29 наурыз 2023
Ошақ қасында төрт әйел жүр: Сәлима апа, Ақайша апа, Ләззат апа мен Ботагөз апа. Өздерін «F4-піз» дейді, күліп. Төртеуінің WhatsApp-тағы тобы осылай аталады екен.
– Бізден басқа тағы төрт әйел бар. Олар үйінде дайындалып жатыр. Ертең келеді, – дейді Сәлима апа.

– Ауылда наурыз көжені көше-көше болып жасайды, – деп бастады әңгімесін Ақайша апа, – Бір көшенің бойында қанша үй болса, соның бәрі бірігіп наурыз көже пісіреді. Бұрында көжені 13 наурыздан бастап дайындайтын еді, сол кезде барлық жәндік тіріліп, жер көгере бастайды. Әдетте шет жақтағы бір үй бастап, басқасы қостап кететін. Ал қазір бірінші наурыздан бастап жасай береміз.
Бұл жақта наурыз көжені «Жылы көже», «Жыл көже» деп те атайды екен. Ескіден келе жатқан дәстүрдің мағынасын апалар өзінше тарқатып берді:
– Наурызды халқымыз Жыл басы дейді ғой. Әке-шешеміз, ата-енеміз өткен жылдан аман-есен шыққанына шүкір айтып, жанымыз бен малымыздың садақасы деп наурыз көже берген. Біз де сол дәстүрді жалғастырып келеміз. Көктем – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі, неше түрлі ауру қозады. Ал көже тұнып тұрған витамин.















