Бүгінде депортацияланған адамдардан туған ұрпақ – Отанынан басқа жерде өмірін елестете алмайтын Қазақстан азаматтары. Солардың бірі – кәсіпкер, «Қазақ(стан)ның ұлттық келбеті: біз кімбіз» атты мақалалар сериясының үшінші кейіпкері Рамиз Гаджиев. Book Kultura Lab аясында жасалған осы мақалаларда автор Айзере Малайсарова қазақстандықтардың ұлттық келбетін айқындау туралы ой-толғауын жинаған.
14 маусым 2023
Менің ойымша, ұлттық келбет – әркім жеке өзі ғана сезініп білетін нәрсе сияқты. Барлық туысқандарым үшін жауап бере алмаймын, тек өзімді ғана айтып отырмын. Өзімді қазақстандықпын деп білемін. Басқа елдің азаматы бола алмаймын, себебі басқа мемлекетте тұрып көрмегенмін. Мен осы мемлекеттің бір бөлшегімін. Қазақстан азаматының көк түсті паспортын ашқанда тек бір нәрсені сезінемін – бұл менің паспортым.
Ата-анам да Қазақстанда туған, бірақ әкемнің әкесі Гүржістанда туып-өскен. Біз этникалық месхетин түріктеріне жатамыз, себебі біздің ұлттың адамдары тұрған аудан Месхетия деп аталады. Атамның бүкіл әулеті сол ауданда Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тұрған. Оларды Қазақстанға 1944 жылы күштеп қоныс аудартқан. Ол кезде атам он жаста екен. Гүржістанда өткізген балалық шағы да, депортация уақыты да есінде қалған. Кейін қазақстандық қоғамға жақсы сіңіп кетіп, мансабында біршама үлкен жетістікке жетті. Математика мұғалімі ретінде бастады, кейін мектеп директоры болып, әкімшілік аудан басқармасында қызмет атқарды.




