ӨМIР

Terek Story: Әулет тарихын жаңаша тану

2024 жылдың бітуіне санаулы күндер қалды. Биылғы жыл қазақстандықтар үшін түп-тамырға оралу, микротарихқа назар аудару мен кімдігімізді іздеу сияқты маңызды тақырыптармен есте қалмақ. Бұл мәселелер жөнінде терең ойлар мен әсерлі пікірлер күзде өткен TEDx Astana конференциясында айтылды.

Сол кеште сөз сөйлегендердің ішінде ерекше назар аудартқаны – Terek Story жобасының тең құрылтайшысы Гүлназ Туленова. Terek Story жобасы отбасы тарихын жаңа көзқараспен қарап, ата-бабаларымыздың қуанышы мен қайғысын сезінуге мүмкіндік береді. Manshuq авторы Аруна Садыбекова Гүлназбен отбасы тарихын зерттеудің маңыздылығы мен ұрпақаралық жаралар жайлы әңгімелесіп қайтты.

Аруна Садыбекова

25 желтоқсан 2024

Алғаш рет Terek Story парақшасын көргенде таң қалған едім. Әдетте, әулет тарихы мен үшін том-том болып жиналатын үлкен кітаптар түрінде елестейтін. Олардың ішінде бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың ерлігі, жалпы ру тарихы, кімнің қандай жұмыс істеп, қанша бала тәрбиелегені жайлы ақпарат жазылатын. Мұндай кітаптардың маңыздылығын түсінгеніммен, олардың көмегімен кеше мен бүгіннің арасын жалғай алмайтынмын. Ал Terek Story парақшасында әр отбасының тарихы жеке тұлғадан басталып, оқырманның жанына жететіндей етіп жазылған. Оны оқып, мен де өз отбасымның тарихын асыра әспеттемей, қарапайым әрі шынайы сезімдерге толы етіп жазғым келді.


Осылайша, жобамен танысып, ондағы сұхбаттарды оқып жүрдім. Жақында Астанада өткен TEDx конференциясында бұл жобаның тең құрылтайшысы, зерттеуші әрі тарихшы Гүлназ Туленованың әулет тарихы мен трансгенерациялық жарақаттардың маңыздылығы туралы сөзін тыңдау мүмкіндігіне ие болдым. Гүлназ конференциядағы баяндамасын «Шыны керек, біз туыстарымызбен тек мәжбүр болғандықтан ғана араласатындаймыз. Біртүрлі cалқындық сезіледі» деген сөздерден бастады. Ішіміз сезіп жүрсе де, бұл әр қазақтың сахнаға шығып мойындай алатын нәрсесі емес. Айрандай ұйыған, бірлігі мықты әулет болып көрінуге тырыссақ та, көпшілігіміз туыстарымызбен әрдайым ашық сөйлесе алмаймыз.

«Әркімнің өз армандары бар, бірақ бәріміз де іштей туыстарымыздың жақын, бауырмал болғанын қалаймыз деп ойлаймын. Өкінішке қарай, уақыт өте келе түрлі жағдайлар орын алады, реніштер жиналады, және олардың кесірінен бауырлар арасындағы қарым-қатынас суыйды. Оларды қайта біріктіріп, жақындастыратын ортақ әңгімелер мен отбасы тарихы жетіспейді», – дейді Гүлназ.


Зерттеушінің пікірінше, адамдарды отбасы тарихын зерттеуге бала кезден баулу қажет. Ата-әжелердің әңгімелеріне құлақ асып, олармен ашық сөйлесіп, түсінуге тырысу маңызды. «Әрине, бала әңгімелерді бірден түсінбеуі мүмкін, бірақ уақыт өте келе олардың мәні айқындалады. Себебі, кез келген адам есейе келе «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздейді. Бұл сұрақтың жауабын әулет тарихынан табуға болады деп сенемін. Бұл – бақытты өмір сүруге жетелейтін жолдардың бірі», – деп қорытындылады тарихшы.


Бұл сөздерді естігеннен кейін, отбасы тарихын жазуға қатысты көптеген сұрақтар ойымнан кетпей қойды. Оның ішіндегі ең бастысы: «Өткеннің жарасын байқамай тырнап алмаймын ба?» деген ой. Ата-әжелеріміздің өмірінде кеңес үкіметі, Желтоқсан оқиғасы, ашаршылық пен жоқшылық кезеңдері сияқты талай сынақтар болды. Көбісі ата-анасынан ерте айырылып, балалық шақтары қысқа әрі ауыр өтті, ал қауіпсіздік сезімі мүлде болмады деуге болады. Оған қоса, отбасы мүшелері күрделі, бірақ маңызды тақырыптарды қозғаудан қашуы мүмкін. Өйткені, ешкім ішімдік, зорлық-зомбылық немесе басқа да жағымсыз жағдайлардың тарихта қалғанын қаламайды. Әркім өз өміріндегі қараңғылықты жасыруға тырысатыны тағы бар. Гүлназ Туленова 45-тен астам сұхбат жүргізген тәжірибесіне сүйене отырып, келесі оймен бөлісті. 

«Сұхбат барысында талай адамның көз жасына куә болдым, жүрек жылытатын сөздерін естідім және ризашылығын білдіргендер де аз болмады. Бірақ жағдайлар әртүрлі болады: кейде сұхбат соңында рұқсат бермей қоятындар, немесе мәтінді кесіп, тек белгілі бір бөліктерін алып тастауды өтінетіндер де кездеседі. Бұл сұрақ мені де толғандырды, сондықтан тәжірибесі зор бір журналистен «Маған айтылған шындықты қалай жазып, оны басқаларға қалай дұрыс жеткізуге болады?» деп сұрадым. Ол маған бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ екенін айтты. «Бұл адам мен жағдайға байланысты шешіледі», – деді ол. Сонымен қатар, сұхбаттың артында сан түрлі оқиғалар, травмалар, эмоциялар мен кем дегенде 50 адамның ара-қатынасы жатқанын түсіну керек екенін еске салды. Сол себепті, біз мәтінді барынша сұхбат берушінің қалауына сәйкес жазуға тырысамыз. Кейбір нәрселер үшін уақыт әлі келмеген болуы мүмкін», – деп бөлісті зерттеуші.


Осының бәрін ескере отыра, Гүлназ отбасы тарихын жазғысы келетіндерге бірнеше пайдалы кеңес берді:


Шынайы қызығушылық танытып, ашық болуға тырысыңыз. Сізге әңгімесін айтып отырған адамның сөзіне сеніммен қараңыз. Мысалы, «Ой, апа, ондай болған жоқ қой» демей, қосымша сұрақтар қойып, мұқият тыңдауға тырысыңыз.


Алдын ала сұрақтарды дайындап алыңыз. Әңгіме құруды жеңілдету үшін 4-5 нақты сұрақ әзірлеп қойған дұрыс. Мысалы, «Балалық шақтың дәмі қандай?» деген сұрақ әңгімені бастауға жақсы көмектеседі.


Сұхбатқа оңай қарауға тырысыңыз. Егер апаңыз бірден жауап бермей немесе қолы босамай жатса, жабылып қалмаңыз. Барлық ақпаратты бірден біліп алудың қажеті жоқ, келесі күні қайтадан әңгіме айтуға болады. Блогерлер өз аудиториясын қалай «қыздырса», сіз де ата-әжеңізді солай дайындап, қыздырып-қызықтыруыңыз керек. Осылай ата-әжеңіз бірте-бірте ашылып, шер тарқатуға дайын болады.

Terek Story: Әулет тарихын жаңаша тану
Terek Story: Әулет тарихын жаңаша тану
Отбасы тарихын жазу барысында трансгенерациялық жарақаттар тақырыбына тап болуымыз әбден мүмкін. Бұл – бұрынғы ұрпақтардың бастан кешкен ауыр тәжірибелерінің кейінгі ұрпақтарға берілуі. Мұндай психологиялық ауыртпалықтар мен жаралар отбасылық әңгімелер, мәдениет, естеліктер немесе тіпті үнсіздік арқылы ұрпақтан ұрпаққа таралады. Олар бейсаналы түрде біздің психологиямызға әсер етуі мүмкін, өйткені ата-аналарымыздың немесе ата-әжелеріміздің бастан кешкен қиындықтары олардың өмірлік шешімдеріне және көзқарастарына ықпал еткен. Мысалы, тұрақсыздық сезімі, қорқыныш немесе кенеттен пайда болатын үрей осы жарақаттардың әсері болуы мүмкін. Менің әжем кішкентай інімді «құбыжықпен» емес, «орыс келеді» деп қорқытатын. Ол кезде бұл сөздің мағынасын толық түсінбейтінмін. Әжем «Сол кезде үйге орыс жұмысшы келіп, одан басқа ештеңе ойыма келмей, «орыс алып кетеді» дей салдым», – деп еске алады. Бірақ кейін әңгімелесіп отырғанда, бұл сөздің түп-тамыры сталиндік қуғын-сүргін жылдарында орын алған оқиғалармен байланысты екенін түсіндім. Гүлназдың айтуынша, трансгенерациялық жарақаттардың кейбір белгілері біздің күнделікті әдеттерімізде көрінуі мүмкін. Мысалы, үйге кірген бойда сырттан ешкім іште не болып жатқанын байқамасын деп, бірден перделерді жабу әдеті. Мұндай әрекеттер ата-бабаларымыздың қорқынышы мен алаңдаушылығының ұрпаққа бейсаналы түрде берілуінің көрінісі. Сондықтан отбасы тарихын зерттеу – бұл өткеннің ауыртпалығын түсініп қана қоймай, оны мойындау және жараларды емдеудің алғашқы қадамы.


Қорытындылай келе, отбасы тарихы ұрпақтар мен туыстар арасындағы үзілмейтін жіп іспетті. Оның көмегімен біз қарым-қатынасымызды нығайтып, бір-бірімізге жақындай түсеміз, әрі өзімізді де тереңірек түсіне аламыз. Отбасы тарихын жазу – бұл тек өткенді еске алу ғана емес, қазіргі өмірімізді байытып, болашаққа үміт пен жауапкершілік қалдырудың маңызды жолы. Осындай құнды істі жүзеге асырып отырған Terek Story секілді жобалардың барына шын жүректен қуаныштымын. 

M

Читать также: