Ал егер мен жасанды түсік жасатқым келсе ше?

Жасанды түсік жасау не жасамау – бөгде адамдардың бұған қатысты басқа ойлары болып жатса да, әрбір әйелдің өзінің ғана жеке шешімі. Бұл сұрақта белгілі бір шешімге келу құқығы тек әйелдің өзіне ғана тиесілі. Үзілді-кесілді шешім қабылданған жағдайда нені білу қажет – біздің «Ал, егер» айдарындағы жаңа материалда.
Жасанды түсік жасату – жүктілікті 28 аптаға дейінгі мерзімде үзу. 12 аптаға дейін жасалған түсік ерте түсік деп, ал бұл мерзімнен кейін жасалса, кеш түсік деп саналады.


Жасанды түсік жасатуға шешім қабылдауға түрлі себептер болуы мүмкін: медициналық (ананың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде және нәрестенің даму ақаулықтарымен туылуының улкен ықтималдылығы болған жағдайда), әлеуметтік (мысалы, жүктілік зорлау салдарынан болған жағдайда), немесе жеке бас мәселелері (ана болуға дайын еместік – психологиялық немесе қаржылық тұрғыда, және де басқа себептер). Ең маңыздысы - егер қабылданған шешім үзілді-кесілді соңғы шешім болған жағдайда, ең бастысы, денсаулық қатерлерін барынша болдырмауға көңіл бөлген жөн. Бұл нені білдіреді:


●Еш уақытта түсікті өзбетіңізше халық әдістерінің көмегімен жасауға әрекет жасамаңыз;

●Дәрігерлік кеңес, аурухана немесе дәрігерге қаржыңызды үнемдемеңіз;

●Түсік жасағаннан кейін уақыт өте келе білінетін асқынулардың алдын алу үшін дәрігерге жүйелі түрде көрініп тұру міндет.

Түсік жасатудың алдында не істеу керек?
Ықтимал қарсы көрсетімдер мен қатер факторларын алдын ала анықтау үшін, және асқынуларды болдырмау немесе санын азайту мақсатында міндетті түрде медициналық тексерістен өту керек.


Міндетті тексеріс:

Гинекологиялық қаралу және кеңес алу; 

●Флораны тексеретін жағынды тапсыру;

●Адамның хориондық гонадотропинін (орысша ХГЧ) қан арқылы тексеру;

●Кіші жамбас мүшелерін ультрадыбыс арқылы зерттеу;

●Резус-фактор және қан тобын анықтау;

●Зәр-жыныс ауруларына тексерістен өту (АИТВ, сифилис, гепатит).

Қосымша тексеріс:

●Несеп және қанның жалпы талдауы;

●Коагулограмма (қан уюын тексеру);

●ЭКГ

●және дәрігер белгілеген басқа тексерістер мен талдаулар.

Жасанды түсіктің қандай түрлері болады?

Вакуумдық түсік немесе мини-түсік  

Жүктіліктің 5 аптасына дейін жасалынады.

Жатырдан ұрықты сорып алатын ваккумдық құрылғы қолданылады. Ерте мерзімде жасаланатындықтан, және жатырдың шырышты қабығы жарақаттанбайтындықтан түсік жасаудың бұл түрі қауіпсіз болып саналады.


Медикаментозды (дәрі-дәрмек арқылы жасалынатын) түсік

Жүктіліктің 8 аптасына дейін жасалынады.

Дәрігердің қадағалауымен дәрі қабылданады, бірнеше күннен кейін жатырдан қан кетіп, түсік түседі. Жатырдың шырышты қабығы жарақаттанбағандықтан түсіктің бұл түрі де жарақаты шектеулі түсік болып саналады.


Жатырды қыру, немесе хирургиялық түсік

Жүктіліктің 22 аптасына дейін жасалынады.

Әйелдердің көбісі түсік жасаудың осы түрін ең сенімді деп санап, хирургиялық жолды таңдайды. Алайда түсік жасатудың бұл түрі ең қауіптісі, өйткені ол жатырдың қабырғаларына зақым келтіре алатын хирургиялық құралдардың көмегімен жасалынады. Он екінші аптадан кейін түсік жасату мерзімі кеш болып саналады, сондықтан бұл мерзімнен кейін жүктілікті үзу жайлы шешімді қабылдау тек жалғыз әйелге ғана тиесілі емес. Алайда, бұл мерзімде белгілі бір медициналық және генетикалық көрсетімдер орын алған жағдайда дәрігерлер әйелге жасанды түсік жасауға кеңес әрі жолдама беруі мүмкін. 

Түсікті қайда жасау керек?
Біріншіден өзіңіздің тұрғылықты мекен жайыңыз бойынша әйелдер консультациясына немесе өзіңіз үнемі қаралатын гинеколог дәрігерге көріну қажет. Жүктілікті үзу әдістері, қажетті тексерілу, түсік жасалғаннан кейінгі контрацепция және әйелдің дәрігер бақылауында болу қажеттігі жайлы кеңестер беріледі.


Содан соң, дәрігер Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығына жолдама жазып береді. Қалалық тіркелім бар болған жағдайда, түсік ақысыз жасалынады. Сонымен қоса, түсікті ақылы түрде жеке дәрігерлік мекемелерде жасатуға болады. Құны, орташа есеппен, 15 000 - 35 000 теңге. 

Түсік жасатуға халықтың жыныстық қатынастар жайлы білімінің аздығы басты себеп. Біздің жанұя жоспарлау мәдениетіміз өте төмен деңгейде, сол деңгейді көтеруіміз қажет. Жыныстық ағарту жұмыстары білім беру жүйесіне енгізіліп, контрацепция әдістері балаларға мектеп жасынан бастап оқытылуы керек, ата-аналар балаларымен осы тақырыпта ашық сөйлесуі қажет. Контрацепция қол жетімді болуы керек!
Лаура Емелбаева, №4 қалалық емхананың акушер-гинеколог
Жасанды түсікті қалайша болдырмауға болады?
Түсік жасату өте қауіпті. Ең бірінші, әлі бала тумаған әйелдер, жасөспірім қыздар үшін қауіп-қатері зор. Түсік жасату болашақта беделдікке әкеліп соғуы әбден мүмкін. Қалаусыз жүктілікті болдырмау үшін контрацепцияны қолдану өте маңызды.
Контрацепция түрлері:
Тосқауылдық контрацепция – бұл мүшеқаптар мен жатыр мойнына кигізілетін латекстен жасалынатын қақпақшалар.


Шиыршық (спираль) бірнеше жылға орнатылады. Ол жасалынған мыс пен күміс шәуетке әсерін тигізеді, ал шиыршықтың өзі аналық жасушаның жатыр қабырғаларына бекітілуіне кедергі келтіреді.


Гормондық контрацепция – бұл дәрі, сақина, пластырь, гормонды шиыршық. Әр әдістің өзінің артықшылықтары бар. Дұрыс қолданылған жағдайда, дәрі - ең сенімді әдіс болып саналады.


Шұғыл контрацепция. Ол қорғансыз жыныстық қатынас болып қойған жағдайда көмектесе алады. Жыныстық қатынастан кейін белгілі бір уақыт аралығында арнайы дәрінің көмегімен ұрықталуды болдырмауға болады. Бірақ бұл дәріні жыныстық қатынас болғаннан кейін алғашқы бірнеше тәулікте, неғұрлым ертерек қабылдау қажет. Бұл дәрі зиянсыз, бірақ үнемі қабылдауға арналмаған.

Кеңес үшін №4 қалалық емхананың акушер-гинекологына Лаура Емельбаеваға алғысымызды білдіреміз.


Аудармашы: Гаухар Есимханова

Суреттер: Роман Захаров

M

Читать также: