«Жеті апа» және феминизм көрпесі
«Жеті апа» және феминизм көрпесі
Мөлдірдің мөлдір өнері
Мөлдір өте сезімтал әрі еңбекқор суретші. Содан болар оның әр кезеңдегі жұмыстары бір-біріне ұқсамайды және ішкі түйткілді дөп жеткізеді. Сондай жұмыстар сериясы — «Жеті апа». Аты айтып тұрғандай, жиырмаға жуық жұмыстың басты тақырыбы — әйел мәселесі.
«Жеті апа» қалай туды?
— Сол көрмеге дайындық барысында шеберханама Молдияр Ергебеков (авт. – медиа зерттеуші, кинотанушы) келіп, жұмыстарымды көрді. Көрмеге дайындап жатқан жұмыстарымның арасында «Жеті ата» деген де туындым да болды. Молдияр ағай соны көріп, «Мына тамырларға әйел адамның да бейнесін қоссаң, қызық болатын сияқты. Өйткені біздің қоғамда әйелдің орны көбіне ескерілмейді» деп ой тастады. Бұл идеяны қалай жүзеге асырсам екен деп көп ойландым. Көрмеге бір аптадай қалғанда әкемнің туған күні болып, үйге бардым. Сол күні оған туыстар шежіре тарту етіпті. Алайда ол жерде әкемнен кейін тек ұлдардың аты көрсетілген екен, қыздарының есімі жоқ. «Неге біз жоқпыз, тым болмаса тірі кезімізде қосуға болар еді ғой» деп ойладым. Өйткені өзім жеті атамды бала күнімнен жатқа білемін және өзімді олардың жалғасы санаймын. Сондықтан бұл маған сәл ауыр тиді. Міне, осындай толғаныстан «Жеті апа» туды, – дейді Мөлдір.
Өнерде ұятқа орын бар ма?
– Көп адам жекеме «Осы арқылы бермесе болмайтын ба еді?», «Апаларымыз ренжіп қалады ғой», «Ұят қой» деген сарында хат жазып, ойын айта бастады. Алайда ұят деген не? Бірінші кезекте біз ұятқа дұрыс анықтама беріп алуымыз керек. Менің ойымша, адамның денесінде ұят дейтіндей ештеңе жоқ. Бірақ егер сен басқа адамның денесіне зиян келтіретін болсаң, яғни қинасаң, зорласаң, оған қатысты жаман сөз айтсаң, онда бұл ұят. Ал өнерде эстетикамен қатар, нені әрі қалай айтатының маңызды. Екеуі қатар жүреді. Сондықтан эстетикалық талғамды дамытуымыз керек. Ал ол көп көріп, көп білген сайын қалыптасады. Онсыз адамға эстетикалық өнердің өзі анайы нәрсе болып көрінуі мүмкін, – деп тұжырымдайды суретші.
Картинадан көрмеге дейін
– Өткен жылы анам онкологиялық ауруға шалдықты. Екі рет ота жасалды. Жалпы анам өте шығармашыл жан. Бұрыннан құрақ көрпе мен тойбастарға түрлі заттар жасағанды жақсы көреді. Алғашқы мамандығы да тігінші болатын. Кейін тұрмыс қамымен мұғалімдікті оқып, мектепке жұмысқа тұрды. Қазір де орыс тілінен сабақ береді, оқушыларымен бірге түрлі шара ұйымдастырғанды жақсы көреді. Мұғалім болған соң, көп уақыты жұмыста өтеді, шығармашылықпен айналысар мүмкіндігі де болмады. Бұл да анамның халіне әсер етті ме екен деп ойлаймын. Бар уақытын түгел жұмысқа, отбасына арнап, шығармашылық тұрғыда өзін тұсаулап тастағандай көрінді.
Анасына қатысты уайымын білдірмеу үшін суретші бар көңілін өнерге бөліп, өзі, анасы мен қызының бейнесін эскизге түсіре бастаған. Кейін куратор Оля Веселовамен ақылдаса келе «Жеті апа» көрмесінде қызы мен анасының да жұмыстарын көрсетуді шешкен. Осылайша астаналық көрермен Мөлдірдің өз жұмыстарынан бөлек анасы тіккен көрпелер мен қызы салған портерттерді де тамашалай алды.
Жеті түрлі «Жеті апа»
– Алғаш «Жеті апаны» кенепке түсірдім. Алайда ол бізге кейіннен келген зат қой. Ал әжелеріміз көрпе тігіп, текемет басқан. Сондықтан апа-әжелерімізді солар жасаған қолөнер арқылы еске алған жөн болар деп ойладым. Оған қоса әр үйде әжелеріміз тіккен көрпе сақтаулы болар. Ол көрпелер тәнімізді ғана емес, жанымызға да ерекше жылатады. Әжелеріміздің жұмсақ, жылы алақаны сияқты, – деп бөлісті туынды авторы.
Сонымен қатар Мөлдір қазіргі таңда матамен жұмыс жасайтын суретшілер көбейгенін айтады. Сол арқылы олар отарлануға дейін де өнер болғанын, ондағы түр мен түстің алуандығын көрсетуді мақсат етеді.
Үлкен форматта – үлкен мәселе
— Көрмеге дайындық барысында үлкен көрпе тігіп, «Жеті апаны» ауқымды етіп көрсеткім келді. Үлкен нәрсе адамның назарын бірден аулайды ғой. Сондықтан мен еліміздегі әйел мәселесінің де үлкен екенін көрсетіп, «өнер тілі» арқылы көрерменнің көкейіне ой салғым келді. Меніңше, өнер көп нәрсені өзгерте алады. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық және осы мәселеге деген немқұрайлық мені қатты алаңдатады. Зорлық пен қорлық көрген әйелді кінәлап, еркекті ақтап алуға тырысатын адамдар арамызда әлі де бар. Осындай ойдан ада болсақ деймін. Зорлады ма, демек зорлаған адам кінәлі.
«Әйелдер мәселесі туралы айта бересіңдер» деп сөгетіндер бар. Айта беруіміз керек деп ойлаймын. Өйткені біздің қоғам үшін бұл өте өзекті мәселе. Біз көп айта берген сайын бізден кейінгі ұрпақтың ойы басқаша қалыптасып, гендерлік теңдік бар қоғамда өмір сүруге талпынар деп ойлаймын, – дейді Мөлдір.
«Әйелдің шығармашылыққа уақыты болуы керек»
– Бәрі қара кештен ала таңға дейін менің қасымда болып, көрпені бірге тікті. Күні бойы жұмыс істеп, шаршап келсе де, өнерімді қолдап, риясыз көмек бергендеріне таң қалдым. Өзім олардан бөлек тұрған соң ба, қатал болып кеткендеймін, ондай риясыз пейіл таныта алмайтын сияқтымын. Сонымен қатар әйел затына өнермен айналысу шын бақыт сыйлайтынын көрдім. Шаршағанымызды ұмытып, ерекше қуанышқа бөлендік. Әзілдестік, әңгіме айттық, – деп бөлісті суретші.
«Жеті апа «жеті атаға» деген қарсылық емес»
– Мен «жеті атаға» қарсы шығып, «жеті апа» құрастырғалы жатқан жоқпын. «Жеті ата» деп ауыз толтырып айтсақ та, бәрібір олардың аты ғана есімізде. Көбінің тарихынан, өмір жолынан бейхабармыз. Бірақ солар сияқты апаларымыздың да атын біліп жүрсек, несі айып? Иә, бұрын жазылмаған екен, алайда қазір анам өз анасы туралы, мен анам жайлы, қызым мен жайлы жазатын болса, бізден кейінгі ұрпаққа «жеті апасы» жетіп қалар. Айтпағым, шежірені еркектерден емес, әйелдерден таратайық деген сөз емес. Мақсатым – әйелдердің қоғамдағы орнына назар аудартып, өнерім арқылы олардың да маңызды екенін көрсету. Әйтпесе әйел дүниеге еркекпен бірдей келсе де, қоғам үшін көп нәрсе жасаса да, бұл өмірде болмағандай, құмға сіңген судай жоқ болады.
Феминизм көрпесі
Бірге киіз басып, көрпе тіккен әжелердің жолын қазіргі әйелдер жалғап келе жатқандай. Тек бұл көрпенің жүгі едәуір ауыр және көп әйелдің батылдығын талап етеді. Ендеше, феминизм көрпесін бірлесіп тігейік.