«Жүктілік кезінде жұқса, құрсақтағы балаға қауіпті»
Алматы тұрғыны Әсем күйеуімен бірге бала сүюді жоспарлап жүр. Жауапты қадамға бармас бұрын Әсем мен күйеуі медициналық тексерістен өтті. Гинеколог дәрігер Әсемге бала көтерер алдында басқа анализдермен бірге токсоплазмозға антиденелердің бар-жоғын анықтайтын анализ тапсыруды ұсынды. 30 жастағы келіншек бала кезінен мысық асырап келсе де, осы күнге дейін токсоплазмоздың жүктілікке қаупі жайлы хабардар болмаған.
«Дәрігер жүктілік кезінде токсоплазмоз жұқтырсам, құрсақтағы балаға қауіп төнетінін, тіпті түсік тастау қатері бар екенін айтты. Сондықтан оған қарсы иммунитет бар-жоғын анықтау үшін анализ тапсырдым. Анализ антиденелердің бар екенін көрсетті. Бұл мен бұған дейін токсоплазмозбен ұшырасып, иммунитет қалыптастырдым деген сөз. Бәлкім, мысық асырағандықтан солай болған шығар. Демек, жүктілік кезінде алаңдауға негіз жоқ», – дейді Әсем.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше , әлемдегі халықтың үштен бірі токсоплазмозбен симптомсыз түрде ауырып, оған қарсы иммунитет қалыптастырған. Иммунитеті қалыпты адамдар оны бастан өткергенін білмей де қалады.







