Қазақстандағы арт-феминизм: қазіргі заман суретшілері сөйлейді
27 ақпан 2023
Сәуле Сүлейменова
Феминистік өнерді әйелді объект, сәндік құрал немесе патриархал образ (біреудің анасы, әйелі, қызы) турасында емес, адам ретінде қарастыратын бағыт деп санаймын. Мұндай өнер туындыларының арқалайтын мәні тек гуманизм.
Арт-феминизм көрерменді «адамның жынысы» оның өмірдегі орнын анықтайды деген таптаурын көзқарастан арылтуды көздейді.
Мен өз жұмыстарымды феминистік демес едім, олар мәңгілік гуманистік құндылықтар жайлы. Туындыларымдағы кейіпкерлерді патриархал стереотиптерден ада етіп көрсеткім келеді.
Шығармаларымдағы негізгі тақырып – келін. Ең танымалы – «Үш келін» сериясы. Бұл жұмысқа арқау болған Әлкей Марғұланның мұрағатынан табылған 1879 жылы түсірілген фотосурет. Осы суретті 2004 жылы қағазға графика ретінде түсіргем. Содан бері 2-3 жыл сайын қайталап тұрамын. Әр туынды шыққан сайын мен де өзгеремін, менімен бірге суреттегі әйелдер де өзгереді. Алғашында олардың түрі аянышты көрінетін, қазір әрқайсысында мінез пайда болғандай. «Үш келін» идеясынан бірнеше шығарма туып, Қазақстан мен шетелдегі көрмелерде ұсынылды
Зоя Фалькова
Маған феминистік тақырыпты көтеру өте маңызды. Қоғам әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа бейжай, төзіммен қарауды доғармайынша, әйелден тұлғаны емес, объект пен міндеттерді ғана көріп, әлеуметтік қарым-қатынас құруға тек патриархаттық логика тұрғысынан ғана қарауды қоймайынша, феминизм өзекті болып қала береді. Егер біз дамыған қоғамда өмір сүргіміз келсе, осының бәрі өзгеруі керек.
Егер біреу гендеріне қатысты алалауға, дискриминацияға тап болса, ол туралы мүлдем білмеуі де мүмкін. Мысалы, суретшіні әйел не еркек екеніне бола белгілі бір іс-шараға немесе жобаға әдейі шақырмағанын ешкім білмейді ғой. Негізінен қазіргі заманғы өнерде теңсіздікке жол берілмейді және институттар әйелдерге барынша қолдау білдіруге тырысады. Десе де өнер нарығында әлі де ер суретшілерге басымдық берілетінін байқауға болады.
Өз тәжірибемді бөлісер болсам, мен қатысқан бір көрменің цензураға ұшыраған кезі болған. Бұл 2019 жылы Бішкекте өткен «Феминалле» атты алғашқы феминистік өнер биенналесі болатын. Осы биеналлеге қырғыз билігінің өкілдері қарсы шығып, бірнеше жұмысты алдыртып тастаған еді. Соның ішінде менің Evermust деген туындым да болды.
Бұл туындыны artmeken галереясының адам құқықтары туралы жобалары шеңберінде жасап, Қазақстан, Қырғызстан, Германия, Чехиядағы көрмелерге қатыстым. Қазір алғашқы нұсқасы Испаниядағы Tatxo Benet’s Forbidden art collection топтамасында тұр.
Мөлдір Қарубайқызы
Өкінішке қарай, біздің елімізде ер адамдардан гөрі, әйел адамдарға көрсетілетін қысым, теңсіздік, қорлық көп. Әрі әйелдердің қорлық көрсе, жасырып қалатыны, шыдап жүре беретіні, көп нәрсеге еркі болмайтыны алаңдатады. Бұл өте қиын тақырып. Айналамда барынша айтып жүруге тырысамын. Осындай тақырыптарға орайластырылған арнайы көрмелерге қатысып тұрамын. Бірақ маған әйелдің бойындағы қорқынышты бейнелеудің өзі өте ауыр. Ол ауырлықты суретпен көрсетіп жеткізе алмайсың. Сурет арқылы көрсеткен күннің өзінде оны тек көрмеге келетін өнер сүйер қауым көре алады. Ал өнерді сүйетін қауым ешқашан озбырлық жасамайды, жаны таза, мәдениетті болады деп ойлаймын. Сондықтан көпшілікке бұл тақырыпты медиа арқылы трансляциялау аса маңызды деп ойлаймын.
Гендерлік алалауға кез болмаппын, болғанның өзінде солай болуы керек деген қағидамен өмір сүріп келген болармын. Ал қазір сондай жағдай болып жатса, өзімді де, басқа адамдарды да, соның ішінде әйелді де қорғауға дайынмын.
Өткен жылы Citix және Binance NFT бастамасымен отбасылық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған «Есік артында» әлеуметтік өнер жобасына қатыстым. Осы жобада бірнеше әйелдің оқиғасы баяндалды. Соның ішінде Венера есімді әйелдің көрген қорлығын «Қорқыныш» деген туындыма түсірдім. Басынан не өткенін естігенде денең түршігеді: аяғы ауыр бола тұра, тепкіге жығылған. Бұл оқиғаны бір суретпен бейнелеп, ондағы қорқынышты жеткізу оңайға соқпады. Ана өлгелі жатса да, баласын ойлайды дейді ғой. Біздің қоғам бала тек анасына ғана керек деп ойлайтын сияқты.