МАНСАП

Оқу, іздену, батыл болу: қазақ қыздарының EdTech-тегі мансап жолы

EdTech саласы Қазақстанда қарқынды дамуда және бұл дамуды әйелдердің қатысуынсыз елестету қиын. Manshuq авторы Перизат Кәрімқұл Bilim Group холдингінде қызмет ететін үш әйелмен тілдесіп, IT салаcына қалай келгені, оларды жұмыста не шабыттандыратыны және неліктен бұл сала олардың кәсіби таңдауына айналғаны туралы әңгімелесті.
Перизат Кәрімқұл

6 мамыр 2026

Дүниежүзі бойынша технология саласындағы әйелдер үлесі әлі де аз. БҰҰ зерттеулеріне сүйенсек, олар әлемдік технологиялық жұмыс күшінің шамамен 29%-ін құрайды, ал компания басшыларының арасында бұл көрсеткіш 14%-тен аспайды. IT мен цифрлық мамандықтарға деген қызығушылық артқанымен, әсіресе шешім қабылдау деңгейінде гендерлік алшақтық айқын сезіледі. Wonder Women ұйымы жүргізген еліміздің IT секторындағы гендерлік теңгерім туралы алғашқы ауқымды зерттеуге сәйкес, қазақстандық әйелдер IT индустриясын белсенді игеріп келеді. Әйелдер IT компания қызметкерлерінің 43%-ін және желілік басшылардың 48%-ін құрайды. Дегенмен, жоғары буын лауазымдарының тек 22%-і әйелдердің еншісінде, ал мансабын осы салада бастағандардың тек 1,4%-і ғана топ-менеджмент деңгейіне дейін көтерілген. Сонымен қатар IT нарығының өзі де үлкен өзгеріс кезеңін өткеріп жатыр. Егер бұрын бұл сала тек бағдарламалау мен инфрақұрылым ретінде қабылданса, бүгінде ол өнім менеджменті мен деректер аналитикасынан бастап, пайдаланушыларды зерттеуге дейінгі ондаған бағытты қамтиды.


Қазақстанда да IT бағыттардың түр-түрі қарқынды дамып келеді. Соның бірі – технология мен білім беру саласын тоғыстырған EdTech саласы. Елімізде бұл бағыттың қарқыны жоғары: мектептерге, жоғары оқу орындарына және жеке дамуға арналған цифрлық қызметтер мен өнімдер көптеп пайда болып жатыр. Бұл нарықта 15 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Bilim Group холдингі еліміздің білім беру жүйесін оңтайландыратын өнімдер жасақтап, отандық EdTech саласының дамытуына ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда холдингте 188 әйел жұмыс істейді. Бұл мақалада өмірін IT-пен байланыстырған Зәуре, Маржан және Даминаның кәсіби жолы жайлы айтпақпыз.

Зәуре Манап

27 жаста

BilimCenter платформасының өнім менеджері

Зәуре Манап білімнің адам өмірін шынымен өзгертетініне сенеді. 27 жастағы IT маман Bilim Group EdTech тобында өнім жетекшісі болып қызмет етеді. Зәуренің білім беру технологияларына деген қызығушылығы студент кезде қалыптасқан.


«Оқу барысында маған EDTech бағыты қызық екенін түсіндім. Дипломдық жұмысымды да осы тақырыпқа арнадым. Мен адамдарға армян және грузин тілдері сияқты күрделі әрі ерекше әліпбилерді меңгеруге көмектесетін бағдарлама әзірледім. Бұл тілдер латынға да, кириллицаға да ұқсамайды, сондықтан оларды үйрену көпшілікке, соның ішінде маған да қиынға соқты. Мен бұл мәселені технология арқылы шешіп көрмек болдым. Кәсіби жолым дәл осыдан басталды деуге болады», – дейді Зәуре.


Зәуре EdTech саласына келместен бұрын, біраз уақыт IT-дің түрлі бағытында жұмыс істеп көрген. Бұл тәжірибе оған цифрлық өнімді, аудиторияны және ауқымды шешімдерді түсінуге мүмкіндік берді. Алайда уақыт өте келе Зәуре білім беру саласы өзінің негізгі құндылықтарына жақынырақ екенін түсінгенін айтады.

«Bilim Group-қа келгенде EdTech-тің нағыз «менің салам» екенін сезіндім. Менің жұмысым мыңдаған адамның білім алуына септігін тигізіп жатқанын көру маған ерекше шабыт береді. Әрине, қиындықтар болады, бірақ кедергілерді еңсеріп жеткен нәтиженің жөні бөлек. Пайдаланушылардың сен жасаған шешімдерді қолданып жатқанын көру үлкен бақыт сыйлайды. Оған қоса бұл салада жұмыс істеп жүріп, педагогтерге түсетін жүктеменің қаншалықты ауыр екенін түсіндім. Ал біздің өнімнің басты мақсаты – олардың мойнындағы жүктемені барынша азайту», – дейді Зәуре.


Зәуре басқаратын BilimCenter платформасы оқушылардың функционалдық сауатын дамытуды көздейді. Платформа арқылы оқушылар жергілікті және халықаралық емтихандар мен тестілерге дайындалады. Ал мұғалімдер, мектеп директорлары мен әдіскерлер толыққанды есепке қол жеткізе алады.


IT саласындағы әйелдер туралы сөз қозғалғанда, Зәуре өзін кәсіби орта тұрғысынан жолы болған адам деп есептейді.


«Мен бұрынғы компаниямда да, қазір де қандай да дискриминация сезінген емеспін. Бірақ мұндай мәселенің бар екенін, әсіресе басшылық лауазымдарда кездесетінін білемін. Сондықтан бұл туралы ашық айту маңызды деп есептеймін. Тек IT саласында емес, жалпы өмірде де гендерлік тұрғыда кемсітуге орын болмайтын күнге жетеміз деп үміттенемін», – дейді ол.

Өз қабілетіне күмәнданған сәттерде Зәуре Рианнаның кеңесін еске алатынын айтады.

«Бір сұхбатта Рианнадан «өзіңе сенімсіз, көңілің түскен кезде не істейсің?» деп сұрағанда, ол «Fake it till you make it», яғни «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп жауап берді. Мен осы кеңесті ұстануға тырысамын. Өзіңді іштей сенімді сезіну маңызды, сол кезде ол әдетке айналады», – дейді ол.


Ал IT саласына енді қадам басып жатқан қыздарға Зауре әр нәрсені байқап көруден қорықпауға кеңес береді.

Зәуре Манап:
«Бірден өмірлік шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Өзіңізге оңай, байқап көруге болатын жолды таңдаңыз. Мысалы, тағылымдама немесе волонтерлік. Ол сала ұнамаса, келесі бір бағытты байқап көре аласыз. Терең ойға шомып, бәрін талдауға тырысудың қажеті жоқ, кез келген жетістік тәжірибе мен қателік арқылы келеді. Ал өз бағытыңызды тапқан соң, тек алға ұмтылып, сол саланы терең меңгеруге күш салу керек».

Маржан Үсен

33 жаста
SmartNation экожүйесінің бизнес аналитигі
Маржан Үсеннің IT-ге жолы аналитикадан, ұстаздық пен «цифрлық өнім адамға нақты пайда әкелуі керек» деген сұрақтан басталған. Бүгінде ол білім беру процестері мен мемлекеттік қызметтерді ашық әрі ыңғайлы ететін SmartNation экожүйесінің бизнес аналитигі болып жұмыс істейді.


«Мен IT саласында 2018 жылдан бері жүрмін, бірақ бұл жолға әлдеқайда ерте дайындала бастадым. Университеттің үшінші курсында-ақ уақытты созбай, барлық мүмкіндікті қолдану керегін түсіндім. Түлектердің айлап жұмыс іздеп жүргенін көріп, құр қол отыратындардың қатарында болғым келмеді. Кейін кәсіби даму үшін нақты бір бағытқа басымдық беру керегін ұқтым. Осылайша, 27 жасымда IT саласына біржола бет бұрдым», – дейді Маржан.


Бастапқыда Маржанды IT саласына табыс деңгейі жетелегенімен, индустрияға келген соң ол білім беру технологияларының өзі ойлағаннан әлдеқайда күрделі әрі қызықты екенін түсінген. Мамандардың енгізіп жатқан әдістері мыңдаған адамның өмірі мен жұмысына қалай әсер ететінін Маржанға ерекше шабыт берген. Оның айтуынша, SmartNation қарапайым IT платформа емес, ауқымды шешімдер экожүйесі. Платформа бұрын тек офлайн алуға болатын қызметтер иен процестерді автоматтандырып, көптеген адамның уақытын үнемдеуге көмектеседі.

«Цифрландыру – қағаз жүзіндегі процестерді жай ғана онлайн форматқа көшіру емес. Керісінше, оны процестер логикасы мен пайдаланушы тәжірибесінің түбегейлі өзгеруі деуге болады. Біздің шешімдер қызметтерді тез, оңай және ашық түрде алуға мүмкіндік береді. Ал мен сияқты аналитиктер бизнестің талаптарын әзірлеушілерге жеткізіп қана қоймай, ақпаратты жүйелейді және командаға пайдаланушы үшін не нәрсенің шын мәнінде маңызды екенін түсінуге көмектеседі», – деп атап өтті бойжеткен.


IT саласындағы гендерлік баланс туралы айта келе Маржан кейінгі жылдары бұл бағыттың айтарлықтай ашық бола түскенін атап өтті: аналитика, әзірлеу мен бағдарламалау саласында жұмыс істейтін әйелдер саны артып келеді. Сонымен қатар маман гендерге қатысты мәселелер барын да жасырмайды, бірақ ол үшін теңдік – жеңілдік жасау емес, кәсібилікке деген құрмет.


Маржан өзіңе сенімді болу машығы тек тәжірибе арқылы келетінін айтады. Қаншалықты тәжірибелі болсаң да, кез келген жұмысты игеру үшін қосымша білік пен білім керек. Сондықтан қателік үшін өзіңді кінәлаудан гөрі, олардың себебін түсініп, үйрене білу маңызды. Ал IT саласында мансап құруды ойлап жүрген қыздарға Маржан барлық мүмкіндікті қолдануға кеңес береді.

Маржан Үсен:
«Жұмысқа барынша ерте араласқан абзал – мейлі ақы төленбесе де, түрлі тағылымдама мен практикадан өткен жөн. Бұл – үлкен мектеп. Студент кезден-ақ мамандықтың ішкі әлемін танып, саланың қалай жұмыс істейтінін сезіну маңызды. Дегенмен, жұмыс пен демалыстың аражігін ажыратып, өзіңе қамқор болуды да ұмытпау керек. Әйтпесе, құлшынысты тез жоғалтып, кәсіби тұрғыда таусылып қалу қаупі бар», – деп түйіндеді.

Дамина Кошуак

28 жаста

BilimClass платформасының UX зерттеушісі

Дамина IT саласына келместен бұрын қолдау қызметінде жұмыс істеген. Тұтынушыларға көмектесе жүріп, ол адамдардың өнімді қалай қолданатынын бақылап, зерделей бастаған. Пайдаланушы тәжірибесіне тереңірек үңіле отыра кез келген шешімді ыңғайлырақ етуге болатынын түсінген Дамина қазір BilimClass электрондық журналы мен күнделігінде UX зерттеулермен айналысады.


«Менің міндетім – командаға пайдаланушыларды жақыннан тануға көмектесу: олар өнімді қалай қолданатынын, қандай кедергілер барын түсіндіремін. Мен тек интерфейсті ғана емес, адамдардың мінез-құлқын, әдеттері мен тәжірибесін де зерттеймін», – дейді Дамина.

Маманның айтуынша, BilimClass-ты қолданатын ата-аналардың пікірі оған ерекше шабыт береді. Ата-аналар баланың сабақ үлгерімі мен тәртібін қадағалау әлдеқайда жеңілдегенін, сонымен қатар баламен бірге жаңа нәрсе үйреніп, қатар дамып келе жатқанын айтып бөліседі. Әсіресе, Даминаны ата-аналардың бала тәрбиесіне бейжай қарамайтыны қуантады.


IT саласындағы әйелдер тақырыбына келгенде, зерттеуші гендерлік ерекшеліктен гөрі, нақты нәтиже мен ұжымдық жұмыс маңызды екенін атап өтті. Дамина өз тәжірибесінде стереотиптер мен кедергілерге кезікпегенін айтады: ұжымда әр қызметкерге құрметке ие болса және еңбегі лайықты бағаланса, онда дискриминацияға орын да қалмайды. Дамина технология саласындағы маңызды машықтар ретінде білімге деген ынтаны, дұрыс сұрақ қоя білу, адамдарды тыңдау және асығыс қорытынды жасамау сияқты қабілеттерді атап өтті.

Дамина Кошуак:
«Маған жұмыста өнімге, бүкіл индустрия мен ғылымға кеңірек көзқараспен қарау көмектеседі. Сонымен қатар егер құлшынысты темірдей тәртіппен ұштастыра білсең, мотивация ешқашан жоғалмайды. IT саласында мансап жолын бастағысы келетін қыздарға айтар кеңесім: теориямен шектелмей, іс жүзінде үйреніңіздер, жаңа дүниені байқап көруден және сұрақ қоюдан қорықпаңыздар, сондай-ақ өз-өзіңізге сеніңіздер. Егер ісіңізге деген шынайы қызығушылық болса, міндетті түрде жетістікке жетесіз».
Суреттер cұхбат берушілердің жеке архивінен алынған.
M

Читать также: