МАНСАП

Ләйлә Жарқын: «Киіз басу мен үшін медитация іспеттес»

Ләйлә Жарқын – суретші, текстиль дизайнері. 12 жылдан бері киіз өнерімен айналысып келеді. Manshuq-ке берген сұхбатында Ләйлә генетикалық жады, жеке шығармашылық, шабыт туралы ой бөлісіп, киіз өнерін неліктен насихаттап жүргенін баяндайды.
Перизат Кәрімқұл

23 мамыр 2023

Киіз маған жылылықтың символындай көрінеді

Ташкентте туып, Өзбекстандағы шекараға жақын қазақ ауылында өстім. Атам cәулетші болып, апам медицина саласында жұмыс істеді. Апам іс тігетін, ал нағашы әжем жас кезінде киіз басқан көрінеді. Өнеріммен енді танысқандардың көбі «әжеңізден үйренген шығарсыз» дейді. Бала күнімде жүн түтіп, киіз басып көрмеппін. Бірақ текеметтің үстінде өстім. Адамның генетикалық жадысы мықты ғой. Бала күннен көріп өскен киіз маған жылылықтың символындай көрінеді. Егер киіз, текемет дегеннің не екенін білмей өссем, бәлкім, киіз өнеріне осынша құштар болмас па едім.


Алматыдағы Таңсықбаев атындағы Сәндік-қолдаңбалы өнер колледжінде тоқыма мамандығы бойынша білім алдым. Оқу барысында дәстүрлі өнердің түр-түрін үйрендік. Алайда өзіме симметриядан гөрі абстракция көбірек ұнайды. 3-курста оқып жүрген кезімде америкалық суретшінің көрмесіне тап болып, шеберлік сабағына қатыстым. Сол жерде басқа әдісте жасалған киізді алғаш рет көрдім. Бұған дейін тек дәстүрлі киіз өнерін ғана білген мен үшін бұл үлкен жаңалық болды. Жүннің «мүмкіндігі» орасан екеніне көзім жетіп, осы бағытта білімімді жалғастырамын деп шештім. Бұл ойымды ұстазым Гүлшәрім Мұсақызына айтқанда, ол кісі маған профессор, суретші Сәуле Сыздыққызына баруды ұсынды. Осылайша Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, Сәуле апайдың шеберханасында біраз дүниені үйрендім.

Киіздің күнделікті қолданысымызға енгенін қалаймын

Халқымызда киіз өнер туындысы емес, тұрмысқа қажет зат болды. Уақыт өте келе ғана сәндік дүниеге айналды. Егемендік алғаннан кейін бір жылдары Қытайдың, Түркияның кілемдері сәнге айналған еді. «Ескі» саналған табиғи, экологиялық таза заттарды жаңа «жасанды» өнімдерге алмастыру басталды. Сол кезде қазақ тұрмысының бір көрінісі деп есептелетін киіз де қажет болмай қалды. «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді ғой. Қазір балалар киіздің не екенін білмей өсіп келеді. Солар киізді көрсін, білсін деген мақсатта шеберлік сабақтарын ұйымдастырып жүрмін. Жастайынан көріп өскен нәрсе адамның санасына сіңіп қалады емес пе?! Сабақта күнделікті киіп, ұстап жүруге болатын тақия, шоппер жасаймыз. Көпшілікке киізді өнерім арқылы насихаттап, оның күнделікті қолданысымызға енгенін қалаймын.


Шеберханама келген қонақтар «неге тақияларыңыз арзан тұрады?» деп жатады. Менің мақсатым – тақия сатып баю емес, жұрттар соны көріп, күнделікті қолданып, киізді жанына жақын тұтса деген ой. Адамдар оны қалыпты нәрсе ретінде көрсе деймін.

Қазір жүннен түрлі заттар: текемет, сырмақ, перде, жамылғы, жастық, қоржын және т.б. жасаймын. Достарым «Сені аралға апарып тастаса да, жүннен үй салып алатын шығарсың» деп қалжыңдайды. Алдағы уақытта шетелдік көрмелерге қатысып, киіз өнерін жаңаша танытқым келеді.

Шабытты күтсең, өмір бақи күтіп жүре бересің

Жеті жылдай компанияда қызмет еттім. Күніне 10-12 сағат жұмыста боласың, шығармашылыққа уақыт қалмайды. Бірақ ойыма бір идея келсе, соны эскизге түсіріп қоюға тырысатынмын. Екі жыл бұрын жеке шеберханамды ашып, шығармашылыққа толық бет бұрдым. Жарты жылдай уақыт психологиялық, эмоциялық күйімді, энергиямды қалпына келтіруге кетті. Бірнеше жыл «тез, бол» деп асығып өмір сүргеннен бе, өз ырғағыма түсуге біраз уақыт керек болды.


Шабыттың келуін күтсең, өмір бақи күтіп жүре бересің. Компаниядан кетпей тұрып, бір жыл бұрын шығармашылықпен үзбей айналыса бастадым. Күнде 3 сағатымды шығармашылыққа арнайтынмын. Мейлі жұмыс көп болсын, мейлі қыдырып келейін, бірақ шығармашылыққа уақыт табамын деп шештім. Соның өзі дамуыма біраз әсер етті: шығармашылыққа қажет заттарды сол кезде сатып алдым, тапсырыс берушілердің көбімен сол кезде таныстым. Сондықтан болар, жұмыстан шығып, жеке шеберханама көшкенде қаржы жағынан қиындық болмады, өйткені үнемі тапсырыс келіп түсетін.

Туындыларым жанымның айнасы сияқты

Қазақстанды көптеген шетелдіктер жас мемлекет деп ойлап, тарихын тек беріден тарқатып жатады. Алайда біздің ұлттық тарихымызға бойласа, оның қаншалықты терең, бағзыдан бастау алатынын білер еді. «Тарих» деген туындым да сол сияқты. Жақыннан қарасаң, әртүрлі түстерден басқа ештеңе жоқ сияқты, ал алыстан қарағанда оюларды байқайсыз. Бұл жұмыс пиксель стилінде жасалды. Сурет емес, киіз болған соң, бәрін дұрыс есептеуің керек. Олай болмаса, жұмыс та дұрыс шықпайды.

Ал «Айна» деген туындым әлдеқайда жеңілдеу, абстракциялық техникада жасалған. Бұл жұмысты эскизсіз, бірден киізге бастым. Бәлкім, сол сәттегі шабыт пен эмоцияның әсері болар, осы жұмыс өзіме ерекше ұнайды. Туындыларым жанымның айнасы сияқты.

Әлеуметтік желілер «әлеуметтік теңсіздікті» жоюға ықпал етті

Өнерге оқытатын білім ордалары практикалық тұрғыда өте жақсы білім береді. Көркем өнер бойынша білім алып шыққан адамның қолынан бәрі келеді десем болады. Алайда көпшілігі өз жұмысын қалай сату керегін білмей қиналып жатады. Иә, бізде арт-менеджмент мамандығы бар. Алайда суретшілермен жұмыс істеп жатқан менеджерлер некен-саяқ. Көбі шоу-бизнеске кетіп қалған. Сол себепті суретшілерге құқық, қаржылық сауат сияқты біраз қосымша машықты меңгеру қажет сияқты. Менің өнерім қаншалықты бағалы? Туындымды қанша теңгеге сата аламын? Адамдар маған не үшін ақша төлейді? Өнерім арқылы қандай құндылықтарды насихаттаймын? Меніңше, әр өнер студенті университетте осы сұрақтарға жауап алып шығуы керек.

Әлеуметтік желілер қоғамда қалыптасқан «әлеуметтік теңсіздікті» жоюға ықпал етті деп ойлаймын. Әсіресе, өнер адамдарына қатысты. Біздің ортада кеңестік кезден қалған «жасқа байланысты шектеу» жиі көрініс табатын. Суретші қанша жерден талантты болып тұрса да, жасы кіші болса, оның танылуы, мойындалуы қиын еді. Осындай «ескі» түсінікті әлеуметтік желілер, әсіресе, Инстаграм өзгерте алды деп ойлаймын. Өнердің шексіз және шектеусіз екенін, жақсы не жаман туынды жоқ — әр туындының өз көрермені табылатынын көрсетті.

Киіз басу мен үшін медитация іспеттес

Жүнді тазалап, жуып, бояу да біраз уақыт алады. Бұрын жүнді табиғи жолмен бояйтын. Мысалы, пияздың қабығын, гүлдер мен өсімдіктерді қайнатып, әртүрлі түстер алған. Қазір де солай бояуға болады. Алайда, айтып өткендей, бұған көп уақыт кетеді. Сондықтан көбіне химиялық бояуды қолданамын. АҚШ-тан, Түркия мен Ресейден алдыртамын. Бірақ бояу әдісі сол баяғыша: апа-әжелеріміз киізді далада, ошақ қасында қайнатып, бояған болса, мен газ пештің үстінде қайнатамын.

Киіз басу мен үшін медитация іспеттес. Ала таңнан қара кешке дейін киіз бассам да, шаршамаймын. Шаршағанның өзінен ерекше рахат аламын. Бар ойым процеспен астасып кетеді. Мысалы, үй жинап жүрсең, әр нәрсені бір ойлайтын сәттер болады ғой. Ал киіз басқанда бәрі ұмыт болып, ерекше тыныштық орнайды. Кейде тіпті қолдарым қалай қозғалып жатқанын сезбей қаламын.

Фотосуреттер Ләйлә Жарқынның жеке мұрағатынан алынды
M

Читать также: