ЦентрКредит Банкімен бірге
Жобамыздың алғашқы кейіпкері – ақын, жазушы, журналист және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова. Фариза Оңғарсынованың есімі бізге мектептен таныс, бірақ ақынның шығармашылығы мен өмір жолынан қаншалықты хабардармыз? Manshuq редакторы Гүлзада Ксанның қазақ қыздарының поэзиядағы орнын асқақтатып, шығармаларында әйелдердің жан дүниесін терең бейнелеген Фариза Оңғарсынова жайлы мақаласын қабыл алыңыздар.
Гүлзада Ксан
27 қараша 2024
Достарыма «Мектеп бағдарламасына енген бар-жоғы үш әйел ақын-жазушы бар екен, кім екенін табыңдаршы» дегенде барлығы дерлік Фариза Оңғарсынованың атын атады. Ал Фариза дегенде ешқайсысының есіне Фариза жазған өлең жолдары түспеді. Тек Мұқағалидің «Фариза! Фаризажан, Фариза-қыз» өлеңінің екі жолын ғана айта алды. Өте таныс жағдай. Көпке дейін мен де Фаризаны Мұқағалидің «Фариза! Фаризажан, Фариза-қыз» өлеңі арқылы танып келдім. Бірақ сіңлім Фариза оқуларына қатыса бастағанда біздің үйде Фариза Оңғарсынованың «Шілде» атты өлеңдер жинағы пайда болғантын. Жинақтағы өлеңдерін оқып отырып, «Мұндай өлең жазу үшін не ішіп, не жеу керек?» деген ойға бататын едім. Ақын Қазақстанның қай бұрышында туып өсті, мектептегі сүйікті пәні қандай болды, алғашқы өлеңін қашан жазды, Алматыға көшуге қорықпады ма және қаптаған еркектің арасында мансап құру қаншалықты қиын болды деген сұрақтар мені ізденіске итермеледі.
Фариза Оңғарсынованың қазақ қыздарына арнап жазған жырлары өте көп. Ақын композитор Ғазиза Жұбановаға «Дыбыстар әлемі» дастанын, күйші Дина Нұрпейісоваға «Күй» диптихін, әнші Бибігүл Төлегеноваға «Бибігүл-ән» жырын, Роза Бағлановаға «Назқоңыр» өлеңін, ақын Мәриям Хакімжановаға «Жыр анасы» туындысын және Әлия мен Мәншүкке «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдерін арнаған болатын.