Нелли Блай психиатриялық ауруханаға науқас болып өз еркімен түсті. Ол он күн бойы ұрып-соғылған, мұздай суға малынған, аштық пен қорқынышта өмір сүрген әйелдердің арасында болды. Ал ауруханадан шыққан соң жазған репортажы бүкіл елді дүр сілкіндіріп, мекемедегі жағдайдың өзгеруіне себеп болды. Manshuq авторы Жайна Бердали журналистика үшін ессіздікке барған Нелли Блайдың оқиғасын баяндайды.
Жайна Бердали 24 қараша 2026
1922 жылғы 27 қаңтарда америкалық журналист Нелли Блай пневмониядан қайтыс болды. Бірақ оның есімі журналистика тарихында әлі күнге дейін сақталып келеді. Себебі ол өз дәуірінде әйелдерге қойылған кәсіби шектеулерді бұзып қана қоймай, шындықты білу үшін өзі зерттеп отырған ортаның ішіне кірген журналист болды. Нелли Блайдың шын аты – Элизабет Джейн Кокрейн. Ол 1864 жылғы 5 мамырда АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Кокранс-Миллз қаласында дүниеге келген. Элизабеттің балалық шағы оңай өткен жоқ. Ол алты жасында әкесінен айырылды. Әкесі өсиет қалдырмағандықтан, оның мұрасы екі некеден туған он бес баланың арасында бөлінді. Кейін анасы Азамат соғысының ардагері Джон Фордқа тұрмысқа шықты. Бірақ ол қатыгез әрі ішімдікке салынған адам болып шықты. Бес жылдан кейін Элизабеттің анасы ажырасуға бел буды. Бұл жағдай жас қыздың өмірге деген көзқарасына қатты әсер етті. Ол тәуелсіздік пен еркіндікті ең маңызды құндылықтардың бірі деп түсінді. Неке әйелге әрдайым қаржылық және эмоционалдық қауіпсіздік бере алмайтынын да ерте ұқты. Элизабет мұғалім болуды жоспарлап, интернатқа оқуға түседі. Алайда отбасының қаржылық жағдайы нашарлап, ол оқуын алғашқы семестрден кейін тастауға мәжбүр болды.
1880 жылы Элизабеттің отбасы Питтсбургке көшеді және дәл осы қалада оның журналистік жолы басталады.

Ашулы хаттан басталған мансап
1885 жылы The Pittsburgh Dispatch газетіне Эразмус Уилсон атты автордің әйелдердің жұмыс істеуіне қарсы болуы туралы жазба шығады. Оның түсінігінше, «тәрбиелі жас әйелдің» негізгі міндеті – үй мен отбасына қарау. Элизабет бұл пікірмен келіспеді. Ол редакцияға ашулы хат жазып, әйелдердің жұмыс істеу құқығын қорғады. Хат газет редакторы Джордж Мэдденнің назарын аударады. Редактор Элизабетті редакцияға шақырады. Осылайша Элизабет газетке жұмысқа орналасады. Ол өзіне Нелли Блай деген бүркеншік есім алды. Бұл ат сол кездегі танымал Стивен Фостердің әніне байланысты еді. XIX ғасырда әйел журналистердің көпшілігі мақалаларын бүркеншік атпен жариялайтын. Блай әйелдердің ауыр жағдайы, кедейлік, фабрикадағы еңбек және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер туралы жазғысы келеді. Бірақ редакция оған сән, өнер, мәдени шаралар секілді «әйелдерге лайық» тақырыптарды ғана ұсынады. Блай бұған ұзақ шыдай алмайды. 21 жасында ол өз еркімен Мексикаға шетелдік тілші болып аттанады. Алты айға жуық уақыт бойы Мексикадағы халықтың тұрмысын, кедейлікті, биліктің қысымын және қоғамдағы басқа да мәселелерді сөз етеді. Кейін оның мақалалары кітап болып жарық көреді.

Нью-Йорктегі «бөтен» журналист
Мексикадан оралғаннан кейін Блай Питтсбургте өзіне лайық жұмыс таба алмайды. Оған қайтадан театр, сән және тағы басқа жеңіл тақырыптар туралы жаз деген ұсыныс түседі. Ұсыныстан бас тартқан Нелли Блай Нью-Йоркке көшуді жөн көреді. Ол қалада төрт ай бойы ақшасыз жүріп, ақыры The New York World газетіне жұмысқа орналасады. Газеттің иесі атақты баспагер Джозеф Пулитцер еді. Блайдың журналистік қабілетін байқаған редакция оған өзгелер бара бермейтін жерге барып, басқалардың батылы бара бермейтін тақырыптарды көтеруді ұсынады. Тапсырма қарапайым әрі қорқынышты еді: Нью-Йорктегі психиатриялық ауруханаға өзін науқас ретінде көрсетіп кіріп, әйелдердің қандай жағдайда өмір сүретінін зерттеу. «1886 жылдың 22 қыркүйегінде World газетінің басшылығы менен Нью-Йорктегі психиатриялық ауруханалардың біріне науқас ретінде кіріп, онда науқастарға қалай қарайтыны, мекеменің қалай басқарылатыны туралы боямасыз әңгіме жазып бере аламын ба деп сұрады», – деп жазады Нелли Блай өз күнделіктерінде.

«Психикалық ауру» болуға дайындық
Журналист үшін ең қиын нәрсе – ауруханаға кіру емес, дәрігерлерді өзінің шынымен ауру екеніне сендіру еді. Блай бірнеше күн бойы жаңа рөлге дайындалады. Ол ескі әрі жыртық киім киіп, жуынуды және тісін тазалауды тоқтатады. Айна алдында бірнеше сағат бойы біртүрлі бет қимылдарын жасап жаттығады. Ол психикалық ауытқуы бар адамның көзқарасын, сөйлеу мәнерін және мінез-құлқын бақылауға тырысады. Кейін ол Нью-Йорк көшелерінде есеңгіреген адам сияқты жүріп, өзін оғаш ұстай бастайды. Оның жоспары іске асады. Блай жұмыс істейтін әйелдерге арналған уақытша баспанаға барып, сол жерде өзін қисынсыз әрі агрессивті ұстайды. Ол ұйықтамай, айнаға қайта-қайта қарап, айналасындағыларға түсініксіз сөздер айтады. Баспанадағы әйелдер оның мінезінен қорқып, полиция шақырады. Полиция оны сотқа жеткізіп, сот Элизабеттің психикалық жағдайына күмән келтіріп, оны медициналық тексеруге жібереді. Бельвю госпиталінде оны бес дәрігер тексереді. Төрт дәрігер оны психикалық ауру деп таныса, бір дәрігер оның ауру адам кейпін әдейі жасап тұрғанына сенімді болады. Нәтижесінде Нелли Блай Блэкуэлл аралындағы психиатриялық ауруханаға жіберіледі.

Блэкуэлл: сырттай емхана, іштей түрме
Блэкуэлл аралындағы аурухана бастапқыда науқас адамдарға адамгершілікпен қарауы қажет заманауи мекеме болуы керек еді. Алайда қаржыландырудың қысқаруы мен бақылаудың әлсіреуі жағдайды өзгерткен және аурухана біртіндеп қорқынышты мекемеге айналған. Блай ауруханаға түскен алғашқы күннен-ақ ондағы шынайы жағдайды көреді. Мұнда дөрекі санитарлар науқастарды ұрып-соғып, қылғындырып және шабуыл жасауға дейін баратын. Дені сау өзге елдік әйелдер де осы ауруханаға қамалған болып шығады. Кейбірі не себепті мұнда отырғанын өздері де білмейтін. Блайдың ең қатты таң қалғаны әйелдердің күнделікті өмірінің адам төзгісіздігі еді: тамақ сапасыз, төсек-орын лас, жылы әрі таза киім жетіспейді. Нелли бір таңғы асын егжей-тегжейлі сипаттайды және онда нан мен майдың жеуге жарамсыз, қара өріктің көбі бұзылған, ал шайдың дәмі мыс қазанда қайнатылғандай болғаны айтылады.

Мұздай судағы «ем»
Ауруханадағы ең қорқынышты процедуралардың бірі – мұздай ванна. Блэкуэллге келген кезде Блайды шешіндіріп, мұздай суға түсіреді. Оның үстіне бірнеше шелек су құйылады.
«Тістерім сақылдап, қол-аяғым тоңғаннан бүрісіп, көгеріп кетті. Кенет басымнан бірінен соң бірі үш шелек мұздай су құйылды. Мұздай су көзіме, құлағыма, мұрныма және аузыма кірді. Мен суға батып бара жатқан адамның қандай сезімде болатынын бастан өткерген шығармын деп ойлаймын. Өйткені мені ваннадан тұншығып, дірілдеп, қалшылдап тұрған күйімде алып шықты», – дейді Нелли Блай.
Журналист бұл емдеу әдісінің адамға көмектесудің орнына оның психикалық жағдайын одан әрі нашарлатуы мүмкін екенін түсінеді және ауруханадағы жағдайды түрмеге теңеді.
«Әр есік жеке-жеке құлыпталатын, ал терезелерде торлар бар еді. Егер ғимарат өртенсе, күзетшілер немесе медбикелер науқастарды босатуды ойлайтынына күмәнім бар», – дейді Нелли Блай.

