Отбасын құрғаннан кейін әйел қаржылық дербестігін қалай сақтай алады? Некеде сатып алынған мүлік кімге тиесілі және бала күтіміне байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан әйелдің мүліктік құқықтары қалай қорғалады? Manshuq авторы Луиза Алиасқарова заңгер, қаржы маманы және медиатормен сөйлесіп, Қазақстан заңнамасы әйелдердің мүліктік құқықтарын қалай қорғайтынын және отбасында қаржылық дербестікті сақтаудың қандай жолдары бар екенін анықтады.
Луиза Алиасқарова 19 қазан 2026
Отбасында барлық табыс ортақ бюджетке түсуі керек пе? Жұбайлардың әрқайсысының жеке есепшоты болғаны дұрыс па? Әйел бала күтіміне байланысты жұмысын уақытша тоқтатса, оның қаржылық қауіпсіздігі қалай сақталады? Ал некеге дейінгі жинақ отбасылық ақшаға араласып кетсе, кейін оның кімге тиесілі екенін дәлелдеу мүмкін бе?
Бұл сұрақтардың жауабы тек отбасының қаржылық әдетіне емес, Қазақстан заңнамасына да байланысты. Мамандардың айтуынша, мәселе ақшаны міндетті түрде бөлек ұстауда емес, екі жұбайдың да отбасының қаржысына қол жеткізе алуы, оның қайда жұмсалып жатқанын білуі және маңызды шешімдерді бірге қабылдауында.

«Жеке шот – жеке меншік» деген сөз емес
Күнделікті өмірде «карта менің атымда, демек ақша да менікі» деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Бірақ отбасылық құқықта мәселе бұдан күрделірек. Қазақстан заңнамасында, егер ерлі-зайыптылар арасында өзгеше келісім болмаса, некеде тұрған кезде алынған мүлік, соның ішінде табыс пен жалақыдан жиналған қаражат, ортақ мүлік режиміне түсуі мүмкін. Бұл ретте қаражаттың қай жұбайдың шотында тұрғаны жалғыз өлшем емес. Заңгер Арын Дарыновтың сөзінше, негізгі сұрақ – ақша қашан және қандай жолмен алынды. «Жалақы, сыйақы және некеде алынған өзге табыс карта кімнің атына рәсімделгеніне қарамастан, ортақ мүлікке жатуы мүмкін. Ал некеге дейін жиналған ақша әйелдің жеке мүлкі болып қала алады. Бірақ оны некеде түскен жалақымен немесе басқа ортақ қаражатпен араластырса, кейін нақты қай бөлігі жеке ақша болғанын дәлелдеу қиындайды», - дейді ол.

Әйел некеге дейін жинаған ақшасын некеден кейінгі жалақысымен бірге бір шотта сақтаса, уақыт өте келе бұл қаражаттардың қайсысы некеге дейінгі жинақ, қайсысы ортақ табыс болғанын ажырату қиындайды. Заңгер жеке қаражаттың шығу тегін растайтын құжаттарды сақтауға кеңес береді. Сондықтан жеке шоттың маңызы басқа жерде: ол адамның өз қаражатына қолжетімділігін қамтамасыз етеді және жеке қаржы қозғалысын бөлек бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстанның «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 33-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік, жалпы ереже бойынша, олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады. Оған әрқайсысының еңбек, кәсіпкерлік және зияткерлік қызметтен алған табысы, зейнетақысы, жәрдемақысы және басқа да ақшалай түсімдері жатады. Сондай-ақ ортақ кіріске сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, салымдар және басқа активтер кімнің атына рәсімделгеніне немесе ақшаны жұбайлардың қайсысы салғанына қарамастан ортақ мүлік болып есептеледі.
Ортақ бюджетке жеке шот не үшін қосылады?
Отбасыдағы ақша бір ғана шотта немесе бірнеше есепшотта сақталуы мүмкін. Заң ерлі-зайыптыларға күнделікті бюджетті ұйымдастырудың бір ғана моделін міндеттемейді. Қаржы маманы Мақсат Байзатов отбасының ортақ бюджетін жүргізіп, сонымен қатар әр жұбайдың жеке шоты болған моделді қолдануға болатынын айтады. Оның ұсынысында алдымен міндетті шығындар мен ортақ жинақ анықталады. Одан кейін әр адамға жеке қажеттілігіне жұмсайтын сома белгіленеді.
«Жеке шоттың өзі қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Маңыздысы - адамның өз ақшасына қолжетімділігі және отбасының жалпы қаржылық жағдайын білуі», - дейді Байзатов.
Оның пікірінше, отбасының барлық қаржысын бір адам басқарған жағдайда да екінші жұбай кірістер, шығыстар, кредиттер мен жинақ туралы ақпараттан тыс қалмауы керек
Мұндай модельде бір адамның бюджетті жүргізуі мүмкін, бірақ отбасылық қаражат туралы негізгі ақпарат екі тарапқа да қолжетімді болады.

Әйел үйде отырса, оның үлесі қайда қалады?
Қаржылық дербестік туралы әңгімеде декрет пен үй шаруасы бөлек мәселе болып көрінуі мүмкін. Іс жүзінде бұл екеуі тікелей байланысты. Қазақстан заңнамасы бойынша некеде тұрған кезеңде үй шаруасын жүргізген, балаларды бағып-күтумен айналысқан немесе басқа да дәлелді себептермен жеке табысы болмаған жұбайдың ортақ мүлікке құқығы сақталады.
Яғни әйелдің белгілі бір кезеңде жалақы алмауы оны отбасы кезінде бірге жиналған мүлікке құқықсыз етпейді. Бұл әсіресе декрет кезінде маңызды
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың I тоқсанында Қазақстанда 4,5 миллионнан астам әйел жұмыспен қамтылған. Ал 2025 жылғы орташа жалақы көрсеткішінде әйелдерде 372 767 теңге, ерлерде 518 788 теңге болған. Бұл сандардың өзі әр отбасының жағдайын сипаттамайды, бірақ әйелдердің табысы мен экономикалық жағдайы бірдей емес екенін көрсетеді. Сондықтан қаржы маманы Байзатов декретке дайындықты әйелдің жеке мәселесі емес, отбасының ортақ қаржылық жоспары ретінде қарастыруды ұсынады. Бала туғаннан кейін табыс азайып, шығын көбейетінін алдын ала есептеп, резервті ұлғайтуға болады. Әйелдің жеке қажетіне арналған келісілген қаражат та осы кезеңде сақталуы мүмкін.

Пәтер күйеуінің атына жазылса ше?
Отбасылық қаржыдағы ең күрделі сұрақтардың бірі - тұрғын үй. Мысалы пәтер некеде тұрған кезде сатып алынды және құжатта күйеуінің аты көрсетілді. Бұл жағдай әйелдің құқықтарын автоматты түрде жоймайды.
Заң бойынша некеде жиналған мүлік, соның ішінде тұрғын үй, ортақ қаражат есебінен алынған болса, ортақ меншік режиміне түсуі мүмкін
Заңда тіпті оның кімнің атына сатып алынғаны немесе ақшаны ерлі-зайыптылардың қайсысы салғаны бұл қағиданы өздігінен өзгертпейтіні көрсетілген. Бірақ әйел үй сатып алуға өзінің жеке қаражатын қосқан болса, жағдай күрделенуі мүмкін. Мысалы ол некеге дейін жинаған ақшасын немесе мұра арқылы алған қаражатын пайдаланса, сол соманың шығу тегін құжатпен бекіту маңызды. Арыс Данағатов мұндай жағдайда банк көшірмелерін, төлем құжаттарын, сыйға беру немесе мұрагерлік туралы құжаттарды сақтауға кеңес береді.
«Ірі сатып алуда кімнің қанша ақша салғанын құжатпен бекіткен жөн. Әсіресе жеке қаражат пайдаланылып, мүлік екінші жұбайдың атына рәсімделсе, ақша қозғалысын растайтын құжаттар кейін маңызды болуы мүмкін», - дейді ол.
Бұл жерде құжат тек ажырасу үшін емес, тараптардың бастапқы келісімін және ақшаның қозғалысын дәлелдеу үшін қажет. Кодекстің 36-бабына сәйкес, некеде тұрған кезде жұбайлардың ортақ қаражаты немесе олардың бірінің еңбегі арқылы жеке мүліктің құны едәуір артса, ол мүлік ортақ меншік деп танылуы мүмкін. Заңда күрделі жөндеу, реконструкция және қайта жабдықтау сияқты жағдайлар мысал ретінде көрсетілген. Сондықтан ата-анасы қызына некеде тұрған кезінде пәтер сыйласа, оның сыйға берілгенін растайтын құжаттың болуы маңызды. Ал кейін ерлі-зайыптылар сол пәтерге ортақ қаражатпен қомақты жөндеу жүргізсе, мүліктің құқықтық мәртебесі бөлек бағалануы мүмкін.

Неке шарты - сенімсіздіктің белгісі ме?
Неке шартын көп адам ажырасудың белгісі ретінде қабылдайды. Алайда құқықтық тұрғыдан ол ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынасын алдын ала реттейтін құрал. Қазақстанда неке шартын некеге дейін де, некеден кейін де жасауға болады. Оның көмегімен ерлі-зайыптылар ортақ, үлестік немесе бөлек меншік режимін белгілеуге құқылы. Мысалы белгілі бір мүліктің кімге тиесілі болатынын, кейбір активтердің бөлек сақталатынын немесе отбасылық шығындардың қалай бөлінетінін анықтауға болады. Бірақ неке шартының да шегі бар. Ол балалардың құқықтарын немесе ерлі-зайыптылардың жеке мүліктік емес қатынастарын қалағанынша өзгерте алмайды.
Сондықтан оны «ажырасқан жағдайда кім не алады?» деген құжат ретінде ғана емес, отбасындағы қаржылық ережелерді алдын ала анықтау құралы ретінде қарастыруға болады
Алты айлық резерв: отбасының «қауіпсіздік жастығы»
Жеке шоттан бөлек, отбасының күтпеген жағдайға арналған қоры болуы маңызды. Мақсат Байзатов отбасы үшін кемінде алты айлық негізгі шығынды жабатындай резервті бағдар ретінде қарастырады. Мысалы отбасы ай сайын жалға алу ақысына, азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге, несиеге және басқа міндетті шығындарға 500 мың теңге жұмсаса, алты айлық резерв шамамен 3 миллион теңге болады. Бұл нақты заң талабы емес, қаржылық жоспарлау жөніндегі маманның ұсынысы. Оның айтуынша, резервтің болуы ғана жеткіліксіз. Екі жұбай да оның бар екенін және оған қандай жағдайда қол жеткізе алатынын білуі керек.
«Бір адам отбасылық ақшаның бәрін техникалық тұрғыдан басқара алады. Бірақ екінші жұбай отбасының табысын, шығынын, кредиттерін және резервін білмесе, мәселе басқаруда емес, қаржылық тәуелділікте пайда болады», - дейді Байзатов.
Ол отбасында айына бір рет кіріс пен шығысты бірге қарап, қандай қарыз барын, қанша ақша жиналғанын және қандай мақсатқа қаражат бөлінгенін талқылауды ұсынады.

Ақшаға қолжетімділікті шектеу қай кезде қауіпті?
Отбасындағы барлық қаржыны бір адам басқаруының өзі автоматты түрде мәселе емес. Кей отбасыларда бір жұбай бюджет жүргізеді, екіншісі басқа міндеттерге жауап береді. Мәселе - екінші адамның ақшаға немесе ақпаратқа мүлдем қол жеткізе алмауында болуы мүмкін. Бибігүл Әбілдаева медиатор ретінде отбасылық дауларда қаржы тақырыбының да маңызды орын алатынын айтады. Оның пікірінше, ақша туралы әңгімені ерлі-зайыптылар дау кезінде емес, қалыпты жағдайда бастағаны дұрыс.
«Ақша жүрген жерде ұрыс емес, кеңес болуы керек», - дейді ол.
Медиатордың айтуынша, әйелдің өз жинағы болғаны дұрыс. Бірақ оны отбасыдан жасырын қор ретінде емес, алдын ала келісілген қаржылық резерв ретінде қалыптастыруға болады. Ал егер отбасында ақшаға бақылау жасау, адамның жұмыс істеуіне немесе өз қаражатына қол жеткізуіне кедергі келтіру сияқты жағдайлар болса, мәселе жай ғана «қаржыны кім басқарады?» деген сұрақтан асып кетеді. UN Women экономикалық зорлық-зомбылықты адамның қаржылық ресурстарына қолжетімділігін бақылау немесе шектеу сияқты әрекеттермен байланыстырады. Сондықтан қаржылық тәуелсіздік кей жағдайларда адамның қауіпсіздігімен де байланысты болуы мүмкін.

Қалыңмал мен жасау: дәстүр мен заңның шекарасы қай жерде?
Қазақ қоғамында қыз ұзатқанда қалыңмал беру және жасау дайындау дәстүрі сақталған. Бірақ дәстүрлі ұғымдардың болуы олардың қазіргі азаматтық құқықтағы мәртебесін автоматты түрде анықтамайды. Қазақстанның Неке-отбасы кодексінде «қалыңмал» мен «жасау» ерлі-зайыптылардың мүліктік режимін анықтайтын жеке құқықтық санат ретінде бекітілмеген. Сондықтан нақты жағдайда заттың немесе ақшаның кімнің меншігі екенін анықтау үшін оның қандай негізде берілгені маңызды. Мысалы ата-анасы қызына пәтерді ресми түрде сыйға тартса, оның құқықтық табиғаты сыйға беру мәмілесі арқылы анықталады. Ал «жасау ретінде берілді» деген ауызша түсініктің өзі меншік құқығын әр жағдайда автоматты түрде анықтай бермейді. Бұл жерде дәстүр мен заңды шатастырмау маңызды.
Қаржылық қауіпсіздікті неден бастауға болады?
Мамандардың пікірін біріктірсек, некеде тұрған әйел үшін қаржылық қауіпсіздік тек жеке банк картасын ашудан тұрмайды.
Отбасының кірісі, шығысы, кредиті және жинағы туралы ақпарат екі жұбайға да түсінікті болғаны маңызды.
Некеге дейінгі жинақ, сыйға немесе мұраға алынған мүлік сияқты жеке активтер болса, олардың шығу тегін растайтын құжаттарды сақтаған жөн.
Ірі сатып алуда ақшаның қайдан келгенін және қандай төлем жасалғанын тіркеп отырған дұрыс.
Отбасының күтпеген жағдайға арналған резерві болғаны пайдалы.
Ерлі-зайыптылар өздеріне қолайлы қаржы моделін - толық ортақ бюджет, бөлек бюджет немесе аралас жүйені - алдын ала келісіп алғаны дұрыс.
Жеке есепшоттың өзі некені қауіпсіз етпейді. Неке шартының болуы да барлық даудың алдын алмайды. Қаржылық резерв те отбасыдағы барлық мәселені шешпейді. Бірақ ақша қайда тұрғанын, кім оған қол жеткізе алатынын, мүліктің қандай мәртебеде екенін және ірі қаржы шешімдері қалай қабылданатынын алдын ала түсіну кейінгі белгісіздікті азайта алады. Мамандар отбасыдағы қаржылық дербестік, түптеп келгенде, «әйел өз ақшасын күйеуінен қорғауы керек» деген қарапайым формулаға сыймайды. Мәселе - екі адамның ортақ өмірінде әрқайсысының құқықтары мен қаржылық жауапкершілігі қаншалықты анық белгіленгенінде.
КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Чему меня научили подруги: пять уроков о любви, смелости и принятии себя
Один в городе: со скольких лет можно отпускать ребёнка из дома одного
Что нужно изменить нам, чтобы девочкам не приходилось меняться ради мира?



