ӨМІР

Бір ауылды ұйыстырған наурыз көже

Бала кезден Наурызды асыға күтемін. Бұл мейрам әжемнің жылы жүзін, ыстық алақанын еске салады. Шіркін, отбасыны түгел дастархан басына жинайтын наурыз көжені айтсаңызшы! Мұндай керемет дәстүр бір отбасыны ғана емес, бір ауылды да ұйыстырады екен. Назерке құрбым ата-бабамыздың дәстүрі ауылымда әлі сақтаулы деген соң, Қызылорда облысындағы Келінтөбе ауылына барып қайттым. Бұл жақта наурыз көжені жылда көше болып пісіріп, бүкіл ауылды қонақ етеді екен.  
Перизат Кәрімқұл

29 наурыз 2023

Құрбым тұратын көше биыл наурыз көжені Сәлима апаның үйінде пісірмек. Үйдің жанына түнгі он бір шамасында тоқтадық. Аулаға кірген бетте қызу дайындық жүріп жатқаны бірден сезілді. Үйдің алдында бірнеше от маздап, қазандар қайнап жатыр.


Ошақ қасында төрт әйел жүр: Сәлима апа, Ақайша апа, Ләззат апа мен Ботагөз апа. Өздерін «F4-піз» дейді, күліп. Төртеуінің WhatsApp-тағы тобы осылай аталады екен.


Бізден басқа тағы төрт әйел бар. Олар үйінде дайындалып жатыр. Ертең келеді, – дейді Сәлима апа.

Қазанды бір араластырып, апалар үйге кірді. Шай ішіп алып, жұмысты әрі жалғастырмақ. Жас келіндер мен қыздар дастархан дайындап жүр. Балалар сырттан қорап-қорап торт, самса мен күлше кіргізіп жатыр.


Ауылда наурыз көжені көше-көше болып жасайды, – деп бастады әңгімесін Ақайша апа, – Бір көшенің бойында қанша үй болса, соның бәрі бірігіп наурыз көже пісіреді. Бұрында көжені 13 наурыздан бастап дайындайтын еді, сол кезде барлық жәндік тіріліп, жер көгере бастайды. Әдетте шет жақтағы бір үй бастап, басқасы қостап кететін. Ал қазір бірінші наурыздан бастап жасай береміз.


Бұл жақта наурыз көжені «Жылы көже», «Жыл көже» деп те атайды екен. Ескіден келе жатқан дәстүрдің мағынасын апалар өзінше тарқатып берді:


Наурызды халқымыз Жыл басы дейді ғой. Әке-шешеміз, ата-енеміз өткен жылдан аман-есен шыққанына шүкір айтып, жанымыз бен малымыздың садақасы деп наурыз көже берген. Біз де сол дәстүрді жалғастырып келеміз. Көктем – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі, неше түрлі ауру қозады. Ал көже тұнып тұрған витамин.

Межелі күнге апалар бірнеше күн бұрын қамданады. Ең әуелі «ақша жинаудан» бастаймыз деп бәрі күлді.


Бұл жолы да ақша жинап, Сәлиманы базарға жібердік, – дейді Ботагөз апа.


Былтыр 6 мыңнан жинағанбыз, биыл қымбатшылық болған соң 8 мыңнан жинадық. Ендігі жылы 10 мың, одан кейін 20 мың болатын шығар, – деп жымияды Ақайша апа.


Ақша жинап қана қоймай, әркім өзі сақтаған тәтті-дәмдісін алып келеді: ет, қатық дегендей. Сосын наурыз көже қай үйде өтіп жатса, шығынның көбін сол үйдің иесі көтереді, – деп қосты Ләззат апа.


Қаладан қажет заттың бәрін алдыртқан соң, апаларда тыным жоқ: самсаның, бауырсақ пен қаттаманың қамырын дайындап, дәнді-дақылдарды тазалайды. Шай үстіндегі әңгіме де көжеге қосатын кеспе жайлы.


Жаңа қамырын илеп қойдық, соны жаямыз, – дейді Ақайша апа.


Ләззат апа «Уақыт жоғалтпай, қамдана берейік» деген соң, бәрі орнынан тұра бастады. Қазанда қайнап жатқан дақылдардың пісіп-піспегенін тексермек.


Есік алдында төрт қазан қайнап жатыр. Апалар қақпағын ашып, көрсетіп жүр. Ең үлкен қазанда ет пен ақ және сары жүгеріні пісіріп жатыр екен.

Мынау «көжеміз дәмді, майлы болсын» деп қыстан сақтаған сүр ет. Жүгеріні бірге қайнаттық. Сонда жүгері майды сіңіріп, тамақты жырмай, жұмсақ өтеді, – дейді Ақайша апа.


Енді бір қазанда бидай, тағы екеуінде маш пен лобия пісіп жатыр. Бұл жақта наурыз көжеге қосатын дәм түрі жетеуден де асып кететін сияқты: ақ және сары жүгері, бидай, маш, лобия, кеспе. Ет, пияз, сәбіз бен картоп та бар. Кейде күріш пен тары да қосылады екен: «Әр жерде әртүрлі ғой. Бар дәмді қосып жасай береді».


Дәндерді жуып, әрқайсын бөлек қайнатып жатырмыз. Өйткені әрқайсының бабы бөлек, – дейді Ботагөз апа.


Дәндер түгел піскен екен.


Тұзын көрдіңдер ме? – дейді үйден шыққан Сәлима апай.

Көрдік, тұзы әдемі болып тұр.


Бұл жақта тамаққа берілетін ең жақсы баға – «әдемі болыпты!».


Піскен дақылдарды сүзіп алып, үлкен табақтарға түсіре бастады. Салқын жерге қойып, таңертең көжеге қоспақ. Табақтарың салмағы зілдей. «Ауыр ғой, көмектесейін» дегеніме «Ауыр көтеріп үйреніп қалғанбыз» деп жауап қайырды.

Қазандарды жуып, есік алдын реттеген апалар үйге қарай беттеді: «Қазір сегіз зуаланы жайып, кеспе дайындаймыз. Ертең бір қазан кеспе көже пісіреміз». Қамырды бұл жақта «зуала» дейді. «Зуала» мен «зуылдаудың» түбірі бір ме екенін білмедім, бірақ апалар сегізге бөлінген қамырды көзді ашып-жұмғанша жайып, кеспелеп тастады. 

Жұмыстың көбі бітіп, азы қалды. Ендігі шаруаларын ақылдасып болған соң, үйді-үйге тарқасатын болды. Сағат түнгі екі жарым. Ауыл тым-тырыс. Апалар ғана ертеңгі күннің қамын ойлап әлек.


Ертең жаңбыр жауады дейді. Күн жылы болса екен…

Таңда жаңбыр сіркіреп өтті. Күн бұлттанып тұрса да, Сәлима апаның үйіне жиналған әйелдер мәз-мейрам болып, таңғы шайын ішіп отыр.


Үй иесі Жанат аға телефонмен біреулерге сөйлеп жатыр: «Бірің қалмай келіңдер! Көже бәріне жетеді».


300 литрдей көже шықты. Бұйырса, осы ауылдың жартысы келеді. Біз адамдарды бөлмейміз: бұйырғаны келіп ішіп кетеді, – дейді Сәлима апа.


Келінтөбеге жол түсіп, «Көже беріп жатыр» деген үйге кіре қалсаңыз – төр сіздікі. Ешкім танымаса да, қонақ етіп, көже ұсынады.


Жыл басында тойып көже ішсең, жыл бойы тоқ боп жүресің, – дейді Ақайша апа.

Шайын асығып-үсігіп ішіп, апалар ошаққа қарай асықты. Бірі сорпаға кеспе салып, енді бірі барлық дән араласқан қазандағы көженің дәмін көріп тұр. Кеспе дайын болған соң, оны көжеге қосады. Сонымен наурыз көже дайын. 

Келген қонақтар «Ниеттеріңіз қабыл болсын!» деп үйге кіре бастады. Жанат аға «Көргеніміз – көріскеніміз» деп бәрін төрге шығарып жатыр. Сәлден кейін тегене көтерген жігіттер де кірді.

Үлкен кеселерге көже құйылып, ағыл-тегіл әңгіме басталды: мал-жанның қамы, сайлау, той.

Далада жұмыс қызып жатыр. Жігіттер самаурынға шай қайнатып жүр. Ал апаларды тағы бір жауапты міндет күтіп тұр – келе алмағандарға көже үлестіру. Банкасын көтеріп келген балалар мен келіншектер ошақ жанына жинала бастапты. Ботагөз апа кезекпен наурыз көже құйып беріп жатыр.

Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Біз де бала кезімізде осылай құты әкеліп, көже құйғызып алатынбыз, – дейді Назерке құрбым.


Үйге қайта кіргенде үлкендер құран оқып, бата беріп жатыр екен:


Жылдан жылға аман-есен, төрт көзіміз түгел болып жетейік.


Дастархан басынан тұрған адамдардың орнын суытпай тағы бір топ адам жайғасты. Осылайша алдыңғы сюжет тағы бірнеше рет қайталанды.

Наурыз көже қайнатқан қазанның да түбі көріне бастады. Апалар апталап дайындалған мереке мәресіне жеткен сияқты.


 Жұрт «Көже әдемі болыпты» деп тарқап жатты. Апалар «енді өзіміз отырып шай ішейік» деп үйге кірді. Дастархан басында Сания апа ауыл болып пісірген алғашқы көжені еске алды:


Наурыз көжені ауыл болып егемендік алған соң жасай бастады. Оған дейін әркім өз үйінде ғана пісіретін. Ал біз ең алғаш Бикештің (Ақайша апа) үйінде жиналып, бидай түйіп, көже пісіргенбіз. 2005 жыл болатын.


Осының бәрі ауызбіршіліктің жемісі, – дейді Ақайша апа.

Айналдырған екі күн мұражай аралап келгендей әсер берді. Алайда мені таңқалдырған «жәдігер» ескі заттар емес, адамдар еді. Кітаптардан оқып, естеліктерден білетін кең пейіл, дархан мінез қазақты көріп, сүйсіндім. Жассың ба, жатсың ба, жатырқауды білмейтін, төрін ұсынып, құтты қонақ ететін жұртты көріп, шын қуандым. Зымыраған уақыттың оларға әмірі жүрмейтіндей: бәрі өз бабымен, бәрі өз ретімен, бәріне мейіріммен.


Ендігі наурыз көже кезегі Ләззат апада екен. «Келер жылы да дастарханнан дәм татыңдар» дейді апалар. Бұйырсын…

Фотосуреттер мақала авторы ұсынған
M

Читать также: