Ішектегі бактериялар ас қорыту үдерісіне қатысып қана қоймай, гормондардың алмасуына да ықпал етеді. Соңғы жылдары ғалымдар ішек микробиомасының әйелдің репродуктивті денсаулығымен байланысын зерттеп жатыр. Бұл байланыс туралы не белгілі, қандай сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отыр және микробиоманы қалай қолдауға болады? Осы тақырыпты С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Аяулым Бегдилла тарқатады.
Аяулым Бегдилла 15 қазан 2026
Сіз іштегі қолайсыздық, терінің кенеттен бұзылуы немесе гормондық ауытқулар бір-бірімен тығыз байланысты болуы мүмкін деп ойладыңыз ба? Адам ағзасы – әрбір жүйесі біртұтас жұмыс істейтін күрделі механизм, ал соңғы жылдары ғалымдар назарын ішек микробиомасы мен әйелдің репродуктивті денсаулығы арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды байланысқа аударып отыр. Ас қорыту жолында өмір сүретін триллиондаған микроорганизмдер әйелдің гормондық фонына, етеккір цикліне және жалпы репродуктивті саулығына қалай әсер етеді?
Көптеген әйелдер іштің кебуі, тамақтан кейінгі ауырлық, антибиотиктер қабылдағаннан кейінгі микрофлораның бұзылуы немесе етеккір алдындағы көңіл-күйдің құбылуы сияқты жағдайлармен жиі кездеседі. Сырт көзге бұл белгілер әртүрлі мүшелердің жеке мәселесі болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, заманауи медицина ғылымы адам ағзасындағы жүйелердің оқшауланбағанын дәлелдеп келеді. Соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер ішек микробиомасының әйелдің репродуктивті жүйесіне және гормондық балансына тікелей әсер ету ықтималдығын белсенді түрде қарастыруда.

Микробиома дегеніміз не?
Ішек микробиомасы (немесе ішек микробиотасы) – біздің ас қорыту жолымызда өмір сүретін бактериялардың, саңырауқұлақтардың, вирустардың және басқа да микроорганизмдердің алып қауымдастығы. Адам денесінде триллиондаған микроорганизм орналасқан, ал олардың гендерінің жиынтығы адамның өз геномынан жүздеген есе асып түседі.
Микробиома тек тамақты қорытуға ғана емес, сонымен бірге дәрумендерді синтездеуге, иммундық жүйені жаттықтыруға, зиянды патогендерден қорғауға және метаболизмді реттеуге қатысады. Зерттеушілер бұл жүйені тіпті дербес «эндокриндік мүше» ретінде де қарастырады, себебі микробиом өндіретін метаболиттер кан ағымы арқылы бүкіл денеге таралады.

Ішек пен қынап микробиомасының байланысы
Әйел ағзасында микроорганизмдер тек ішекте ғана емес, сонымен бірге қынапта да өмір сүреді. Қынап микробиотасының негізгі өкілдері – Lactobacillus туыстас бактериялары. Олар сүт қышқылын өндіріп, қышқылды ортаны (pH 3.8-4.5) сақтайды, бұл патогенді микроорганизмдердің көбеймеуіне ықпал етеді.
Ғалымдар ішек пен қынап микробиомасының арасында анатомиялық және иммунологиялық кросс-байланыс (cross-talk) бар екенін байқады
Ішектегі бактериялардың құрамы бұзылғанда (дисбиоз), бұл жергілікті және жүйелі қабыну процестерін тудырып, қынап микрофлорасының тұрақтылығына да ықпал етуі мүмкін
Сонымен қатар, кейбір микроорганизмдердің анатомиялық жақын орналасуына байланысты көшуі де зерттелуде.

Эстроген және ішек микробиомасы: «эстроболом» ұғымы
Әйел саулығы мен ішек микробиомасы арасындағы ең қызықты ғылыми жаңалықтардың бірі – эстроболом (estrobolome) ұғымы. Бұл эстроген гормондарының метаболизмін реттеуге қабілетті ішек бактерияларының арнайы геномы мен ферменттер жиынтығы. Бауырда ыдыраған эстрогендер өт арқылы ішекке түседі. Ішектегі кейбір бактериялар (мысалы, бета-глюкуронидаза ферментін бөлетін бактериялар) эстрогеннің байланысқан түрін қайтадан белсенді эстрогенге айналдыра алады. Түзілген белсенді эстроген қайтадан қанға сорылып, ағзаға тарайды. Егер бета-глюкуронидаза белсенділігі тым жоғары болса: қандағы белсенді эстроген деңгейі артуы мүмкін (эстрогендік доминанттылық). Егер фермент белсенділігі төмен болса: эстрогеннің қайта сорылуы азайып, оның деңгейі төмендеуі ықтимал. Осылайша, ішек микробиотасының теңгерімі денедегі эстрогеннің мөлшерін реттеуге қатысады.

Репродуктивті жүйе ауруларымен зерттеліп жатқан байланыстар
Қазіргі таңда ғылыми ортада ішек микробиомасы мен кейбір гинекологиялық жағдайлар арасындағы байланыстар белсенді түрде зерттеліп жатыр:
Аналық бездердің полиэндокриндік метаболикалық синдромы (PMOS/ПМОС): Репродуктивті жастағы әйелдерде жиі кездесетін гормондық бұзылыс. Зерттеулер PMOS бар әйелдерде ішек микробиомасының әртүрлілігі төмендегенін және дисбиоз жиірек байқалатынын көрсетеді. Ішек бактерияларының бұзылуы инсулинге төзімділікпен (инсулинорезистенттілік) және төмен дәрежелі созылмалы қабынумен байланысты болуы мүмкін.
Эндометриоз: Бұл ауру иммундық жүйенің реттелуімен және эстроген деңгейімен тығыз байланысты. Зерттеушілер ішек дисбиозы тудырған жүйелі қабыну процесі эндометриоздың дамуына ықпал ете ме деген гипотезаны тексеріп жатыр.
Бактериялық вагиноз және молочница (кандидоз): Қынап микрофлорасының жиі бұзылуы мен қайталанатын инфекциялар кейде ішектегі микроағзалар теңгерімінің бұзылуымен қатар жүреді.
Алайда, ғалымдар бұл жерде көбіне ассоциативті байланыс анықталғанын, ал тікелей себеп-салдарлық механизмдерді толық дәлелдеу үшін қосымша клиникалық зерттеулер қажет екенін ескертеді.

Пробиотиктер: ғылым не дейді?
Соңғы жылдары пробиотиктерді (пайдалы бактериялары бар биологиялық белсенді қоспалар) қабылдау танымал трендке айналды. Бірақ медициналық тұрғыдан алғанда, барлық пробиотик бірдей әсер етпейді. Пробиотиктердің тиімділігі бактерияның нақты штаммына, дозасына және қолдану мақсатына байланысты. Меншікті микробиомды қалыптастыруда дайын қоспалардан гөрі күнделікті рационның сапасы маңыздырақ. Пробиотиктерді немесе антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз өз бетінше қабылдау ішек микрофлорасының одан әрі бұзылуына алып келуі мүмкін.
Әйел өз микробиомын қолдау үшін не істей алады?
Ағзадағы микроорганизмдердің сау теңгерімін сақтау үшін қарапайым, бірақ дәлелденген өмір салты әдеттері ұсынылады:
Әртүрлі әрі талшыққа бай тамақтану: Көкөністер, жемістер, буылған дән өнімдері, бұршақ тұқымдастар мен жаңғақтар ішектегі пайдалы бактериялар үшін қорек (пребиотик) болып табылады.
Ферменттелген өнімдерді қосу: Табиғи йогурт, кефир, ашытылған қырыққабат сияқты өнімдер микробиом әртүрлілігін қолдайды.
Стрессті басқару: Ішек пен ми арасында «ішек-ми осі» (gut-brain axis) бар. Созылмалы стресс ішек микробиомасының құрамына және ішек қабырғасының өтімділігіне кері әсер етеді.
Ұйқы және физикалық белсенділік: Тұрақты ұйқы режимі мен орташа дене жаттығулары микробиомның саулығын сақтауға көмектеседі.
Дәрі-дәрмекті сақтықпен қолдану: Антибиотиктерді тек дәрігердің көрсетілімі бойынша қабылдау маңызды.

Қорытынды
Ішек микробиомасы мен әйелдің репродуктивті жүйесі – бір-бірімен күрделі қарым-қатынастағы биохимиялық механизмдер. Ғылым бұл байланыстардың қыр-сырын әлі де тереңірек зерттеу үстінде. Өзіңізді жайсыз сезінгенде немесе репродуктивті денсаулыққа қатысты мәселелер туындағанда, өзін-өзі емдеумен айналыспай, білікті гинеколог немесе гастроэнтеролог маманға жүгінген жөн.
КОММЕНТАРИИ



