Сильвия Платтың 1963 жылы жарық көрген «Шыны күмбез» романы арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Жуырда шығарманың жаңа экранизациясы түсіріліп жатқаны туралы хабарланды. Фильмнің режиссёрі – Сара Полли, ал басты рөлді Билли Айлиш сомдамақ. Көбіне депрессия туралы шығарма ретінде сипатталатын роман шын мәнінде қандай мәселелерді көтереді? Әлем оқырмандары бұл романға неліктен қайта-қайта оралады? Бұл сұрақтарға Manshuq авторы Жанайса Абилаш жауап іздейді.
Жанайса Абилаш 4 қараша 2026
Ол ақын болғысы келеді. Әрі редактор. Әрі данышпан профессор. Әрі үздік студент. Сәтін салып жатса желкенді спорттан олимпиада чемпионы. Және біреудің сүйікті әйелі. Сильвия Платтың басты кейіпкері Эстер Гринвуд өз өмірін інжір ағашы ретінде елестетеді және ағаштың әр бұтағында пісіп тұрған жеміс оның жарқын болашағы іспеттес. Бірақ бір ғана бұтақты таңдау дегеніміз қалғандарының қурап, жерге түскен кейіпін шарасыз бақылап тұру деген сөз. Эстер осы ағаштың астында қимылсыз әрі аш қалады, себебі оның барлық жемісті бірден жегісі келеді.

Бұл – «Шыны күмбез» (The Bell Jar) романының ең танымал метафораларының бірі. Дәл осы бір бөлігі 1963 жылы жазылған кітаптың әлі күнге дейінгі өзектілігін айқындайды.
Эстердің жан-дүниесін тығырыққа тіреген таңдаудың ауырлығын түсіну үшін Плат туралы бірер деректі білген жөн
Өйткені романда көп зат ойдан шығарылмаған және жазушының өз өміріне негізделген.
Сильвия Плат «Шыны күмбез» романын Виктория Лукас деген жасырын атпен, өз өлімінен бір ай бұрын жариялаған болатын. Жазушы айналасындағы адамдардың кітаптағы кейіпкерлерден өздерін танып қояды деп қорыққан екен және ондай адамдардың ішінде Сильвияның анасы, таныстары және бұрынғы жігіті болған. Автордың нағыз есімі мұқабада бірнеше жылдан кейін ғана пайда болады. Дәл сол кезден бастап роман көркем шығарма емес, 200 беттік өлер алдындағы хат ретінде оқыла бастады. Ақынның өміріндегі қилы оқиғалары мен ішкі дүниесіндегі арпалыстары бүкіл әлемге аян болды.
Эстердің Нью-Йорктегі сәнді журналда өткен тағылымдамасы - Платтың 1953 жылы жаздағы Mademoiselle журналындағы жинаған тәжірбиесі еді. Романдағы Эстердің емдеу курсынан өткен кезеңдері де Платтың өз өмірінен алынған. Оқиға желісіндегі психиатриялық клиника Бостон маңындағы Маклин клиникасың прототипі. Кейінірек онда Джеймс Тейлор мен Рэй Чарльз да ем алған. Автор мен кейіпкердің арасындағы айырмашылық есімдерінде ғана.

Жеке өмірлік тәжірбие кітаптың тарихын тереңірек әлеуметтік тақырыпқа әкеліп тірейді. Романда Плат XX ғасырдағы әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынас жайлы ашық айтады. Мысалы, пәктік сақтау әрбір әйелдің міндеті болып саналса, ер адамға бір мезгілде бірнеше өмірді бастан кешуге рұқсат етілді. Яғни біріншісі – қоғам алдындағы сыйлы және көпшілік үлгі тұтарлық өмірі, ал екіншісі құпия өмір және оны өзгелердің білуі шарт емес. Эстер осы әділетсіздікті дөп басып айтады және қисынсыз ережелермен өмір сүруді тоқтатамын деп шешім қабылдайды. Осындай өзекті үзінділері үшін роман жаппай әдебиеттегі ерте феминистік мәтіндердің көшін бастайды. Бұның себебі тек теңдік туралы ұрандар айтқаны үшін ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік санада қалыптасып қалған «әйелдің түсініксіз табиғаты» дейтін екіұдай көзқарастарды әшкерелегені үшін де ерекшеленді. Миллиондаған оқырман әйелдерге бұл роман жаңаша леп сыйлап, өз өмірлерін өздері қалағандай сүру мүмкіндігіне және өз өздеріне ғана есеп беруге ұмтылысты оятты.
Мұндай ашықтық роман тілінен де көрініс табады. Платты confessional poetry (сырласу поэзиясы немесе ақтарылу поэзиясы) негізін салушылардың бірі ретінде қарастырады, өйткені автор бұл уақытқа дейін қағазға түсіруге болмайды деп саналатын психикалық аурулар, әйел тәні мен жаны, неке, ана болу кезеңіндегі қиыншылықтар сияқты мәселелерді көтеріп, өзінің ішінде не болып жатқанын дүйім жұртқа жария етті. «Шыны күмбез» confessional poetry әдісінің прозадағы нұсқасы, себебі роман кейіпкерлерді метафора артында жасырмайды, шындықты сол қалпында баяндайды. Бұл жерде автор мен басты кейіпкер арасындағы шекара жоғалады. Романдағы шыны қалпақ, немесе күмбез аспаннан алына салған тақырып емес.

