Ерекше қажеттілігі бар баланың анасы күн сайын дәрігерге, дефектологке және түзету сабағына үлгеруге тырысады. Үй ішінің тіршілігі тағы бар. Ал «Өзің қалайсың?» деген сұрақ көбіне күн тәртібінің соңында қалады. Психолог, зерттеуші және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты Гаухар Мамбеталина аналардың эмоциялық қажуы қалай қалыптасатынын және күнделікті жағдайда оларға қандай қолдау қажет екені туралы баяндайды.
Гаухар Мамбеталина 21 қазан 2026
Ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелейтін ананың еңбегі сырт көзге толық байқала бермейді. Ол бір мезетте қамқоршы, ұйымдастырушы, қорғаушы, кейде баласының құқығын талап ететін заңгер, ал үйде отбасының эмоциялық тірегі болады. Баланың диагнозы, ем-шарасы мен дамуына қатысты ақпаратты үздіксіз іздеу, мамандарға бару, қаржылық шығын, қоғамдағы түсінбеушілік және болашаққа алаңдау ананың ішкі ресурсын біртіндеп азайтады. Күнделікті тілде «шаршау», «стресс» және «қажу» бір ұғымдай айтылады. Алайда олардың айырмасы бар. Қарапайым шаршау демалғаннан кейін басылады. Ата-аналық стресс – ата-аналық міндеттер мен қолда бар мүмкіндік сәйкес келмегенде туындайтын қысым. Ал эмоциялық қажу – ұзақ уақыт бойы жиналған стресстің салдары. Оның белгілеріне тұрақты әлсіздік, ашушаңдық, бұрын қуантқан нәрселерге қызығудың төмендеуі, кінә сезімі, баладан эмоциялық алшақтау және «мен бұрынғыдай емеспін» деген ішкі сезім жатады. Бұл ананың баласын жақсы көрмейтінін білдірмейді. Керісінше, көбіне оның өз мүмкіндігінен артық күш жұмсағанын көрсетеді.

Қажу – әлсіздіктің емес, теңгерімнің болмауының белгісі. Ата-ана қажуын зерттеген ғалымдар оны тәуекелдер мен ресурстар арасындағы ұзақ теңгерімсіздікпен түсіндіреді. Таразының бір жағында ұйқының аздығы, баланың мінез-құлқындағы қиындықтар, оңалту кестесі, құжат жинау, қаржылық қысым, әлеуметтік оқшаулану және «мінсіз ана болуым керек» деген талап тұрады. Екінші жағында жақындардың нақты көмегі, серіктестің қатысуы, жеткілікті демалыс, қауіпсіз орта, психологиялық сауат және эмоцияны реттеу дағдылары бар. Егер талаптар көбейіп, ресурстар азайса, қажу қаупі жоғарылайды. Демек, мәселені тек «ана мықты болуы керек» деген кеңеспен шешу мүмкін емес. Жүктің бір бөлігін азайтып, ресурсты көбейту қажет.
Кейде ең пайдалы көмек – «уайымдама» деу емес, баламен бір сағат отыру, емханаға апару, тамақ дайындау немесе ананың сөзін ақыл айтпай тыңдау.
Неліктен ерекше баланың анасына қиынырақ?
Ерекше баланың даму жолын болжау мүмкін емес. Ана баласының әр жетістігіне қуанады, сонымен бірге оның құрдастарымен айырмашылығы анық көрінетін кезеңдерде мұңайып, уайымға салынуы мүмкін. Мұны ғылымда «созылмалы қайғы» ұғымымен түсіндіреді. Ол бір рет басталып, аяқталатын жағдай емес. Бала мектепке барған кезде, жасөспірімдік кезеңде немесе оның болашақтағы дербес өмірі туралы ойлаған сайын бұл сезім қайта оралуы немесе күшейюі мүмкін. Бұған қоғамдағы стигма қосылады. «Неге бұлай болды?», «Дұрыс тәрбиелемеген шығар» деген сөздер ананың өзін кінәлауын күшейтіп, көмек сұрауына кедергі жасайды. Ұзақ уақыт қолдаусыз қалу психологиялық жағдайға ғана емес, дене саулығына да әсер етеді: ұйқы бұзылады, зейін төмендейді, бас немесе бұлшықет ауруы жиілейді. Сондықтан ананың жағдайын отбасының жеке мәселесі емес, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау жүйесіне қатысты мәселе деп қарау маңызды.
Зерттеу нәтижелері
Мен алты жылдан бері ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелейтін аналардың психологиялық әл-ауқатын зерттеп келемін. Зерттеуім аясында Даун синдромы бар балалар аналарының просоциалдық бейімділігі, яғни өзгеге көмектесуге және жанашырлық танытуға дайындығы қарастырылды. Нәтижелер аналардың өзгенің қиналысына эмоциялық тұрғыдан тез үн қататынын көрсетті. Бұл қасиет – үлкен күш. Осындай аналар бір-бірін жақсы түсінеді, тәжірибе бөліседі, қолдау қауымдастықтарын құрады. Бірақ өзгеге көмектесу үнемі өз қажеттілігін кейінге ысыруға айналса, ол қажудың қосымша тәуекелі болуы мүмкін. Сондықтан ананы тек көмек беруші ретінде емес, өзі де жүйелі қолдауға құқығы бар адам ретінде көруіміз керек.

Авторлық карточкалардың ерекшелігі
Зерттеу мен аналармен жүргізілген практикалық жұмыстың негізінде мен эмоциялық қолдауға арналған 50 авторлық карточка әзірледім. Әдістемелік құрал Қазақстан Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік институтында авторлық құқық объектісі ретінде тіркелген: №63813, 4 қараша 2025 жыл. Карточкалар бастапқыда ерекше баланы тәрбиелейтін аналардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалды. Алайда олардың мазмұны эмоциялық қысым сезінетін басқа ата-аналарға да түсінікті әрі қолжетімді. Бұл карточкалардың мақсаты – адамға дайын ақыл айту емес, қиын сәтте өзінің күйін байқап, өте шағын әрі қауіпсіз әрекет жасауға көмектесу.

Қатты қажыған кезде адам ұзақ нұсқаулықты қабылдауға және көптеген шешімнің ішінен таңдау жасауға қиналады. Сондықтан әр карточкада бір ғана қысқа қадам ұсынылады. Мысалы, сезімді нақты атауға арналған сұрақ, бір минуттық тыныс жаттығуы, өзіне жанашырлық білдіретін сөйлем, денедегі кернеуді байқау немесе жақын адамнан нақты көмек сұрау үлгісі беріледі.
Карточкалардың бір бөлігі эмоцияны тануға бағытталған. «Қазір мен нақты не сезіп тұрмын?», «Бұл сезім денемнің қай тұсында байқалады?» деген сұрақтар «маған жаман» деген бұлыңғыр күйді түсінікті сөзге айналдыруға көмектеседі.
Екінші бөлігі өзін айыптауды азайтады. Карточкалар анаға «бәріне үлгеруің керек» демей, оның шаршауға, көмек сұрауға және үзіліс жасауға құқығы бар екенін еске салады.
Үшінші бағыт – әрекет. Карточка үлкен өзгеріс талап етпейді. Ол бір стақан су ішу, үш рет баяу тыныстау, бес минут үнсіз отыру, бүгін орындалмайтын бір міндеттен бас тарту немесе сенімді адамға нақты өтініш жазу секілді қарапайым қадамдарды ұсынады.
Карточкаларды жеке қолдануға, психологпен кеңесу кезінде, аналарды қолдау тобында немесе тренинг барысында әңгіме бастауға болады. Ана кездейсоқ бір карточканы таңдап, ондағы сұраққа жауап бере алады. Өзіне сәйкес карточкаларды бөлек жинақтап немесе күн соңында қай қадамның көмектескенін белгілей алады. Осылайша психологиялық білім абстрактілі кеңес күйінде қалмай, күнделікті әрекетке айналады. Маңызды шектеу де бар: карточкалар психотерапияны, психиатрдың немесе дәрігердің көмегін алмастырмайды. Егер бірнеше апта бойы ұйқы күрт бұзылса, ештеңеге зауқы соқпаса, үрей күшейсе, өмір сүруге құлшыныс төмендесе немесе өзіне зиян келтіру туралы ойлар пайда болса, маманға жедел жүгіну қажет. Карточкалардың міндеті – кәсіби көмек көрсетілетін уақыттың арасында ананың өзімен байланысын сақтап, алғашқы шағын қадам жасауын жеңілдету.
Анаға қамқорлық – балаға да қамқорлық
Өзіне қамқорлық жасау – эгоизм емес. Ана демалғанда, өзінің шекарасын белгілегенде немесе көмек сұрағанда, ол баласынан уақыт «алып қоймайды». Керісінше, отбасының ресурсын қалпына келтіреді. Психологиялық әл-ауқаты тұрақты ана баласының қажеттіліктерін сабырмен байқап, мамандармен тиімді сөйлесіп, күнделікті шешімдерді айқынырақ қабылдай алады. Ерекше баланы тәрбиелейтін аналарға «сен мықтысың» деп айту жеткіліксіз. Оларға үнемі мықты болып көрінуге міндеттемейтін орта, нақты көмек, қолжетімді психологиялық қолдау және тынығуға мүмкіндік қажет.
Ананың жағдайын сұрау – әдеп үшін ғана қойылатын сұрақ емес
Бұл баланың да, бүкіл отбасының да әл-ауқатына салынған инвестиция.

КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Отбасылы әйелдің қаржылық дербестігі: жеке есепшот не үшін керек?
Чему меня научили подруги: пять уроков о любви, смелости и принятии себя
Один в городе: со скольких лет можно отпускать ребёнка из дома одного



