектеп аштым. Сосын ұлттық нақыштағы сапалы жәрмеңке ұйымдастыру идеясы келді», – дейді Динара.


Динараның айтуынша, жобаның басты мақсаты – қазақтың бай мәдениетін жаңа қырынан танытып, дәстүрдің өзектілігін сезінуге мүмкіндік беру. Ethno Pop-Up Store жобасы отандық дизайнерлерге қолдау көрсетіп, қазақ мәдениетін жоғары деңгейде насихаттайтын алаң ретінде ойластырылған. Жылына екі рет өтетін шара күзде Сабан тойға орай ұйымдастырылса, көктемгі фестиваль Наурыз қарсаңында өтеді екен.


«Жоба алғашында шағын форматтағы бастама еді. 2022 жылы қолөнер шеберлерін, дизайнерлерді, киізбен және керамикамен жұмыс істейтін шеберлерді іздеп, әрқайсысына жеке хабарласып, жобаға шақырған болатынмын. Бүгінде Ethno Pop-Up Store ауқымды мәдени іс-шараға айналды. Концепциясы уақыт өте келе байып, этно-мәдени фестиваль деңгейіне жетті десем қателеспеспін. Біз тек сән мен аксесуарларды ғана емес, ұлттық өнерді, музыканы, дәстүрлі тағамдарды, тарих бойынша дәрістер мен шеберлік сабақтарын да қамтимыз. Бұл коммерциялық жоба ғана емес, ұлттық мәдениетке қызмет ететін рухани платформа», – дейді Динара Сұлтан.

Биыл Ethno Pop-Up Store 15-16 наурыз күндері 11:00-ден 19:00-ге дейін Sadu Arena-да (Әл-Фараби даңғылы 128/7 Б) өтеді. Мұнда сіздерді үздік этно-брендтер қатысатын үлкен жәрмеңке, шеберлік сабақтары, арт-кеңістік, жанды әуен мен мерекелік көңіл күй күтеді.
Жобаға ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестірген дизайнерлер, брендтер мен қолөнер шеберлері қатысады. Басты талап – өнімнің ұлттық нақышта болуы және мәдениетті паш етуі. Шараға қатысатын брендтерді таңдайтын жалғыз Динара емес, осы Ethno Pop-Up Store-дың басы қасында жүрген ұжым. Олардың айтуынша, ең алдымен сапаға көңіл бөлінеді, сосын өнімнің түпнұсқалығы мен ерекшелігіне де назар аударылады. Ұлттық стильді сақтай отырып, қазіргі заманға сай болуға тырысатын брендтердің асығы әрқашан алшысынан түседі екен.

Динара Сұлтан: «Ethno Pop-Up Store – елге деген сағыныштан туған жоба»
Динара Сұлтан: «Ethno Pop-Up Store – елге деген сағыныштан туған жоба»

Жоба туралы әңгімеміз біртіндеп әртістің жеке басына, өнерге деген көзқарасы мен құндылықтары жайлы арнаға бұрылды. Ән-күйінің арқасында халықтың ықыласына бөленіп жүрген Динарадан Ethno Pop-Up Store оған қандай сезімдер сыйлайтынын сұрадық.


«Ethno Pop-Up Store – мен үшін шығармашылық пен рухани байлықтың қайнар көзі. Әр маусым сайын келушілердің жылы лебізін тыңдап, олардың қызығушылығы мен мақтанышын көргенде, жобама деген махаббатым одан әрі арта түседі. Көп адам Ethno Pop-Up Store-ды жай ғана сауда орны деп емес, ұлттық мәдениетпен танысуға мүмкіндік беретін алаң ретінде қабылдайды. Әрине, бұл тек маған ғана тиесілі жетістік емес, бүкіл ұжым болып істеген адал еңбектің жемісі.


Мен музыкант болғандықтан, шығармашылық – өмірімнің ажырамас бөлігі. Музыка да, Ethno Pop-Up Store да – ұлттық мәдениетті заманауи аудиторияға жеткізудің әртүрлі тәсілі. Мен екі бағытта да қазақ мәдениетінің қаншалықты бай екенін заманауи аудиторияға көрсетуге тырысып жүрмін», – деп жауап берді Динара.

