Loading
Loading
0%
Меню
Поиск
Избранное
Manshuq LogoManshuq Slogan
Волна
Расскажи историю
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкастыСпецпроекты
Manshuq Logo
Махаббат, мұң, мінез: Фариза Оңғарсынова әйелдер жайлы не жазды?
Дайджест

Махаббат, мұң, мінез: Фариза Оңғарсынова әйелдер жайлы не жазды?

6 мин.
09.09.2026
6 мин.
09.09.2026
Manshuq
Manshuq

Әйел ақындар өз жырларында әйел бейнесін өзгеше ашады. Мысалы, Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріндегі әйелді бір бейне мен күйге сыйдыру мүмкін емес. Фаризаның жырларындағы әйелдер сүйеді, сағынады, ренжиді, таңдау жасайды, қателеседі, мұңаяды және ішіндегісін бүкпей айтады. Бүгінгі дайджестке Manshuq редакторы Гүлзада Ксан Фариза Оңғарсынованың әйелдер туралы туындыларынан шағын топтама дайындады.

Гүлзада Ксан

8 қыркүйек 2026

«Ғұмыры бітпес үйдегі»

Ғұмыры бітпес үйдегі

тірліктің жайы талдырып,

сезімді нандай иледі,

үміт пен арман қалды ұмыт.


Баланың қамы, үй қамы,

Әйтеуір бітпей күйбеңі,

жұмысың тағы қинады,

жазбаған жырың ми жеді.


Ұмытар өзің өзіңді

бір сәтті сонда аңсадың,

күйбеңдер қажап төзімді,

жұқарып жүйке, шаршадың.


Достар ма құяр күлкі үнін,

қырдағы туыс, бауыр ма,

жаныңа берер бір тыным

әлде бір шалғай ауыл ма –


әйтеуір дайын тұрасың

кетуге кейде үйіңнен.

Мұраттан сүйтіп шығасың,

кездесіп талай жиынмен.


Жеткізбей бірақ таң-үміт,

өтеді думан,

нұр күнің,

кетесің сосын сағынып

таусылмас ошақ тірлігін

1735129052-fc219023f0bda0636594626dd55c61d2.jpg

«Жыр жазу деген – азап, от»

Жыр жазу деген – азап, от

әйел боп туған болмысқа,

жаныңда титтей маза жоқ,

жолың да тайғақ, қол қысқа.


Табиғатыңнан шыға алмай,

әйелдігіңе тұсалып,

талантың арбап жыландай

шағады сені құса ғып.


Көңілің өсер, жоқ тағат,

құштырар дауыл, өртін де.

Әйелдік тағдыр ноқталап

сүйрейді болмыс-төркінге.


Жазымыштың әнін тыңдатқан

балапан – балғын балаң бар.

Күймесі жырдың бір жақтан

қоңыраулатып тағы арбар.


Екі ұдай сезім. Шарқ ұрып,

ғұмырың солай тынады-ау.

Бір өрттен қашсаң шарпылып,

алдыңнан шығар бір алау.


Азаппен атқан таң аз ба,

жарқ етіп кейде жыр-үміт.

Беттегім келмей қағазға,

ас үйге кетем жүгіріп.

9.6.Бибигуль-Фариза-850x560.jpg

«Қыз-тағдыр»

Бөтен үйге шам жағып,

басқа анаға шай берген.

Жат елікті малданып,

иемденген қай мерген?


Басқа отауда ол да - ана,

жаттан тауып мұратын,

бір бүйрегі сонда да

әке үйіне бұратын;


сұлу мүсін, таң қылық,

сұқтандырып жылы үнмен,

өз баласын қалдырып,

бауырына жүгірген;


кәрі де елеп, жас та елеп,

басқа ауылға - тәтті арман,

тіл-аузымыз тасқа деп,

басқа ата-ана мақтанған;


елден біреу жетті ме ал –

сауқат па еді, немене,

жіберігісі-ақ кеп тұрар

сездірмей-ақ енеге;


өскен үйі - тағы арман,

келуі оның - ерек той,

жат жұрттыққа жаралған

қыздың орны бөлек қой!

70864173_127701845264179_1994653971280560128_n.jpg

«Жекеменшікке талпыну» 

(Көңілдес əйелдің көңіл күйі)

Сүйе алмаймын –
сүйгім келіп тұрса да есім кетіп
(мейлің мені сол үшін кешірме түк),
болмағандай ештеңе барасың ғой,
аласұрып келесің несін жетіп?


Көрген жерден –
аймалайсың алқынып, құлап-талып,
есімді алып үздігіп, сыр ақтарып.
Ал мен болсам, шығарып салған сайын
тұрам қимай ұзатып, жылап қалып…


Еркелегім келеді –
рақаттан сонда сен қалғыр едің,
бірге атқызғым келеді таңды менің.
Қазір тағы кетеді-ау деген ойдан
мұздап қоя береді жан-жүрегім.


Содан, содан қаламын
бар жаныммен алдыңда ашыла алмай,
тілеп тұрып – мойныңа асыла алмай.
Жекеменшік аңсайды көңіл-сайқал,
содан барлық желігі басылардай.


Мен салқындау көрінсем –
жарқылдауға жанарға жақұт қонып
сені күтіп шаршадым, уақыт соғып...
Несіне ендің қиындау тағдырыма
қайғы болып, жартылай бақыт болып...

13.jpg

«Күйеуіне ашуланған әйел»

Не деген оңбаған ең!
Мен ашудан булығып зора келем.
Өзің, өзің осындай бола тұрып,
не мейірім күтесің сонда менен?

Алса деуші ем барша жұрт сенен үлгі,
білсемші мен мұнша азап шегерімді...
Қыңырайып қисайсаң сен, əйтеуір,
жасатасың қалайда дегеніңді.

Шыңыраудай шаң басқан елсіздегі
жанарымды қайғының жеңсін желі.
Енді сені көрмеймін, бітті. Болды.
өле қалар деп пе едің сенсіз мені?

Сүйіп тұрып, азап қой күрсінсе кім!
Біле тұра мендегі шыншыл сенім
жараланып қаларын сəл нəрседен –
бүйткен қыңыр мінезің құрсын сенің!

Мені осыншама батырып құса-мұңға,
сен де қатал жандарға ұқсадың ба...
Кіріп келсең, əйтеуір, оңдырмаймын!
Қалмасам тек тұншығып... құшағыңда!

28.jpg

«Жеңеше»

Жеңешетай, тоқташы,
құшақтайын сені бір!
Тасташы сол от басын,
отырмашы емініп.


Жақын келші жаныма,
жанарыма үңілші!
Шаттық көрсең жадыра,
отырма тек түк үнсіз.


Сен қуансаң, ақылдым,
қуанамын деуші едің.
Ағадан да жақындау
көремін ғой мен сені.


Жаным бүгін шашты гүл,
əлем бақыт сыйлап тұр!
Махаббаттың мастығы
қуыршақты жинатты.


Көзінде оның сағым-нұр
тұнып тұрған секілді.
Жүрегімді, жанымды
ұғып тұрған секілді.

Сол жанарда – қонысым,
қуанышым не түрлі.
Менің жаным онысыз
күнсіз аспан секілді.

Айтшы маған жыр етіп,
есіңе алшы бүгін бір.
Алғаш жүрек дір етіп,
ғашық болған күніңді...

cbab632e09abe8cc03bdbd70512c6364.jpg

«Жаулықтар»

Жүргенде жанымды арбап жыр бұлағым,

өтіпті зымыраумен сұңғыла күн.

Бүгінде армандаймын бір көруді

анамның сыр шертіскен құрбыларын.


Ұқсайды өмір кейде түстенгенге,

адамға оны бөгер күш берген бе?

Бір сәлем берсем-ау деп асығамын

анамның қолынан шай ішкендерге.


Баяғы келіншектер жүзі еліктей

жүр ме екен әлі күнге тізе бүкпей?

Көздері сиреді ме олардың да

анамнан қалған күміс білезіктей?..


Қою шай, тамызары шырын қаймақ,

күлгенде жанарлардан Күн райлап,

талықсып жалғыз аяқ, түйе сауып,

жүретін едіңдер-ау құлын байлап.


Аялап ата-енені гүл ғып керім

білмедім дәл сендерше кім күткенін…

жалғыз өз үйің емес, ертеменен

аштыңдар бар көршінің түндіктерін.


Өсіріп ұл мен қыздың тау ғып бәрін,

бұл күнде жүрсіңдер ме саулық та мұң?

Қорқамын көзден ұшып барады-ау деп

сендердің ардай аппақ жаулықтарың.

Рисунок23.jpg

«Әйелдің монологы»

Сенің от құшағыңда

дүниені ұмытып талқысыдым.

Жүрегімді өртеді жан ыстығың.

Мынау байтақ әлемде тек екеуміз

жүргендейміз айналып ғарышты мың.

Көзімді ашсам шырын сәт көзден ұшып

кететіндей жанарды тарс жұмдым.


Сен аймалап алқындың,

одан сайын есімді шығардың да,

мен балқыдым көміліп қылаң нұрға.

Жақсы сөздің барлығын саған айттым,

ішімнен бе, әлде үн шығардым ба…


Сен жанымда жүрдің де

жанарымды толтырдың жылылыққа

(жан жылуын балар ем ұлылыққа).

Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,

әр күніне тоймадым құнығып та.

Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан

дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!


Бірақ өзің айныдың.

Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,

сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.

Өмір деген бұрқанған дарияға

бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.

Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда

бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.


Сенің от құшағыңда

ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,

ләззатқа батырған ақ түнімді.

Айырдым мен аяусыз енді кимес

ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі…

…Мен күнәкар емеспін ар алдында,

құдайың да кешеді тап мұнымды.

iIRybVpbEBI7PoJHXEmA.jpg

«Өзім туралы»

Қыз болып ойнамадым қуыршақпен,

ерке еді мінезім де қыңырсоқтау.

Тайқитын дөкей деген балалар да,

«Бұл шатақ шығарады ұрынсақ», - деп.


Қыздардай білмедім мен қылымсуды,

доп қудым балаларша трусимен.

«Осыным өзгелерден бөлектеу», - деп,

сонда да аяулы ана қызын сүйген.


Сондағы бала мінез, қайсар қылық

көрмеген мені ешкімнен тайсалдырып.

..Болдым да саған ғашық ойда жоқта,

менде бір пайда болды байсалдылық.

1200_0_b946e64649e907009b68429edb02c8af.jpg

«Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім»

Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім,

мұндай күйде түсің де, өңің де – түн.

Жомарт жастық жылыстап, жас ұлғайса,

жалғыздығың сезілер со күнде тым.


Бала өсірдің – тірлікке ектің егін,

жұттың талай өмірдің дертті демін.

Сен көрмеген мейірім, жақсылықты

балам бойға сіңірсе деп тіледің.


Қорғаладың шырылдап құм-дауылдан,

(сол бір сезім сені де нұрға жуған!),

Қалдырды аман сәбиге махаббатың

өзіңді азу, тұралау, жынданудан.


Сол балғының жаныңа қорек дер ем,

өз алдына ел болды, бөгет те кем;

өз өкімет, өз соты бүгіндері

мәселелер шешеді бөлек сенен.


Көз қуантып табады жас та теңін,

енді сенде бар достар, ақша, сенім.

Бірақ өзің жыл сайын ұғынасың.

серіктестің орыны басқа екенін.


Жас шағында адамның сенері көп,

талай жарға соқтырар кеме-жүрек.

Арман ұзап, асылы, қартайғанда

ұғысар жан жаныңа керегірек.

Поделиться:
ThreadsTelegramWhatsAppFacebookXLinkedIn

КОММЕНТАРИИ

ЧИТАЙТЕ ПО ТЕМЕ

07 сент. 2026 г.2 мин

Көшпенділер ойындарында көрермен көзайымына айналған Аяш Қабдолла туралы не білеміз

04 сент. 2026 г.8 мин

Первые в семье: кто такие студенты первого поколения и почему о них так мало говорят

03 сент. 2026 г.3 мин

8 фильмов и сериалов для тех, кто скучает по школе (и не очень)

Подписка на Manshuq

ПОДПИСКА НА MANSHUQ

Получайте новости и расписание мероприятий первыми

О проектеКонтактыАрхивРекламаMedia Kit
ЖизньЛайфстайлКарьераБизнесОтношенияПодкасты
СпецпроектыBeautyА что, еслиAsk ManshuqЗдоровье ManshuqФинансы Manshuq
Manshuq
© 2026 Manshuq Media. Все права защищены.
Пользовательское соглашениеИспользование материаловРедакционная политика