Бұл жоғары қысым әсерінен ауа жетпей тұншығу процессі
Бір-бірімен үйлеспейтін талаптар мен айналаңдағы адамдардың сен туралы ойларынан уайым жұтып, тынысыңның тарылуы. Cен ақылды болуың керек, бірақ артық зеректігіңмен еркектерді қашырып алма; тәуелсіз бол, бірақ тұрмысқа шығуды, және «ақ боз атты ханзаданы» армандауды ұмытпа; өз ерекшелігің мен қылығың болсын, бірақ бәрімен бірдей болуды ұмытпа. Эстер қоғамның өзіне артқан сансыз талабынан шығар жол таба алмады. Ол өзін шыны қалпақтың астында қалғандай сезінді және айналасындағы өмірді көріп тұрса да, оған араласа алмай, тұншыға берді.
Тұйықталу сезімі романда бір ғана дерексіз оймен қалып қоймай кітаптың ең үрейлі психологиялық сәттерінің бірінде нақты материяға немесе сезімге айналады. Романда жылы суда дым қиналмай кету туралы аңыз, яғни өмірден өз еркімен ерте кетудің «жеңіл» жолы туралы айтылатын көне римдік философтың сөзі еске алынады. Бірақ Эстер сол шарықтау шегіне жеткенде тоқтап қалады. Эстер өзін тұншықтырған сезімнің себебі тәнінде емес, жан дүниесінің тереңінде жатқанын түсінеді. Дене – тек сыртқы қабық қана, ал нағыз аурудың тамыры одан да төменде, оны еш нәрсемен алып тастай алмайтындай тереңде жасырынған. Шыны қалпақтың ең қорқынышты тұсы да осы: адам өзін не нәрсе тұншықтырып жатқанын түсінбей, одан қалай құтыларын білмей қалады. Алайда романды тек қайғы мен қасіретке толы шығарма ретінде қабылдау оның басты ерекшелігін назардан тыс қалдырады.

Яғни, шығарманың көбіне назардан тыс қалатын бір қыры бар – ол Платтың жазу мәнері. Романның қысқаша сипаттамаларында оны көбіне күйзеліс туралы қайғылы шығарма ретінде таныстырады. Алайда мұндай сипаттама туындының өзіне тән баяндау мәнерін ескерусіз қалдырады.
Шын мәнінде, Плат романда ауыр тақырыптарды да ащы мысқылмен суреттейді. Оның өткір әжуасынан Нью-Йорктегі редакторлар да, сәтсіз кездесулер де, Эстердің анасы да, тіпті басты кейіпкердің өзі де тыс қалмайды. Эстер өзіне қол жұмсаудан сақтану үшін суицид ауыр күнә саналатын дінді қабылдау туралы да мысқылдай ойлайды. «Шыны қалпақ» оқырманның аяушылығын тудыруды көздейтін шығарма емес. Платтың ирониясы романға ерекше өткірлік беріп, оны күйзеліс пен шарасыздық туралы мұңды баяндаудан әлдеқайда күрделі туындыға айналдырады. Жазушы ең ауыр сәттердің өзінен қоғамдағы екіжүзділік пен қайшылықтарды әшкерелеудің жолын табады. Психолог Джеймс Кауфман ғылымға «Сильвия Плат эффектісі» деген термин енгізді.
Ол әйел ақындардың прозалық шығармалар жазатын әйелдерге қарағанда психикалық денсаулық мәселелеріне жиірек тап болатынын көрсететін зерттеу нәтижелеріне негізделген
Бұл құбылысқа Сильвия Платтың есімі берілуі кездейсоқ емес. Оның өмірі мен шығармашылығы психикалық денсаулық, гендер және шығармашылық арасындағы байланысты зерттеуде жиі мысалға алынады.

«Шыны күмбез» неге әлі күнге дейін өзекті?
Соңғы жылдары роман BookTok-та қайта танымал болып, оқырмандардың жаңа буынына жол тапты. Әсіресе, Эстердің інжір ағашы туралы толғанысы көпшіліктің көңілінен шықты. Ағаштағы әр жеміс өмірдегі бір мүмкіндікті бейнелейді. Бірақ Эстер біреуін таңдаса, қалғандарынан айырылып қалатындай сезінеді. Ақырында шешім қабылдай алмай тұрғанда, жемістердің бәрі шіріп, жерге түседі. Шексіз мүмкіндік бар сияқты көрінетін, бірақ сол мүмкіндіктердің көптігінен таңдау жасау қиындай түскен бүгінгі заманда бұл көрініс оқырманға таныс болуы мүмкін.
Плат романда шыны қалпақтан қалай құтылуға болатынын айтып, дайын жауап ұсынбайды. Шығарма Эстердің толық сауығуымен де аяқталмайды. Соңғы көріністе ол ауруханадан шығуға дайын екенін анықтайтын комиссияның алдына кіргелі тұрады. Оның әрі қарайғы тағдыры белгісіз күйінде қалады. Романның оқырманды әлі күнге дейін баурап алуының бір себебі де осы шығар.
Плат бәрі жақсы аяқталады деп сендірмейді, есесіне кейіпкерінің болашағына қатысты маңызды сұрақтарды жауапсыз қалдырады
Ал сіз ше? Өз ағашыңыздағы інжірлердің бірін таңдауға батылыңыз жете ме, әлде қалған мүмкіндіктерден айырылып қалудан қорқып, олардың бәрінің қурап түскенін күтіп отырасыз ба?
КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Катастрофа отменяется: как я научилась жить со своими страхами
Виш-лист прививок, или Исповедь проваксерши