Динара Сұлтан: «Ethno Pop-Up Store – елге деген сағыныштан туған жоба»
Динара Сұлтан: «Ethno Pop-Up Store – елге деген сағыныштан туған жоба»
Бізге қызық болған тағы бір нәрсе – Динараның киім таңдаудағы ұстанымдары мен ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті өмірдегі образдарына үйлестіру тәсілі. Динараның күнде киетін киімі түгелдей этно-стильде тігілмесе де, гардеробында ұлттық нақыштағы киім көп екен. Әнші Ethno Pop-Up Store кезінде өзіне сахналық образдар және күнделікті киетін ерекше дүниелер іздейтінін айтты. Шапандар мен ұлттық нақыштағы пиджактар, сөмкелер мен зергерлік бұйымдарды ерекше ұнататын Динара, бұның бәрі күнделікті өмірде мәдени тамырды сезінудің бірден бір жолы екенін атап өтті. Динара былтыр Венециядағы биенналеге барған және ол жақта отандық дизайнерлеріміз тіккен ұлттық нақыштағы киім киіп жүрген. Динараның киіміне көптеген шетелдік қонақ тамсанып, сұрақтарын жаудырыпты. Динараның айтуынша бұл жағдай қазақ мәдениетінің бірегейлігі мен тартымдылығының дәлелі бола алады.


«Менде бар дүниенің ішіндегі ең ерекше бұйым – әжемнен қалған күміс білезік. Қазір екі әжем де өмірде жоқ, бірақ олардан керемет зергерлік бұйым қалды. Мен үшін бұл отбасылық мұра және тарих пен дәстүрдің символы. Оны таққан сайын ерекше сезімде боламын».


Бағанадан бері ұлттық нақыш, этно-стиль, қазақи сән деп жатырмыз. Қошқар мүйіз оюын жапсыра салған киімнің бәрі ұлттық нақышта ма, этно-стиль деген тек қана шапандар мен камзолдар, орамалдар мен тақиялар ма деген сұрақ туады. Олай емес екен.


«Қазақылығымыз ою-өрнектерде сақталған десем қателеспеспін. Сондай-ақ ол табиғи материалдар мен ұлттық символикада көрініс тапқан. Сыртқы бейне, әрине, маңызды, бірақ әр туындының астарындағы терең идея мен мағына бар екенін ескер керек. Дәстүрлі элементтер мен заманауи стиль үйлесім тапқанда, ерекше мәдени код пайда болады деп ойлаймын. Сондай-ақ дәстүр тек өткеннің сарқыншағы болып қалмай, қазіргі өмірмен үйлесуі керек. Біз оны күнделікті өмірге бейімдесек, оның өзектілігін сақтап қала аламыз», – дейді Динара.

Мәдениет жанашыры Динара Сұлтанның этно-стиль мен заманауи стильді үйлестіру жайлы көп ойланғаны, біраз ізденгені байқалады. Динара қазіргі таңда көптеген дизайнердің ұлттық элементтерді минимализммен үйлестіріп, күнделікті өмірге ыңғайлы етіп жасап жатқанын атап өтті. Одан бөлек, осы екі стильді үйлестірудің қазіргі таңда әлемдік трендке айналып жатқанын да айтты. Ethno Pop-Up Store алғаш рет 2022 жылы өтті. Содан бері не өзгерді деп сұрағанда, этно-стильге деген қызығушылық артып келеді дейді. Жәрмеңке ұйымдастырушылары бұл өзгерістер бүгін бар, ертең жоқ сәннің ықпалы емес, адамдардың, яғни қазақстандықтардың өзінің кім екенін түсінуге, түп-тамырға оралуға, өткенмен байланыс орнатуға және өзіндік ерекшелігін көрсетуге деген ұмтылысының нәтижесі деген ойға келген.


Әңгіме барысында біз Ethno Pop-Up Store-дың жылдан жылға ауқымы артып, жаңа оймен толығып, жаңа брендтермен серіктестік орнатып жатқанын байқадық. Динара Сұлтан алдағы уақытта Ethno Pop-Up Store-ды тек Алматыда ғана емес, басқа қалаларда да ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Одан бөлек, жоба шетелдік нарыққа шығып, ұлттық мәдениетімізді халықаралық деңгейде паш етуді мақсат етеді. Бұл үшін жаңа интерактивті форматтар енгізіліп, шараның ауқымы кеңейе түседі.


«Біз биыл Ethno Pop-Up Store-ды әдеттегідей SADU қонақ үйінде емес, үлкен аренада өткіземіз. Жобамыздың өсіп жатқанын, ауқымы кеңейіп жатқанын осыдан-ақ байқауға болады. Болашақта одан да ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды көздеп отырмыз», – дейді Динара.

Фотосуреттер: ethnostore.kz
M

Читать также: