«Бұл әңгімені өткен оқу жылының төртінші тоқсанынан бастау керек. Тура аласапыран болды. Ешкім де: балалар, ата-аналар, мұғалімдер, тіпті мектеп әкімшілігі не істерін білмеді. Бұған ешкімді жазғырудың қажеті жоқ деп ойлаймын, мұнда кінәлілер жоқ. Тәртіпсіздік бәрімізді – оқушылар мен мұғалімдерді қатты босаңсытты, өйткені мемлекеттік және сыртқы емтихан болмайтын болды. Төртінші тоқсан «Дем алыңдар!» деген ұранмен өтті. Жаз мезгілі Білім министрлігі мен мектеп әкімшілігінің не істеу керегін ойлануына тамаша уақыт болды.
Тағы бір мәселе – әдетте қырық минутта берілетін материалды жиырма минутта өтетін онлайн форматқа бейімдеу мұғалімдерге қиын болды. Балалардың компьютер алдында жиырма минуттан артық отыруына болмайды, өйткені олар тез шаршайды.
Биылғы оқу жылына дайындықпен келдік. Пандемияның әсерін екі бөлікке бөлуге болады – оң және теріс жағы бар. Үлкен кемшілігі – дәстүрлі үлгіде білім беру кезінде мектепте оқитын балалар әлдеқайда ұқыпты болды, өйткені олардың күнделікті тәртібі болды: тұру, дайындалу, таңғы ас ішу, сабаққа келу және кесте бойынша оқу. Оның үстіне, мұғалімдер оларды бақылай алатын. Тағы бір кемшілігі – онлайн оқыту кезінде балалардың білімі нашарлағаны сөзсіз. Балалар оқуға деген ынтасын жоғалтты, олар қазір өздерінің жайлы аймағында – үйінде, өз бөлмесінде отыр, ал бізді мұғалім ретінде қабылдауы өзгерді. Тағы бір кемшілігі – балалармен қарым-қатынас азайды. Көптеген оқушылар сабаққа қатыспайды, сұраққа жауап бермейді. Мұның себептері әртүрлі: біреу басқаның сөзін бөлуге қорқады, біреудің інілері немесе қарындастары шулап жатады, ал біреу жай ғана көзге түскісі келмейді.
Мектепте буллиңке ұшырағандар үшін онлайн формат өте ыңғайлы. Бұл, әрине, артықшылықтың бірі. Осыған қарамастан, әрбір бала, интроверт немесе экстраверт екеніне қарамастан, құрдастарымен қарым-қатынас жасауды қажет етеді. Онлайн оқыту отбасылық қарым-қатынасқа пайдасын тигізді: балалар ата-анасына, ал ата-ана балаларына жақынырақ болды. Ал ұстаздар өз туыстарымен жақын араласатын болды.
Өкінішке орай, біздегі бағалау жүйесі балаларды бақылауға мүмкіндік бермейді. Кейбір университеттерде бағалау бірнеше бөліктен тұрады: сабаққа келу, сұрақтарға жауап беру, ынтамен қатысу. Қазіргі таңдағы біздегі бағалау жүйесі суммативті-формативті. Бұл мұғалімнің балаларды сабаққа толығымен қатыстыруына мүмкіндік бермейді. Оқушы онсыз да күн сайын баға ала бермейді, ал онлайн жағдайында ол тіптен босаңсып кетті. Оның тоқсан бойы ештеңе істемеуі мүмкін.
Жалпы, мұғалімдердің де ынтасы төмендеді. Мұғалімдердің де балалар сияқты жата тұрғысы, сериал көргісі немесе үй шаруасымен айналысқысы келеді, бірақ олар тәртіп сақтайды. Өйткені, үйде отырып жұмыс істегенде тұрмыстық мәселеге көбірек араласасың. Оның үстіне сабаққа дайындалу керек. Меніңше, пандемияның салдары туралы айту әлі ерте, оны бірнеше жылдан кейін көреміз».