ӨМІР

Мифте жасырынған матриархат

Қазақ мифологиясындағы зұлым кейіпкерлер дегенде, көбінің ойына әйел сипаттағы қорқынышты образдар түседі: Жезтырнақ, Албасты, Мыстан кемпір… Зерттеушілердің еңбегінде зұлым күш иелері тек әйел сипатында емес, еркек бейнесінде де кездесетіні айтылады. Алайда бізге жеткен ертегілер мен аңыз-әңгімелерде зұлым әйел кейпі еркек құбыжықтан әлдеқайда аяр, қатыгез, жауыз болып сипатталады. Ал шындығында бұл кейіпкерлер біз ойлағандай қорқынышты болмаса ше? Төл мифологиямыздағы зұлым әйел образының астарына бірге үңіліп көрейік. 
Перизат Кәрімқұл

27 сәуір 2023

Жезтырнақ 

Жезтырнақ – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін образ. Әдетте ол жолға шыққан аңшыны я болмаса батырды аңдып, күн батқанда күміс шолпысын сылдырлатып қасына келеді. Адамның жүрегін жез тырнағымен қарс айыратын зұлым күш иесі көбіне әйел рөлінде бейнеленсе де, Шоқан Уәлиханов оның еркек түрі де барын атап кеткен. Еркек жезтырнақ сирек кездеседі, оны тек өз балтасымен өлтіруге болады деген сенім бар.

Жезтырнақтың мекені түрлі аңызда әртүрлі: биік тау, мүлгіген орман, ну қамыс, ен дала. Фольклоршы ғалым Сейіт Қасқабасов Жезтырнақ әу баста ен даланың рух-киесі болғанын айтады. Адамдар дінді ұстанып, бір ғана құдайға сене бастаған соң, оның бейнесі қиял-ғажайып реңге еніп, зұлым күш иесіне айналған. Ал қазақ мифологиясын терең зерттеген Серікбол Қондыбай Жезтырнақтың негізі ежелгі адамдарда аңшылардың пірі, аңдардың қамқоршысы болған «Арғы Әжеден» тараған деген болжам келтірген. 

Албасты

Албасты да бізге аса зұлым, жын-пері тектес образ ретінде жеткен. Оның қара және сары (сасық) деген екі түрінің бар екені айтылады. Адамның, жануардың сипатына ене алады. Аңыздарда аяғы ауыр әйелдер мен жаңа туған балаларға зиян келтіріп, ауру-сырқау әкелетіні айтылады. Адамның өкпесін, жүрегін, я бүйрегін жұлып алып, суға тастайтын көрінеді. Түнде жылқыға мініп, жалын өреді екен.


Албасты түркі тілдес халықтардың мифтерінде әртүрлі суреттеледі. Кейбір аңыздарда оның арқасы ашық, ішкі ағзасы түгел көрініп тұратыны айтылады. Оның тұрпатындағы тағы бір ерекшелік – емшегі. Емшегінің салбырап тұратыны соншалық – иығынан асырып арқасына іліп жүреді екен. Кей мифтерде жетпіс емшегі бары айтылған. Әбубәкір Диваев жазып алған нұсқада «Әр емшегімен жетпіс баланы емізеді» делінген. Дәл осы ерекшелінен оның ежелгі түркі халықтарының наным-сенімінде үлкен дәрежеге ие болғанын түсінуге болады. Шығыстанушы, этнограф Ольга Сухарева Албасты образы босанғалы жүрген әйелдерді желеп-жебейтін құдай-ана Анахитадан бастау алған болуы мүмкін екенін жазған. Кейбір түркі халықтарында Албасты бейнесі бар тұмарлар сақталған.

Албасты сөзінің төркінін зерттеген Серікбол Қондыбай оны ежелде рудың, қоғам мен отбасының қорғаушысы болған тайпа рухы «Ал-Анаға» нұсқайды.


Уақыт өте Албасты образы патриархаттың үстемдік құруымен көмескіленіп, жағымсыз кейіпке ене бастаса керек. Осылайша ол керемет сипатын жоғалтып, адам шошырлық кескінге ие болған: босанғалы жатқан әйелдер мен нәрестенің қамқоршысы дәрежесінен оларға аярлық ойлаған зұлымның деңгейіне түскен.


Сонымен қатар аңыздарда сипаты жағынан Албастыға ұқсас Мекер, Марту деген зұлым рухтар кездеседі. Ғалымдар оларды Албастының синонимі деп тұжырымдайды.

Жалмауыз кемпір

Жалмауыз кемпір қазақ мифологиясында балаларды ұрлап жейтін, су бетінде өкпе болып қалқып, суға келген адамды қылқындырып, баласын беруге көндіретін зұлым кейіпкер ретінде суреттеледі. Кей ертегілерде қыздарды алдап шақырып, саусағынан (кейде тізесінен) қан соратыны айтылады.


Ғалым Сейіт Қасқабасов Жалмауыз кемпірдің прототипі матриархат үстемдік құрған заманға сілтейтінін айтады:


«Жалмауыз кемпір – дүниедегі барлық жамандықтың өкілі. Бірақ оның бұл сипаттары екінші дәрежелі құбылыстар мен патриархат үрдісінің нәтижесі. Біздің алдымызда табиғатпен туысқандық байланысы бар және оның тылсым күшіне әмірін жүргізе алатын әйелге табыну кезеңінің іздері жатыр».

Көсем-ананы культке айналдырған ежелгі адамдар оның бейнесін ертегілерге қосқан: ол батырды тосып алып, өзіне бала етеді, тамақтандырады, жөн сілтейді, кеңес береді. Мұны ғалымдар Жалмауыз кемпірдің сипатына ұқсатады: ол бірде сиқыршы әйел, бірде от-анасы, ал енді бірде о дүниенің күзетшісі ретінде суреттеледі.


Жалмауыз кемпір бір хикаяларда жеті басты деп те сипатталады. Алайда Серікбол Қондыбай «жеті басты жалмауыз» кейпі тек Жалмауыз кемпірге емес, Мыстан, Жезтырнақ, Дию сияқты кейіпкерлерге де ұқсас болатынын айтып, «жалмауыз» сөзі барлық зұлым образдың жалпылама атауы болған деп топшылайды.

Мыстан кемпір 

Жалмауыз кемпір сиқыры көп, ерекше күш иесі болса, Мыстан кемпір одан әлсіз, қуатынан айырылған кейіпкер ретінде бейнеледі. Ол қу, айлакер. Қиял-ғажайып ертегілерде адамның сеніміне кіріп алып, оған жауыздық жасайтын образ ретінде суреттеледі: батырды арбап, жауына ұстап береді немесе сүйген жарын аздырады.


Сейіт Қасқабасовтың пікірінше, Мыстан кемпір бұрын билеушіге ақыл айтып, жол сілтейтін, дұшпанның сыр-сипатын танып білетін көреген болған. Оның да бейнесі бір кездегі ана рөлінің культке айналуына байланысты қалыптасқанын айтады. Ал патриархаттың үстемдігі артып, діннің келуімен Мыстан кемпір образы жағымсыз сипатқа енген.


Ескі мифтік әңгімелерде Мыстан кемпір ерекше жаратылыс иесі ретінде бейнеленеді. Қазақтың ежелгі астрономиясын зерттеген тарихшы Борис Куфтин Мыстан кемпірге қатысты мынандай мифті келтірген: «Аспанда бір алып кемпір тіршілік етеді. Оның бойы сұңғақ, бір дегенде қырық қойдың етін, қырық таба нан жеп, қырық мес қымыз ішеді. Танауының тесігі екі салт атты қатар сияқтындай үлкен. Аты – Мыстан кемпір. Бұл кемпірдің түрлі-түсті көп қойы бар. Ол жаңбырдан кейін қойларын қосақтап сауады. Жауыннан кейін көзге көрінетін кемпірқосақ – сол».

Елті 

Елтіге қатысты нақты аңыздар сақталмаған. Шоқан Уәлихановтың жазуынша, рухы бар, арқалы әйелдерді ерте заманда Елті деп атаған. Елті бақсы, сиқыршы, нақты айтқанда, еліктіруші қызметін атқарған. Әлкей Марғұлан бұл атау қазақтың «еліту», «мас болу» сөзінен шыққан деген анықтама берген, яғни Елті адамдарды о дүниеге – «өлілер еліне» елітіп, саяхат жасайтын болған.

Ғалымдардың пікірінше, әйел бақсының образы ежелгі замандағы матриархат дәуірінің салтынан туындаған дәстүрдің сарқыншағы. Серікбол Қондыбай Елті образы кейбір мифтік ұғымдарда кездесетін «өлілер әлемінің иесі» болуы мүмкін деп болжайды.

Үббе

Үббе бір деректе су астын мекен ететін қара күш ретінде суреттелсе, енді бірде жыланға немесе айдаһарға айнала алатын сұлу қыз деп сипатталады.


Әбубәкір Диваев Үббе сырдариялық қазақтардың наным-сенімінде болғанын айтқан. Дегенмен ол тек қазаққа ғана тән емес: оның образы өзбек, татар, түрікмен мифологиясында «ювха» деген атпен кездеседі.


Кейбір хикаяда оның адам баласына тұрмысқа шыққаны баяндалады. Тек адамға қояр бірнеше шарты бар, оның бірі – арқасына қарамау, өйткені арқасы жылан қабыршықты болып келеді екен. 

Ғалымдардың пайымдауынша, Үббе бейнесінің түп-төркіні ежелгі су киесінің бейнесіне келіңкірейді. Тек Ислам дінінің тарауымен оған жаман реңк теліне бастаған.


Серікбол Қондыбайдың еңбегіне сүйенсек, Үббе жайлы мифтегі жылан мен айдаһар бейнелері ежелде жылан тотемизмі мен жылан кейіпті Ұлы-ана бейнесінің болғанын көрсетеді.

Пері

Аңыздарда пері адамға зұлымдық жасай алатын да, көмек көрсететін де тылсым сипатқа ие. Албасты, Жезтырнақ сияқты зұлым рухтар жалғыз жүрсе, перілер көбіне топ болып, қауымдасып жүреді. Өмір сүру салты адамдарға ұқсас. Алайда олардан айырмашылығы – су түбінде жүзіп, аспанда ұша алады, жер бетінде түрлі сиқырлар жасай алады. Перілердің еркегі де бар, алайда бізге жеткен аңыз-ертегілерде перілер көбіне әйел кейпінде кездеседі.

Пері қыздар ерекше сұлулық иесі деп суреттеледі: батырларды ғашық етіп, әуезді үнімен елітеді. Сәуегейлік қасиеті де бар. Аңыздарда перілер мұсылман (жақсы) және кәпір (жаман) деп бөлінеді.


Қазіргі таңда Пері ежелгі түсінікпен де, мұсылмандық таныммен де астасып кеткен күрделі мифтік бейнеге айналған. Олардың шығу тарихына қатысты зерттеушілерде нақты бір тұжырым жоқ.

Кейбір аңыздарда Перілер су астын мекендейтіні айтылады. Су перісінің бір түрі саналатын Теңіз перісі жайлы аңыздар Маңғыстау қазақтарында сақталған. Балықшылар арасында Теңіз перісін көріп, даусын естігені жайлы түрлі әңгіме бар. Балықшылар теңіздің терең тұсына келгенде перілер қайыққа көтеріліп, сықылықтап күлетін көрінеді.


Әйел затына тылсым, сиқырлы күшті телу әйелдің, ананың ежелгі адамдар санасында, мәдениетінде аса маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Еркектердің ел қорғап, қоғамдағы статусы артқаны және діннің келуі көп образға зұлым реңк берсе де, әйел рухтардың әуелгі сипаты көмескіленіп жеткенін байқаймыз. Бұл адамзаттың «Ұлы Ана» сипатын зұлым кейіпте болса да, түп санада сақтап қалудың амалы болса керек.

Материалды жазу барысында ғалымдар Шоқан Уәлихановтың, Әбубәкір Диваевтың, Серікбол Қондыбайдың, Сейіт Қасқабасовтың еңбектері қолданылды.


Иллюстрациялар авторы – Жанар Ерланқызы

Суреттер автордың рұқсатымен жарияланды

M

Читать также: