КАРЬЕРА

Карантиннен кейінгі бизнес: қазақстандық кәсіпкер әйелдер дағдарыстан шығуға арналған жоспарлары туралы баяндады

КАРЬЕРА

Карантиннен кейінгі бизнес: қазақстандық кәсіпкер әйелдер дағдарыстан шығуға арналған жоспарлары туралы баяндады

Біз «Жетісу» туристік компаниясының директоры Елена Бекбоева мен Adili брендінің негізін қалаушы Әсел Әділдің дағдарыс кезінде кәсіптерінің қандай қиындыққа тап болғаны және одан шығудың жолдары туралы монологын жазып алған едік.
Елдана Ибраева

6 тамыз 2020

Елена Бекбоева

 «Жетiсу» туристік компаниясының директоры
Менің кәсібім – туристік агенттік. Алғашқы қиындыққа жылдың басында тап болдық. Қаңтар айынан-ақ сатылымдар мен өтініштер саны күрт азайып кетті, ал ақпан айының ортасында клиенттер броньдарын қайтара бастады. Төтенше жағдай басталысымен біздің қызметіміз толықтай тоқтады: шетел шекаралары жабылып, жұмысымыз біржола тұралап қалды.


Біздің салада жағдай әлі күнге дейін тұрақталған жоқ, шекаралар енді ғана ашылғалы жатыр, халықаралық рейстер жоспарланып қойған, алайда әлі ұшқан жоқ. Әлбетте, ішкі туризм нарығында оларға балама демалыс орындары бар. Мәселен, Алакөл, Ақтау жағалауы сияқты. Біз қазір сол бағытта жұмыс істеуге үйреніп жатырмыз.

Алайда жоғары деңгейде демалып үйреніп қалған туристердің талаптарын қанағаттандыратын отандық қонақ үйлер саусақпен санарлық
Сол себепті туристердің көпшілігі жағдайдың тұрақталғанын күтіп отыр.


Қазақстандағы туристік бизнестің құрылымы мынадай: туристік өнімді қалыптастыратын туроператор. Оның туристерге тікелей тур сатуға құқығы жоқ. Оны тек қана туристік агенттіктер арқылы сатады. Ал турагент тек қана турды сатумен айналысады, бірақ қалыптастыруға құқығы жоқ. Соған сәйкес біз туристердің қалауы бойынша турларға бронь жасаймыз, туристер ақшаны бізге төлейді, біз туроператорға төлейміз.


Қазіргідей қиын кезеңде туристік оператор мен турист арасында делдал болу өте ауыр. Екеуінікі де өзінше дұрыс, екеуінің де өз көзқарасын білдіруге қақы бар. туроператорлар бүгінде турдың ақшасын қайтармайды, ал туристер бізге төлеген ақымызды қайтарып беріңдер деп талап қояды. Туристердің қалауы бойынша турды жоспарлайтын турагенттер (яғни, біз) осындай жағдайда екі ортада қалып, шиеленісті шешуге тырысады. Әрине, бізге психологиялық тұрғыдан өте қиын, жан-жақтан қысымды сеземіз, біреулер қорқытады, біреулер айқай шығарады. Күн сайын келіссөз жүргізуге, уақытын жылжытуға, тіпті болмаған жағдайда ақшасын қайтадан алып беруге тырысамыз. Алайда ақшаны толық қайтаруға әлі жарты жылдай уақыт керек деп ойлаймын.


Біздің де аяқ-қолымыз тұсаулы: турдың ақшасы толық қайтарылмайды, мейлінше уақытын кері шегіндіруге тырысады, болмаса ол туроператордың есепшотында депозит ретінде сақталып қалады.

Біз сонау ақпан-қаңтар айында табыс табуды доғардық. Наурыз айында мүлде қиын жағдаймен бетпе-бет келдік, өйткені тур сатылымы біржола тоқтады. Яғни, каратин басталған бетте біз ақшасыз қалдық.

Қазір біз «жұмыс бар, ақша жоқ» деп әзілдейтін болдық
Біз турларды ұшақ билетімен бірге тамыз айының соңына дейін сатқандықтан, бүгінде броньдалған сапарлар мәселесін шешуге тырысып жатырмыз.


Дағдарыс кімнің кім екенін айқындап берді. Әрине, бизнесті адамдар жасайды және кез келген компанияның ұстанымы – оның басшысының ұстанымы. Сол себепті осындай қиын шақ көптеген серіктестеріміз бен әріптестеріміздің бізге деген қарым-қатынасының қандай екенін, этикасының қандай деңгейде екенін көрдік. Содан шешім шығаруды үйрендік.


Туризм саласындағы дағдарысқа бейімделу немесе одан шығу жолдарын іздеу туралы бірдеңе деуге әлі ерте. Басқа бизнес салаларында ақша айналымы тіпті 70-80% пайызға төмендеп кетті дегеннің өзінде, сауда жүріп жатыр, ал біз мүлде тоқтап қалдық.


Дағдарыс аяқталғаннан кейін жұмысты қашықтан жалғастыра беруді ойлана бастадым. Өйткені біз қазір бүкіл команданы қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырдық. Осыдан байғаным, кеңсеге келмей-ақ көп іс тындыруға болады екен. Бұл да карантиннен кейін шығарған қорытынды.


Біздің саладағы бизнес өкілдері дағдарыстан шыға алады. Тек ол үшін өзгеру керек. Жуырда туризм саласы мүлде басқа форматта жұмыс істеуге көшеді. Біз жай ғана тур пакерттер сатумен айналыспаймыз, сонымен бірге кеңесшілердің де рөлін атқаратын боламыз. Әлбетте, жаңа нишалар ашамыз. Мәселен, жағдайға байланысты туризм, жылжымайтын мүлікпен жұмыс дегендей. Әрине, көпшілігі жұмысын тоқтатады, әсіресе тәжірибесі аз, клиенттермен қалай жұмыс істеуді білмейтін қыз-жігіттер.

Дағдарыс келгелі бері: «Нарық тазарып, кіл мықтылар ғана қалады» деген әңгіме тарады. Шын мәнінде, мықтылардың бәрі бірдей қалмауы мүмкін
Өйткені мықты деген, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан турагенттердің арасында бар жанын салып, сапалы жұмыс істеп, клиенттердің көңілін тауып үйреніп қалған идеалистер көп. Бірақ қазір біз олай істей алмаймыз. Мұндай жағдайда адамның өмірлік құндылықтары өзгеріп, жан дүниесі арпалысқа түседі. Және жас ұлғайған сайын мұндайға бейімделу қиынға соғады. Біз клиенттердің жағдайын жасап үйреніп қалдық. Ал қазір бере алмағанымыз – біздің ұрымтал тұсымызға соқты. Алдымызда тұрған мақсат, бұрынғыға қайта оралу емес, өзіңді өзгерту.


Күйзеліске түсіп, салың суға кетпей, болашаққа деген үмітпен, оптимизммен жұмысты жалғастыру үшін өзіңді сөге бермей, керісінше, өзіңді жақсы көріп, уақыт арнауды үйренуің керек. Жеңілгенін мойындаған адам жеңілдеп қалмайды. Ешқашан. Біздің басты мақсатымыз – өзімізге қамқор болып, өз ақиқатымыздан ауытқымау.


Бұдан шығар жол қайсы? Менің ойымша, бұрынғы жұмыс қарқынына қайта оралуға тырысу дағдарыстан құтқаратын жол емес. Жұмысты тиімді ұйымдастыру, әдіс-тәсілді, жұмыс жүйесін өзгертуге тура келеді.

Әсел Әділ

Adili брендінің негізін қалаушы
Дағдарыс кезінде қаладағы барлық сауда орталықтары жабылып қалды. Біздің басты қиындығымыз – қызметкерлерге жалақы төлеу. Сол себепті адамдар табысынан айырылып қалмауы үшін мейлінше көбірек жұмыс істеуге тырыстық.

 

Қаланың шекарасындағы блок бекеттер де көп кедергі келтірді. Біздің өндіріс орны қаланың сыртында, ал тауарларымыз тұратын дүкендер Алматы және басқа да қалаларда орналасқан. Бірақ блок бекеттер арқылы азық-түлік жеткізіп жүрген еріктілердің көмегімен жұмысымызды тоқтатпадық. Сонымен бірге қорғаны бетперделерін тігуді қосымша табыс көзіне айналдырдық.


Өндірістің жұмыс кетесін реттеу қиынға соқты, өйткені біз бұрын-соңды мұндай кестемен жұмыс істеп көрмеген едік. Кеңседегі қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруда қиындық туған жоқ. Алайда өндірісті қашықтан жүргізу мүмкін емес, себебі құрал-жабдық жағынан проблемалар пайда болды. Бұрын біз командамызбен қаланың сыртындағы өндіріс орнына баратынбыз, қазір команданың жартысы жұмыс орындарында, яғни дүкендерде, кеңседе қалады. Жиналыстардың бәрі қашықтан өтеді.

Дағдарыстық жағдайға бейімделдік деп айтуға әлі ерте
Біз сияқты көптеген компаниялар әлі де бейімделу үстінде. Өмір енді бұрынғыдай болмайтынын түсінеміз. Карантин кезінде қолымыздан келгеннің бәрін істедік, үйімізді қоймаға айналдырдық, тауарды сұрыптау, жеткізу жұмыстарымен өзіміз айналыстық. Кеңесшілер қашықтан жұмыс істеді. Иә, абыроймен жұмыс істедік, қазіргі таңда үй текстилін өндіруге көштік. Себебі көпшілігі карантин уақытында үй-жайына жөндеу жүргізіп, ескі заттарды жаңартқысы келеді. Сол себепті тапсырыс пен сатылым тоқтаған жоқ. Алайда біз карантинге бейімделдік пе, жоқ па, бәрін уақыт көрсетеді.


Дағдарыс бұрын кейінге шегеріп келген жұмыстарымызды бастауымызға ықпал етті. Мәселен, жаңа сайт жасау. Бұрынғы сайтымыз ескірген еді. Қазір біз техникалық фотосуреттердің форматын өзгертіп, фотосессияны үйде жасауға көштік.


Барымызша мойымауға тырыстық. Карантин уақытында командамызды, өзімізді, отбасымызды демеп отырдық. Соңғы кездері енді ештеңенің бұрынғыдай болмайтынына көзіміз жетіп, аздап уайымдай бастадық. Алғашында «қалайда жұмысты тоқтатпау керек» деп ойласақ, карантиннің соңына қарай «ары қарай не істейміз» деген ой мазалай бастады. Қазір жағдай біртіндеп түзеліп келеді. Әйткенмен, нақты бірдеңе деп айтуға ерте. Тауар жеткізушілермен, жалға берушілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз, шарттарды жаңартуын өтіндік.

Бұрынғы қалпымызға қайта ораламыз деген үмітіміз бар. Бірақ бәріне уақыт керек
Біріншіден, адамдар қазірде көп ақша жұмсауға қорқады. Киім сатумен айналысатындарда, әсіресе бөлшек саудада өсім барын байқадық. Алайда текстил – маңыздылығы жағынан ең соңғы кезекте тұратын тауар. Сол себепті бөлшек саудада тұралау болатынын білеміз, өйткені адамдар карантин күшейіп, екінші толқын келеді деп күтіп, ақша үнемдеуге көшкен.


Көптеген шешімдерді кейінге шегердік. Биылғы жылға стратегиялық жоспарымыз болған, алайда оны да қайта қарауға мәжбүрміз. Шығындар, алдағы сатып алынатын тауарлардың тізімі, жеткізушілермен, жалға берушілермен арадағы байланыс – бәрін қайта қарап жатырмыз.

Фото материалдары осы сұқбаттың кейіпкерлерімен берілген
Бұл материал Qolda жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия Қорымен бірлестікте дайындалды. Материал авторы мен кейіпкерлерінің көзқарастары «Шеврон» компаниясы мен Орталық Азияның Еуразия Қорының пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.
M

Читать также: