12 сәуір 2023
Бұл өмірде мені ең алдымен қызықтыратын – адамдардың өмір тарихы, сондықтан «Қазақ(стан)ның ұлттық келбеті: біз кімбіз?» деген атаумен мақалалар сериясын жазуға ұйғардым. Бұл атау Қазақстан халқының ұлттық келбеті қандай болуға тиіс – қазақ па, қазақстандық па деген әлі нүктесі қойылмаған пікірталасқа сілтеме де бола алады. Аталмыш еңбегімде аралас ортада қалыптасып, өзінің ұлттық келбеті туралы толғанып жүрген адамдарды сөйлетпекпін. Кім екенімізді өзіміз-ақ анықтаймыз. Ұлттық келбет сан түрлі болады әрі икемді және өмір сүру барысында өзгеріп отырады, бұл қалыпты жағдай.
Бұл орайда алғашқы сөйлескен адамым – Дәмира Тәжіғали, психолог, гештальт-терапевт ретінде енді ғана жұмысқа кірісіп жатыр, Таразда тұрады. Бойында татардың да, немістің де қаны бар, оның қазақша сөйлегенін көргендер таң қалады екен. Дәмира өзін кім ретінде сезінетінін, кім деп білетінін және өзінің ұлттық келбетін ұғынуға қалай келгенін айтып берді.
Өзімді ұнатамын мен, сыртқы кейпім де ұнайды, бірақ «таза» қазақ еместігім байқалып тұрады. Біреулер менің қазақ екеніме сенбейді, қазақша сөйлесем болды, сұрақ қарша борайды: «Сен қазақсың ба? Неге сөйлемейсің қазақша?» Ұлттық келбетіміз туралы мәселе үй-ішімізде де қозғалған – өз әжем де мен сияқты. Жұрт оның қай ұлтқа жататынын түсінбей дал болады екен. Ауылда туып, ауылда өскенімен орысша да, қазақша да судай ағып тұрғанына таңырқайтын болса керек. Бір жылдары шет елдерде болғанда бәрі оны өзіміздің адам деп ойлапты.





