Білім алып, қызмет істеген қазақ қыздары дегенде тұңғыш мұғалім Хұсни-Жамал Нұралыханова, алғашқы журналист Назипа Құлжанова, ал медицина саласынан бірінші дәрігерлер ретінде Гүлсім Асфендиярова мен Аққағаз Досжанова бірден есімізге түседі. Бірақ тарихтың өзіндік қалыптасқан иірімінде есімі аса еленбей қалған, көпшілік білуі керек тұлғалардың бірі - Мүбинә Ибраһимқызы Ниязова. Manshuq авторы Қорлан Тұрсынбекова қазақ медицинасының қалыптасуына үлес қосқан, кәсіби жолы сталиндік қуғын-сүргінмен тұспа-тұс келген қайраткердің өмір жолын баяндайды.
Қорлан Тұрсынбекова
13 тамыз 2026
Мамандыққа деген алғашқы қадам
Алаш қозғалысының алғашқы идеялары жөргегінде пайда бола бастаған кезеңдер. Саясат пен оқу-ағарту істерінің қатар жүрген дәуірі. Мүбинә Ниязова қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында 1895 жылы дүниеге келген. Мүбинә Ибраһимқызының білімге деген құштарлығы, оның алғашқы қазақ қыздарына мектеп ашқан ағартушы Хұсни-Жамал Нұралыхановадан білім алуынан басталған-ды. Бірақ болашақ дәрігердің мамандық таңдауына 1905 жылғы ауыр сырқаты түрткі болған десе-ді. Кезік ауруымен қатты ауырып, фельдшерлік пункт көмектесе алмаған соң, ауылдағы қолы ұзын, бай шаруасы болып саналатын әкесі Ибраһим қызын Астрахань қаласындағы ауруханаға жеткізген. Сол жердегі ақ халаттылардың мейірімділігі мен науқастарға деген ыстық ықыласы жас қыздың жүрегінде «мен де осылай адамдарға көмектессем» деген асқақ арманды оятқан екен. Сырқатынан сауығып тәуір болған Мүбинә Ниязова ағасы Мүслімнің қолдауымен Астраханда қалып, орысша оқиды. Заман ағымындағы діншілдердің «шоқынды, орыс болды» деген өсектеріне қарамастан, бойындағы дарыны мен табандылығының арқасында гимназияны тәмәмдап, 1912 жылы Саратов тіс дәрігерлері мектебіне оқуға түседі. Кәсіби маман ретінде 1917 жылы диплом иегері атанады. Саратовтағы студенттік жылдары ол өзінің болашақ жары, университет студенті, сонымен қатар Алаш қайраткері Мірахмет Ниязовпен танысады.

1917 жылдан бастап Мүбинә Ниязованың еңбек жолы медицинамен қатар, мемлекеттік қызметпен ұштасқан. Дәлірек төмендегі хронология бойынша:
1918-1920 жылдары Ордадағы әскер полкінің дәрігері болып жұмыс істеді.
1921 жылы Бөкей губерниясының атқару комитетіне мүше болып сайланды.
1925-1928 жылдары Орал губерниялық прокуратурасында қызмет етті.
1928-1934 жылдары Қазақ АКСР Жоғарғы сотының мүшесі және Шымкент облыстық денсаулық сақтау бөлімінің инспекторы атанды.
1934-1936 жылдары Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халкомының Ана мен баланы қорғау бөлімінің меңгерушісі болды.
Бұл кезеңдегі қызметтер - тек медициналық көмек көрсету ғана емес, сонымен бірге халықтың құқығын қорғау, санитарлық жағдайды барынша жақсарту және әділетті қоғам құруға деген Мүбинә Ниязованың ұмтылысы.
168 студенттен басталған үлкен тарих
Бүгінгі таңда іргелі білім ордасына айналған Алматы қаласындағы Республикалық жоғары медициналық колледжінің іргетасы 1937 жылы акушерлік мектеп ретінде қаланғанын бірі білсе, бірі білмейді. Оқу орнының ашылуы мен қалыптасу кезеңі Мүбина Ниязованың есімімен тығыз байланысты. Бұған дейін ол кісі 1934 жылы жоғарыда көрсетілгендей Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халкомының Ана мен баланы қорғау бөлімінің меңгерушісі сынды жауапты қызметті атқарып, үлкен тәжірибе жинақтаған. Осы саланың білікті маманы ретінде лайықты деп саналып Ниязова Халық комиссариатының арнайы бұйрығымен жаңадан ашылған Акушерлік мектептің тұңғыш директоры болып тағайындалған. Мектептің алғашқы шәкірттері болып Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, жетімдер үйінде тәрбиеленген 4-5 сыныптық базалық білімі бар, 13-14 жастағы өрімдей қазақ қыздары қабылданды. Алғашқы оқу жылында білім алушылардың жалпы саны 168 адамды құраса, оның 102-сі жергілікті ұлт өкілдері, яғни қазақ қыздары болды. Бұл сол кезеңдегі ана мен бала денсаулығын қорғайтын кадрларды даярлау жолындағы үлкен қадамдардың бірі еді.

Мүбинә, Алма және Мәдинаның достығы
Мүбинә Ниязова жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ қыздарының қоғамдық-саяси өмірге араласуына жол ашқан жарқын тұлғалар – Алма Оразбаева мен Мәдина Бегалиевамен таныс болған, жақсы араласқан және үшеуінің бет алған бағыты бір болған. Өз естеліктерінде Мүбинә Ниязова былай деп жазыпты: «Тіс дәрігерлерінің мектебін бітіргеннен кейін 1917 жылы мен Ордаға келдім. Шамалы уақыт өткеннен соң бұл арада педагогикалық курсті бітірген екі мұғалима бар екенін естідім. Бұлар – Алма Оразбаева мен Мәдина Бегалиева еді. Мен Алмамен тұңғыш рет «Халық үйінде» кездестім. Драма үйірмесін ұйымдастыру жүріп жатқан, оның жұмысына Алма белсене қатынасты, сонымен қатар өзі де көптеген рольде ойнаған-ды».
Азамат соғысы аяқталып, елде кеңестік билік орнаған өтпелі кезеңде, дәлірек айтқанда, 1921 жылдың көктеміндегі алғашқы ашаршылық қарсаңында Ордада қазақ әйелдерінің құқықтық мәртебесін айқындаған маңызды конференция өтті. Саяси зерттеулер мен естеліктерде аталмыш оқиға қазақ әйелдер қозғалысының тарихындағы үлкен бетбұрыс ретінде бағаланады. Осынау тарихи сәттің маңызы мен ауқымын қоғам қайраткері Мәдина Бегалиева өзінің «Алма Оразбаеваның өмір жолы» атты естелігінде жан-жақты сипаттап өткен: «...мұнда 70 делегат жиналды. Олардың қатарында Теңіз уезінің түпкірде жатқан ауылынан келген Дина Нұрпейісова да болды. Конференция Халық үйінде өтті, зал адамға лық толы болды, делегаттардан басқа Ордадан көптеген әйел қатынасты...» Сол жиында Алма Оразбаева өзінің «Совет үкіметі әйелдерге не берді?» атты баяндамасын ұсынса, Мүбина Ниязова «Қалың мал мен көп әйел алуға қарсы күрес және аналар мен балаларды қорғау» тақырыбын көтерген.
Қызмет пен қуғын қатар келген жылдар
1937 жыл – Мүбинә Ниязова үшін ең үлкен сынақ кезеңі болды. Сол жылы ол бүгінгі Республикалық медицина колледжінің алғашқы директоры болып, қазақ қыздарына кәсіби білім берудің есігін айқара ашты. Алайда дәл сол жылы сталиндік репрессия Ниязовтар отбасын айналып өтпеді. Отанын сатқандардың отбасы деген жаламен Мүбинә түрмеген қамалып, жары Мірахмет Ташкенттегі түрмеде ату жазасына кесілді. Ниязованың аталас туысы Елтай Танашевтің естеліктеріне сәйкес, Мүбинә апамыз түрмеде отырса да, майдандағы балаларына жылы киімдер тоқып жіберіп отырған екен. Айтқандай, Ниязовтар отбасында Ғинаят, Әбубәкір деген ұлдары, София есімдері қыздары болған. Бүгінде ұрпақтары Астана қаласында тұрады деген дерек бар. Осы тұста мақаламызға мұрындық болған «Мүбинә Ниязова: Алаш азаттығы жолында» деп аталатын Елтай Танашевтің еңбегі екенін айта кеткеніміз жөн болар. Елтай мырза бұл кітабына Мүбинә апай туралы сұрастырып біліскен барлық деректерін, ол кісінің алмасып жөнелтіп отырған балаларына деген хаттарын жинақтаған. 1944 жылы босатылып, қайтадан өз қызметіне оралған Мүбинә Ибраһимқызы 1955 жылға дейін медициналық мекемелерде аянбай еңбек еткен.1966–1969 жылдары Жоғарғы Кеңес Президиумының мүшесі болған. Кейін 1981 жылы Алматы қаласында өмірінің соңғы күндері өтіп, дүние салды.

Мүбина есімі ел есінде
Ұлт денсаулығының бастауында тұрған Мүбина Ибраһимқызының есімі мен еңбегі бүгінде ұмытылмай ұлықталып келеді. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің (ҚазҰМУ) мұражайында Мүбина Ниязованың өмірі мен қызметіне тағзым іспетті арнайы көрме бар көрінеді. Өзі негізін қалаған Алматы қаласындағы Республикалық жоғары медициналық колледжінде оқу орнының бірінші жетекшісі әрі негізін қалаушысы ретінде Мүбина Танашева-Ниязованың құрметіне арналған портреті ілінген. Сонымен қатар,Түркістан қаласында тұңғыш тіс дәрігеріміздің атында аялдама бар екен. Болашақта бұл есімді келешек ұрпаққа үлгі ретінде таныту үшін көше немесе ғимарат болады деген үміттеміз.

КОММЕНТАРИИ
ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ
Почему формула «учись, работай и добьёшься успеха» больше не работает
«Я хочу писать»: слова, которые я хотела бы услышать четыре года назад