«Сау болсаң да, жынды болып шығуың мүмкін»
Блайдың ең өткір қорытындысы – психикалық тұрғыдан сау адамның өзі осындай ортада ұзақ уақыт өмір сүрсе, есінен адасуы мүмкін деген ой болды.
«Азаптаудан басқа не нәрсе адамды мұндай емнен жылдамырақ жынды етеді? Мұнда психикалық ауытқуы бар әйелдер емделуге жіберіледі. Дені сау әйелді осында әкеліп, оны таңғы алтыдан кешкі сегізге дейін арқасы тік орындықта үнсіз отырғызып, қозғалуға да, сөйлесуге де рұқсат бермей, кітап оқытпай, әлемде не болып жатқанын айтпай, нашар тамақтандырып, қатыгездікпен емдеп көрсін. Екі айдың өзі оны психикалық және физикалық тұрғыдан мүгедек етіп шығар еді», – деп жазады журналист.
Блайдың ауруханадағы зерттеуі қауіпті болғанымен, оның ең үлкен қорқынышы – дәрігерлердің оның кім екенін біліп қоюы еді. Зерттеуінің соңына қарай оның көп жылдан бері таныс досы әрі журналист әріптесі басқа газеттен Блэкуэллге жіберіледі. Оның міндеті – жұмбақ пациент туралы мақала жазу. Журналист Блайды танып қояды. Журналист қыз одан өзінің құпиясын ашпауын өтінеді. Ол оның өтінішін орындайды. Ақыры он күн өткен соң The New York World Блайды ауруханадан шығару үшін адвокат жібереді. Оның он күндік «науқас» өмірі аяқталды. Бірақ ең маңызды кезең енді басталды.

Бүкіл елді дүр сілкіндірген репортаж
Блай ауруханадан шыққаннан кейін екі күн өткен соң оның зерттеуі газетте жариялана бастайды. Материал оқырмандар арасында бірден үлкен қызығушылық тудырады. Блэкуэллдегі дәрігерлер өздерінің алданғанын мойындағысы келмей, ақталуға тырысады. Бірақ Блайдың жазбалары нақты бақылауларға негізделген еді. Оның репортажы бүкіл елге тарайды. Бірнеше күннің ішінде Нелли Блай танымал журналистке айналады. Бірақ Нелли үшін атақ басты мақсат емес еді.
«Менің жұмысымнан алған жалғыз жұбанышым болды. Менің әңгімемнің нәтижесінде қаржы бөлу жөніндегі комитет психиатриялық ауруханаға бұрын бөлінген қаражатпен салыстырғанда бір миллион долларға артық қаражат бөлді», – дейді Нелли Блай.
Зерттеу нәтижесінде қылмыстық іс қозғалады. Блай сотқа шақырылады. Қала әкімшілігі ауруханаға қатысты шаралар қабылдап, қызметкерлердің көпшілігін жұмыстан шығарады.
Қоғамдық ұйымдар мен қамқоршылық қоғамдарының ауруханаға бақылауы күшейтіледі. Бір айдан кейін Блай тергеу комиссиясымен бірге Блэкуэллге қайта барады. Оның айтуынша, бұрын жазған көптеген кемшіліктер түзетіліп, санитарлық жағдай жақсарған, шетелдік науқастар басқа жерлерге ауыстырылған және қатыгез медбикелер ауруханадан кеткен. Нелли Блай психиатриялық ауруханаға «жынды» болып кірді. Бірақ ол жерден журналист ретінде әлдеқайда маңызды нәрсе, яғни қоғамның назарын аударған шындықпен шықты.

Әлемді 72 күнде айналып шыққан журналист
Психиатриялық ауруханадағы зерттеу Нелли Блайдың ең танымал жұмыстарының бірі болғанымен, оның журналистік мансабындағы жалғыз сенсация емес. 1889 жылы ол Жюль Верннің «Сексен күнде әлемді айналып өту» романынан шабыт алып, әлемді шығарманың кейіпкерінен де жылдам айналып шығуға шешім қабылдайды. Блай 1889 жылғы 14 қарашада Хобокен портынан жолға шығады. Ол Англия, Франция, Италия, Египет, Йемен, Шри-Ланка, Малайзия, Сингапур, Қытай және Жапония арқылы өтіп, 72 күн 6 сағат 10 минуттан кейін Нью-Йоркке оралады. Сапарға ол бір ғана сөмкемен шыққан. Оның ішінде киімнен бастап, шляпа, косметика, ине-жіп, қағаз бен қаламға дейін болды. Бұл сапар оны халықаралық деңгейде танымал етті.
Тағы басқа жетістіктері
Нелли Блай 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропада жүріп, майданнан репортаж жасаған әйел тілшілердің бірі болды. Кейін нәрестелер саудасы, өлім жазасы, құмар ойындар және асырап алушы ата-аналардың құқықтары сияқты мәселелерді көтереді. 1922 жылғы 27 қаңтарда Нелли Блай 57 жасында пневмониядан қайтыс болады. Алайда оның есімі ұмытылған жоқ.
Нелли Блайдың тарихы бүгінгі журналистика үшін де маңызды. Қазір журналистің қауіпсіздігі, дереккөздерді қорғау және кәсіби этика қатаң талаптарға бағынады. Сондықтан оның әдістерін сол күйінде қайталау мүмкін емес. Бірақ оның журналистикаға деген көзқарасы әлі де өзекті. Нелли Блай ақпаратты жай ғана көшіріп жазбай, сұрақ қоя білді, зерттеулер жасады және тәуекелге барды. Біздің қоғамда да Нелли Блай сияқты мамандар көп болса деймін.

КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Не оставайтесь одни в трудной ситуации: истории с хеппи-эндом
Ему – ошибка, ей – приговор? Почему мы по-разному оцениваем мужскую и женскую измену
«Отырып қаласың»: неге қоғам қыздарды күйеуге шығуға асықтырады?



